Білім

Жастар мәселесі талқыланды

Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ләззат Оразбаева жоғары оқу орындарының басшыларымен кездесті. Жиын барысында  білім сапасын арттыру, жастарды тәрбиелеу, жас ғалымдар кеңестері төңірегінде мәселелер қозғалды.

Алдымен Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің әлеуметтік және тәрбие жұмыстары жөніндегі проректоры Е.Мұханбетқалиев аталған оқу орнында жүргізіліп жатқан оқу және тәрбие жұмыстары туралы баяндады.

Оның айтуынша, университетте ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген кемел болашақты тәрбиелеу бағытында тәрбие жұмыстары, цифрландыру, жастардың белсенділігін арттыру сынды бірнеше бағыт бойынша жұмыстар атқарылып келеді. Проректор оқу орнындағы студенттік парламент, «SMARТ ASU»«PROACTIVE academy»жобалары, «Жасыл ел» қозғалысы, коворкинг орталығы жұмысы, әлеуметтік желілерді пайдалану, жастарға мотивация беру секілді түрлі бағыттарда жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтты. Бүгінде аталған оқу орнында 10 мыңнан астам студент күндізгі бөлімде оқып жатыр. Е.Мұханбетқалиевтің айтуынша, олардың 30 пайызы қоғамдық шараларға белсене араласады, 30 пайызы мүлде енжар, ештеңеге араласқысы келмейді. Басқарма басшысы жастардың белсенділігіне қатысты сараптама жасап, енжар студенттермен жұмыс жасау керектігін тілге тиек етті.

Сонымен бірге Л.Оразбаева «Серпін» жобасы аясында білім алған студенттердің осы жерде тұрақтап жұмыс істеуіне қатысты мәселелерге қатысты пікірін білдірді:

— Облыста «Серпін» жобасы бойынша 203 адам оқыған, оның 66-сы магистратурада білімін жалғастырса, 50-ден астамы жұмыс істеп жатыр. Сонда қалған түлектеріміз қайда кетті? Біз жастарға «Серпін» арқылы оқуға мүмкіндік бере отырып, басқа балалардың гранттарын алып қойып отырған жоқпыз ба? Болашақта осы мәселені сараптап, құзырлы министрлікпен бірге жұмыс істеукерек деп ойлаймын, — деді басқарма басшысы.

М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің оқу және тәрбие жұмыстары бойынша проректоры Э.Исмагулова оқу орнында жұмыс үш бағытта — білім, ғылым және клиника бағытында жүргізіліп жатқанын, білім беру саласында 35 бағыт бойынша 5300 студент оқитынын, университет жетістіктерін айтып өтті.

— Бүгінде Жұбанов университетімен бірлесіп ІТ-медицина, медициналық психология бағытында, Әуе қорғанысы күштері әскери институтымен бірлесіп әскери медицина мамандарын даярлау бағытында жобалар жасалды. Резидентурада сот медицинасы, магистратурада биоинженерия секілді жаңа білім беру бағдарламалары қолға алынды. Әлемдегі пандемияға байланысты реабилитология, спорттық медицина, пульмология секілді бағыттарға да баса мәнберіліп отыр, — дей келе университет өкілі смарт-білім, академиялық ұтқырлық, шетелдік жоғару оқу орындарымен арадағы интеграция, ЖОО-дан кейінгі білім беру, жастар арасында волонтерлік қозғалыстарды белсендіру, «Жас маман» жобасы, дуалды оқыту секілді мәселелерге тоқталды.

Жиын барысында басқа да оқу орындарының басшылары сөз сөйледі.

Жоғары оқу орындарының қазіргі ахуалы мен 2022 жылға жоспары, «Жас ғалымдар» кеңесінің жұмысы және жастар ісі жөніндегі комитеттің жұмыстарын тыңдаған Л.Оразбаева жастарды қолдауға арналған мемлекеттік бағдарламаларды бірлесе жүзеге асыруға қатысты ұсыныстарын айтты.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button