Спорт

Нұрқанат пен Софья — әлем чемпионатының жүлдегерлері

Біріккен Араб Әмірліктерінің Дубай қаласында каратэден әлем чемпионаты аяқталды. Ұлттық құрама сапында өнер көрсеткен жерлесіміз Нұрқанат Әжіқанов осы біріншілікте қола жүлдегер атанды.

Нұрқанат 75 кг салмақ дәрежесінде өнер көрсетті. Алғашқы төрт айналымнан сәтті өткен ол ширек финалда египеттік АбдаллаАбдалазизден ұтылып қалды. Кейін осы қарсыласы финалға жолдама алғандықтан, Нұрқанат жұбаныш жекпе-жегіне шығу мүмкіндігіне ие болды. Жұбаныш жекпе-жегінде біздің жерлесіміз венгр ГаборГарспатакиді 5-3 есебімен жеңді. Ал қола үшін таласты бельгиялық ГуентинМахауденмен өткізді. Нұрқанат бұл жекпе-жекте 3:0 есебімен жеңіске жетті.

Нұрқанат — Халид Халитов, Дархан Асаділ, Әлібек Преновтерден кейін ерлер арасында әлем чемпионатында жүлде алған төртінші қазақ каратэшісі.

Сондай-ақ осы чемпионатта Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Софья Берульцова да (68 кг) қола медаль алды. Жалпы, чемпионатқа 117 мемлекеттен 1054 каратэші қатысқан.

Чемпионаттың соңғы күнінде командалық жарыс өтті. Бұл сында да Қазақстанның ұлттық құрамасы Түркиядан басым түсіп, қола медаль иегері атанды. Түркиялық каратэшілермен жекпе-жекте Данияр Юлдашев, Нұрқанат Әжіқанов және Нұрнияз Елдашев жеңіске жетті. Ал Игорь Чихмарев тең түссе, Бейбарыс Жаңбырбай 1:2 есебімен жеңілді. Сөйтіп, қорытынды есеп 3:1 болды. Бұл — ұлттық құраманың командалық сындағы ең алғашқы жүлдесі, яғни тарихи жүлде.Командалық сында бірінші орынды — Италия, ал екінші орынды Сербия иеленді және Қазақстанмен бірге Әзірбайжан да қола медаль алды.

Айна САРЫБАЙ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button