Әдебиет

Көкемарал

Ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Гүлсамал Аймаханова 60 жасқа толып отыр.

Алдыңғы аға буын өкілі, белгілі ақын Есенбай Дүйсенбайұлы: «Менің түсінуімше, Гүлсамал Аймаханованың ақындық мәнер-машығына үш түрлі ерекшелік тән: бірінші — суреткерлік, екінші — шын ақиқатты шынайылықпен жеткізу, үшінші — сезім сұлулығы. Шығармашылық өнерінің бұл үш қадір-қасиеті әр өлеңінен де анық байқалып тұрады», — деп атап өтіпті. Өзінің еліне, туған жеріне, оның табиғатына деген махаббатын шынайылықпен жырға қосып келе жатқан ақынды мерейтойымен құттықтай отырып, оқырмандарымызға бір топ өлеңдерін ұсынамыз.

Көкемарал

І

Көкемарал майда лебi еседi,

Ай толқыны көл бетiнен көшедi.

Түн тоңдырып, қатуланған шеберi…

Таң демiмен сабасына түседi.

 

Түндiгiнде сам жұлдызы түрленер,

Тал-терегi өндiрдейiн бүрленер.

Сәулесiмен сиқыршыдай үрлеген…

Тiршiлiкке жан бiтiрiп, Күн келер.

 

Дала түлеп, топырағы бусанды,

Шық ойнады жазықтықта жусанды.

Елең-алаң тамылжыған құс әнi…

Табиғаттың шолпысына ұқсады.

 

Шартараптың ақжелеңi дөңгелеп,

Көркi қырдың толықсыған керемет.

Оянғанын дүниенiң дүрiлдеп,

Сезу үшiн көкiрекке көз керек!

 

ІІ

Көктем туар іңгәлап бесігінде,

Көзін ашар мүлгіген кешірім де.

Пәк нәресте талпынса жөргегінде,

Ұмытылар сейіліп өкпе мүлде.

 

Жер-Ананың тамаша көктемінде,

Өктем жүрген еске алар тәубесін де.

Көкемарал көзайым көппен күлген,

Саумал самал… нәзікен өпкенінде!

 

ІІІ

Аппақ ғалам аласұрған,

Қайда бейнең кешегi?

Жаратылыс — жұмбақ тұнған,

Қиял-ғажап ертегi!

 

Бала бұлақ еркелеген,

Сақ-сақ етiп күледi.

Жер-Ананың емiренген,

Лүп-лүп соқты жүрегi.

 

Сыр самалы — сезiм сазы…

Жазирадан есiлдi.

Жаймашуақ Көктем назы…

Дидарымнан желпiдi.

 

Табиғаттың күйсандығы,

Жыр төгетiн секiлдi.

Шырқа, биле! Көңіл разы,

Көкемарал көктемі!

 

ІV

Шашақтанып шуақ,

Бұлқынады бұлақ.

Тебiренiп тiлек,

Жалындады жүрек!

 

Таңырқатып таңым,

Жадырады жаным.

Сәулеленiп сезiм,

Күлiмдейтiн кезiм.

 

Сараланып сырым,

Жiгерлендi Жырым!

Сүйiндiрiп сәнiм,

Әлдиледi әнiм!

 

Балбыратып Бақыт,

Уылжыды Уақыт!

Шашулатып Шаттық,

Жарқылдады Жастық!

 

Көрiктенiп күндер,

Тамылжыды түндер.

Үздiктiрiп үндер,

Үлбiредi гүлдер.

 

Дүбiрлетiп думан,

Алаулады арман.

Салтанатты сайран,

Жапырағын жайған.

 

Өрекпiтiп өмiр,

Күмбiрледi көңiл.

Ардағымдай асыл,

Желбiредi жасыл!

 

…Көгілдірім көркем —

Көкемарал-Көктем!

Көкшіл-жасыл кілем —

Әп-әдемі әлем,

Қарақат көз қыздан…

Сағынышты сәлем!

 

Амандасу

 

Құшағын аңсап, сағынған,

Аман ба, шалқар адырлар?

Тамшыдан тұмар тағынған,

Есен бе, қара жаңбырлар?

Аман ба, сырлы қыраттар,

Бабалар көшін жалғаған?

Есен бе, сары бұйраттар,

Тұлпарлар құстай самғаған?

 

Аман ба ел,

— асыл жандарын

Шалғайдан шыңға шақырған…

Қарсы алып сергек таңдарын,

Қалғумен кешiн батырған?

Аман ба, құмды шағылдар,

Сайрандап, талай шарлаған?

Қиялмен көкте дамылдар,

Есен бе, жұмбақ «қар адам»?

 

Аман ба, қайран, бал арман,

Төзімін түннің талдырған?

Күн көзі күлген жанардан,

Есен бе, мұңсыз балдырған?

Аман ба, балғын, лағыл ән,

Жүректi баурап ерiткен?

Кірпігі жиi қағылған,

Аумайтын ерке елiктен.

 

Сезімнің шоғын дарытқан,

Аман ба, құрдас-құрбылар?

