Жаңалықтар

«Ұлт мүддесін қорғаған Азат»                  

С.Бәйішев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен Қазақстанның азаматтық «Азат» қозғалысына 30 жыл толуына орай «Ұлт мүддесін қорғаған Азат» атты дөңгелек үстел өтті.

Шарада Азат қозғалысының, «Алдаспан» қоғамдық-саяси ұйымының белсенділері  қозғалыстың тарихи маңызы мен оның құрылу тарихы жайында баяндады.

Дөңгелек үстелге облыстық ішкі саясат басқармасының өкілдері, студенттер мен мәдениет қызметкерлері қатысты. Сондай-ақ шарада «Тәуелсіздік — мәңгілік ел мұраты» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, арнайы бейнероликтер көрсетілді.

— Тәуелсіз ел болу идеясы 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінен кейін ұсынылды. 1990 жылы Алматы қаласында маусым айында Азат қозғалысы құрылды. Қозғалысты Михаил Есеналиев басқарды. Сондай-ақ сол жылы біздің өңірімізден «Алдаспан» атты қоғамдық-саяси ұйымы ашылды. Олардың құрамында Серік Ерғалиев, Естай Жайлыбай, Сұлтанбек Ташкенбай, Көшкінбай Ахметов бастаған азаматтар болды.1991жылы 6 сәуірде республикалық Азат қозғалысына бірікті.

Бүгін Тәуелсіздік күні қарсаңында өткен тарихымызға көз жүгіртіп, сол оқиғаларды бүгінгі жастарға баяндау мақсатында кездесіп отырмыз, — дейді Азат қозғалысының белсендісі Бекарыстан Мырзабай.

Қазақстанда Азат қозғалысының 8 мыңға жуық мүшесі болған. Олар еліміздің әлеуметтік, саяси өміріне зор үлес қосты.

Қозғалыс құрылған кезде сіздер секілді жасымыз 20-дан асқан жастар едік. Сол кездерде қазақ халқының саны аз болса да, ұлтымыз, тіліміз үшін күрестік. Өкінішке қарай, қазір өз тілін менсінбей, өзге тілде сөйлейтіндер бар.

Ол кезде мектептерді қалай қазақшаландырамыз деген сауал туындады. Сол жылдары Ақтөбе қаласында таза қазақ мектебі біреу ғана болды. 1991 жылы қазіргі №21 мектеп ашылды. Бастапқыда бала саны толмайтын болғандықтан, үйлердің есігін қағып, ата-аналарға балаларын қазақ мектебіне беруге үндедік. Нәтижесінде екі ауысымда оқитын мектеп ашылды.

Біздің ең басты мақсатымыз — Тәуелсіздік алу, тілімізді мемлекеттік тіл ретінде жариялау еді. Азаттықтардың ісі болашақ жас ұрпаққа үлгі болады деген ойдамын, — дейді Азат қозғалысының белсендісі Сұлтанбек Ташкенбай.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.   

Басқа жаңалықтар

Back to top button