Жаңалықтар

«Pfizer» вакцинасымен егілу басталды

Ақтөбеге «Pfizer» вакцинасының алғашқы 40 мың дозасы жеткізілді. Жалпы алғанда облысқа 93 мың доза әкелінетін болады. 22 қарашадан бастап аталған вакцина медициналық ұйымдарға таратылып, егу жұмыстары басталып кетті. «Pfizer» вакцинасы 12-17 жастағы жасөспірімдерге, 16-37 апта арасындағы жүкті әйелдер мен емізулі әйелдерге беріледі.

Бұл туралы «Вакцинация мен КВИ бойынша ағымдағы жағдай туралы» тікелей эфир барысында облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Мұхтар Сербаев пен облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бекболат Ізбасаров айтты.

Мұхтар Сербаевтың айтуынша, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының қорытындысы бойынша, «Pfizer» вакцинасы — балаларға қолдануға болатын ең сапалы және қауіпсіз вакцина.

Балаға вакцина салдыру-салдырмау — әр ата-ананың құқы, яғни егу тек ата-аналардың келісімімен ғана жүргізіледі. Вакцина салдырмаған жасөспірімдермектепке бара береді, оларға ешқандай тыйым салынып отырған жоқ, —  деді М.Сербаев.

Оның айтуынша, бүгінге дейін облыста КВИ-мен ауырған 34767жағдай тіркелген, оның ішінде 76,4 пайызы ауру белгілерімен (26578) және 23,5% пайызы симптомсыз (8189) жағдай. 34122 (98,1%) науқас жазылып шықты.

​​​Қазіргі таңда үй карантиніне 7909адам алынып, оларға медициналық бақылау жүргізілуде.21 қарашада бір тәулікте КВИ-мен ауырған 18 жағдай тіркелді, оның  ішінде  ауру симптомдары бар – 15, симптомсыз – 3. Аурушаңдықтың   өсу  деңгейі 0,1 пайызды құрайды.

Ересектер арасында барлығы 14 жағдай, 14 жасқа дейінгі балалар арасында 1 жағдай тіркеліп отыр. Ауру кісілермен байланыста болған 17 адам анықталып, оқшауланды.

Тәулік ішінде вирус анықталмаған пневмонияның 11 жаңа жағдайы тіркелді. Оның 10-ы — Ақтөбе қаласында және 1-еуі — Темір ауданында.  Оқушылар арасында барлығы 990 жағдай тіркеліп отыр, тәулік ішінде бір жағдай тіркелді. Студенттер арасында 41 жағдай, балабақшаға баратын балалар арасында барлығы 203 жағдай, мұғалімдер арасында барлығы 116 жағдай тіркеліп отыр.

76 инфекция ошағы тіркелді, оның 35-і — үйлерде, 41-і — ұйымдастырылғанұжымдарда, 4-еуі — медициналық ұйымдарда, — деді ол.

Облыс бүгінде жасыл аймақта. Алайда аурудың ушығып кету қаупі бар. М.Сербаевтың айтуынша, соңғы күндері коронавирустың репродуктивті өсімі байқалады.

— Бүгінде аурудың өршуі 1 пайызға жақындап қалды. Оған жететін болса, эпидемиологиялық жағдай өршуі мүмкін. Сондықтан қарапайым қорғану шараларын ескеруді сұраймыз. Себебі көршілес Ресейде, Еуропада, Америкада жағдайдың қайтадан ушығып отырғанын көріп отырмыз. Тіпті кейбір елдерде карантиндік шаралар, локдаун қайтадан қолға алынып жатыр. Сондықтан бетперде киюге, арақашықтықты сақтауға, дезинфекциялық заттарды қолдануға,вакцина алуға шақырамын, — деді ол.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасарыБекболат Ізбасаровтың айтуынша, бүгінде облыстағы инфекциялық ауруханаларда 147 адам ем алып жатыр. Жансақтау бөлімшесінде 16 науқас бар. Екі науқас өкпені жасанды желдету аппаратына, алты науқас өкпені инвазивті емес желдету аппаратына қосылған.

— Қазіргі кезде 24 бала бақылауда. Екі жүкті әйел стационарлық ем алуда. Карантиндік стационарларда 3 адам бақылауда, оның екеуі Мәртөк, біреуі Қарғалы ауданында.Инфекциялық кереуеттер жүктемесі — 41,4 пайыз. Реанимациялық кереуеттер жүктемесі — 29 пайыз. Жалпы, пандемия басталғалы 1миллионнан астам ПТР-тестілеу жүргізілген болатын, соңғы тәулік ішінде 548 тест жүргізілді, — деді Бекболат Ізбасаров.

Облыс бойынша вакцинаның бірінші компонентімен 348898 адам, екінші компонентімен 323 888 адам егілген.

— Облысқа «Pfizer» вакцинасының алғашқы 40 мың дозасы жеткізілді. Жалпы алғанда облысқа 93 мың доза әкелінетін болады. Сонымен бірге өңірде ревакцинация басталды. Бас санитарлық дәрігердің қаулысы бойынша, ең алдымен медициналық қызметкерлер, педагогтер және құқық қорғау органдары қызметкерлері, әлеуметтік ұйымдар контингенттері, 60 жастан жоғарылар мен иммунитеті әлсіреген кісілердің барлығы ревакцинация алуға құқылы. Векторлық вакцина алғандар 9 айдан кейін, ал егер инактивті вакцина алғандар 6 айдан кейін қайтадан вакцина алуына болады. Ревакцинация кезінде тек бір ғана доза егілетінболады, — деді ол.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button