Алаусыз, ада жалыннан…

Нарттай от, сыр да суынар.

Сағаттың тілін бұрасам,

Сағыныш сазын тербеткен.

Ауылдың жайын сұрасам,

Айыққандаймын бір дерттен.

 

Аман ба, қырлар, адырлар…

Созылған жон-жон жоталар,

Белес те белес шағылдар,

Керілген маңғаз қырқалар?

Есен бе, туыс-бауырлар,

Ар ма екен, құлын-боталар?

Қарашығымда дамылдап,

Қарауытады Ауылдар!

 

…Нөсерлеп төккен жаңбырлар,

Тасқындап селдей, арындар.

Тоғысқан мың-сан тағдырлар,

Далалық мәңгі сарындар!

 

Бұйырым

 

Тұмшалаған таланымды талды түн,

Мың үмiтпен үкiлеген… ақты күн.

Бiр күдiктiң сейiлмей-ақ қойғаны,

Тағдырмаған бұйырта ма Бақытын?

 

Жүрегiммен көтерiп сын салмағын,

Жақсылықпен жылдарымды жалғадым.

Қызықсам да, құнықпадым арзанға,

«Тұнығынан бұйыртсын» деп адалын.

 

Қас-қағымда тұман торлап қиырды,

Құзарт шыңда бұлыңғырын иiрдi.

Сәттiлiкпен жағаласып пенделiк,

Сапарымда сыр бермеудi бұйырды.

 

«Құралайдың салқынынан» тоңбаймын,

Көз сұғынан жасқаншақ та болмаймын.

Құла түзде жазатайым дағдарсам,

Бұйра бұлтпен сәлемiмдi жолдаймын.

 

Тағдыршіркін, қияды ма жақұтын,

Бармақтай-ақ бақ бере ме, жалқы тым?

Сахарада ескен желдей тұрлаусыз,

Сусып барады уысымнан Уақытым!

 

Құмсағатпен бірге көшкен өрт шөлде,

Құбылысқа өкiнумен жүргенде…

Құдіреттің толғатады бұйрығын,

Құбыладан соққан самал өртеңде.

 

Күлімсіреп Ұлы Көште күндерiм,

Күрсiнуде Құс жолымен түндерім.

Кәдесімен еншiлеген тірлікте,

Кешірімнен үзілмейді күдерім.

 

Мәңгілікпен дөңгеленген өмірде,

Үлпершектей үлбіреген көңілде…

Еңлікгүлден бүршік жарып сезімім,

Күйге бөлер дүниені Көктемде.

 

Көздің жауын алып Жырым… жақұтым,

Асылбілес сырын шертіп уақытым,

Жаратылыс мазмұнына қанармын,

Басқа қонып, бұйыртқан Хақ… Бақытым?!

 

Рух

 

Тiршiлiктiң құпиясын ұғар кiм?

Мыңнан бiрiн бiлiп жүрген шығармын?

Жауындатып, дауылдатып бiр күнi…

Сыр бұлағын сарықпастан, тынармын.

 

Тұнық таңның шырынына құмармын,

Шығандатсын, мезi қылып, мұнар түн.

Жайып салдым жүрегiмдi құрбыға,

Жаралансам, жанның жасынбұлармын.

 

Бұл жалғанда амандасып тұрармын,

Бауыр тартса, бүйрегiмдi бұрармын.

Талайына тап келтiрсе тағдыры,

Тар қолтықта пейiлiмдi сынармын.

 

Адамдықтың хақ тауына шығармын,

Сүйiп шыңын алаулаған нұр-ардың.

Мәңгi мұздың жасқанбаймын кәрiнен,

Иiлмейтiн жасылындай шынардың.

 

Жаңылмасам құзырында тұманның,

Қидаланған күйiн құшпай құланның.

Ғадауатты ғұмыр кешсем, дариға,

Шапағаты шарпып иман-тұмардың.

 

Тауда туып, тасқа қонған ұлардың,

Көкке жуық өршілдігін бұлдар кім?

Терең сана, таза ниетқайнары—

Рух сырынан үмiттi Гүл-ұланмын!

 

Тайталас    

 

Менiң өзiм — өзiм емес,

Бос тiршiлiк қуантпаса.

Шалқыр текке кезiм емес,

Жасығанда уатпаса.

 

Бал ертегiм арзандаған,

Жатырқады Уақыт қашан?

Бiр жiбiмей Бақыт маған,

Қалай Күндей шуақ шашам?

 

Үмiтiм кiлт үркiгендей,

Заманақыр шошытады.

Сұр кешiнде күлкi келмей,

Айқараңғы тосылтады.

 

Адастым ба соқпағымнан?

Қол бұлғады Гүлдәуренiм.

Қорқамын ба заңғар құздан?

Құр төскейде жәудiредiм.

 

Таңсық па едi құлпырғаным,

Көздiң жауын алатындай…

Қызғалдағы құтымды алып,

Қырда мәңгi қалатындай.

 

Ақиқатпен асқақтаған,

Өр кез қайда жылыстады?

Тар мүйiсте жас қаптаған,

Жайбарақат тыныстадым.

