Тәуелсіздік — 30

Ақтөбе мақтаныштары Қостанайға таныстырылды

Ә.Молдағұлованың мемориалды музейі Қостанай қаласына «Ақтөбеліктер — ұлт мақтаныштары» атты көшпелі  көрмесімен барып қайтты. Бұл шараҚР Тәуелсіздігінің  30 жылдығы және ұлы ағартушы Ы.Алтынсариннің 180 жылдығына арналды.

Ақтөбенің көрмесі Қостанай облыстық Ы.Алтынсарин мемориалдық музейіне қойылды. Аталған мемориалдық музей ғимараты Ы.Алтынсариннің сонау 1884 жылы  ашқан екі кластықескі мектеп орнында бой көтерген, ресми ашылуы 1991 жылы болды. Тәуелсіздігіміздің «төл құрдасы» болып отырған мәдени ошақтың төрінде Ақтөбе топырағында туып, әлемге аты белгілі болған ұлт зиялыларын, мерген Ә.Молдағұлованың  батырлығын дәріптейтін үлкен шара өтті.

Жылжымалы көрме апталығының ашылу салтанатында сөз алған Қостанай облыстық мәдениет басқармасының басшысы  Ерлан ҚалмақовЕлбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында  2019 жылдың қараша айындаекі музей арасында іс-тәжірибе алмасып, даңқты тұлғаларды  дәріптеу мақсатында меморандум жасалғанын айтты.

Ә.Молдағұлованың мемориалды музейінің бөлім меңгерушісі Әлия Ағниязова Ақтөбе облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Алтынай  Юнисованың, музей директоры Елена Сәрсенәліқызының құттықтауын жеткізіп, Алғыс хат, сый-сияпат тапсырды.

Сондай-ақ ашаршылық уақытында өмірінің бір бөлігін Ақтөбе жерінде өткізген Әлияның құрдасы,  Ұлы Отан соғысының ардагері, қаламгер, ақын-жырау  Қасымхан Алдабергенов  соғыстың тарихи естеліктерімен бөлісті.

«Ақтөбеліктер — ұлт мақтаныштары» көшпелі көрмесімен  музейдің ғылыми  қызметкерлері Назерке Жолдиева мен ЖанараБатырова  таныстырды.  Көрме барысында Ә.Молдағұлованың  нағашылары Әбубәкір Молдағұлов, Бисембай Хабиевтің, мерген, соғыс ардагері Л.Бакиеваның әскери киімдері, заттары, соғыс кезіндегі жәдігерлер, Әлияның хаттары мен грамотасы, ақтөбелік батырлар, облыс тарихы туралы кітаптар, буклеттер ұсынылды. Музей қорындағы  «Естелік кітап» атты деректі фильмнен үзінді көрсетілді. Батыр қыздың көзсіз ерлігі мен жауынгерлік қасиеті, Әлия музейінің құрылғаны туралы тарихи нақты деректер негізінде экскурсия жүргізді.

Б.Момышұлы атындағы №5 орта  мектебі, Арқалық қаласының жанындағы ауыл мектептері Макаренко,  Целинный, Қызыл Жұлдыз, №7,16,18, 27 мектептердің, Мариям Хакімжанова атындағы №20 мектептің оқушылары,  «Зерек» колледжінің оқушылары, Нұр-Сұлтан қаласынан келген мектеп директорлары мен мұғалімдер  көрмемен арнайы келіп танысты.

 Назерке ЖОЛДИЕВА,

Кеңес Одағының Батыры Ә.Молдағұлованың облыстық мемориалды музейінің ғылыми қызметкері.

Басқа жаңалықтар

Back to top button