 

Менiң өзiм — өзiм емес,

Жүрекке жетпес — сөзiм емес.

Жас келтiрмес — көзiм емес,

Жан толқытпас — сезiм емес.

 

Жансебiлсiз — шерiм емес,

Жанайқайсыз — кезiм емес.

Намыссыз жұрт — тегiм емес,

Сор қайнатқан — Елiм емес.

 

…Тегi, Тiрлiк — мың бiр егес

Менiң өзiм — жұмбақ елес…                         

 

Еңлікгүл

 

Жүрегім селт етпестей жалқы күндер,

Жанарым құрғамастай талқы түндер.

Жанымның жұбанышы сезіледі,

Жәудіреп, қауыз жарған нәзік гүлдер.

 

Еңлікгүл…

Күлімдеген көздерімдей,

Құмартқан сұлулыққа кездерімдей.

Елітіп, еріп шығып, шым тереңнен,

Балқытқан бойтұмарды сөздерімдей.

 

Көгілдір көкшесіндей көрік-түздің,

Уылжыр сезімдері елік-қыздың.

Үздіккен күй толқыны үндеседі,

Бүрімен үлбіреген Еңлікгүлдің.

 

Еңлікгүл…

Елжіреген еркем менің,

Сыр шертіп, көкжиекке жетеледің.

Керімсал самалымен мың бұралып,

Төрінде жайлауымның тербелесің.

 

Сәулесін сағынамын шуақ-күннің,

Жамылып жұлдыздарын жұмақ-түннің.

Тылсымы билегенде дүниенің,

Тіледім тіл қатқанын жібек-үннің.

 

Мөлт тамшы бұлағында толы қырдың,

Күн сайын Таң-Шолпанын тосып жүрмін.

Сарғайған сабағыңмен сары күзде,

Мұңайған сарыныңмен сұрша кеште…

Бейдауа үскіріктен шошындырдың.

 

Тамыры солмайтындай Еңлікгүлдің,

Тағдырлас сыңарыма теліп жүрдім.

Періште балалықтың қоштасқанын…

Жастықпен қол алысып, бір-ақ білдім.

 

Қылтиып көңілімде көктеген күн,

Балауса, толған айдай көркем едің.

Алтайы ханшайымы табиғаттың,

Мәңгілік қайырмасы Көктемдердің…

Еңлікгүл! Еңлікгүлжан! Еңлікгүлім!

 

Айналдым, Ақтөбем!

 

Жасылы жайлаудай жайнаған,

Бағында сандуғаш сайраған.

Жастықтың аялап арманын,

Жанартау жалыны қайнаған.

 

Ақтөбе —

сүйікті ақ қалам!

Айналдым,

сән-салтанатыңнан!

Мерейлі тойыңа шашуым —

Күлімде, әніме арнаған,

Ақтөбем!

 

Айнамкөз ақшаңқан үйлері,

Асқақтап аспанды сүйеді.

Жұлдыздай жарқырап даңғылдар,

Өмірдің баурайды күйлері.

 

Бесігім бөлеген Бақытқа —

Сыр шертіп керуен-уақытқа,

Батамен көркейіп дін-аман,

Сәлемдес көзайым ғасырға!

 

АқРауан

 

Бейуақ шошып,

тереземді тықылдатса сарсаң мұң,

Балғын досым,

балбыраған дидарыңды аңсадым.

Кей сауалдың

таппағанда қырық құрау астарын…

Назаланып,

тек өзіңе жүгіндім мен бал-балым!

 

Бала-бейне

көмескілеу елестейді іздері,

Түңілгенде

астамсыған кей пендеден түздегі.

Жалғыз кезсем

жапырақсыз жүдеу бақты күздегі,

Үлбіреген

қимастықты жады жібі үзбеді.

 

Сәби-сурет

сезімімнің сандығында сақталған,

Келер ме деп

тосып талай сібірлеген таңдардан,

Ой жетектеп

көлеңкеңді іздегенмін Қыраттан,

Ебелектеп

бал бұлағын белдерінен құлатқан.

 

Күндер қайда,

аптаптарға күмістейін қақталған,

Дос алдында

кінәратсыз терлеп-тепшіп ақталған,

Жартастарда

жан сырларын емін-еркін ақтарған,

Жарқабақта

арайларды «алақайлап» қарсы алған.

 

Сарылдырып

сағы сынық кертағалы төзімді,

Сағындырып

сағым қылық самалдары өзіңді,

Дәру қылып

сіміртетін сертке татыр сөзіңді,

Өрекпіген

өмір-өзен өрнектері өзгерді.

Көкседім мен

дала кезген елік-кие кездерді!

 

Шұғылалы

жұлдыздардай қанша жылдар ақты алдан?

Солғындады

шүберектей сәуірдегі саф арман.

Нысаналы

ұшар шыңға қатарласа қол созған,

Шарықтауға,

сенсіз бүгін шыдам жетпей, қар талған.

…Бастауыңа

оралсаңшы, айналайын, ақ Рауан!

Басқа жаңалықтар

Back to top button