Спорт

Алғашқы ондық анықталды

Футбол

Сонымен, 2022 жылғы Әлем чемпионатының жолдамасы үшін Еуропа аймағы бойынша өткізілген топтық кезеңнің ойындары аяқталды.

Келесі жылы Катар мемлекетіне баратын еуропалық алғашқы 10 команда анықталды. Олар — өз тобында бірінші орынға шыққандар.

Ал екінші орынды иеленгендер енді қосымша кезең ойындарында бақ сынайды.

Біздің Қазақстан ұлттық құрамасына, әрине, бұл маңызды жолдама да немесе екінші орын да бұйырған жоқ. Бұйыруы мүмкін де емес екенін осы кезеңнің ойындары басталар алдында жазған да болатынбыз, жанкүйерлердің де мұндай табысқа иектері қышымаған еді.

*   *   *

Біздің жігіттеріміз сынға түскен «D» тобында бірінші орынға күткендегідей Франция құрамасы шықты — 18 ұпай. Ал екінші орынды болжам бойынша Украина еш қиындықсыз иеленуі керек еді. Рас, иеленді де. Дегенмен қатарынан бес рет тең ойнауы украиндықтарды біраз әбіржітті. Дегенмен бұлар соңғы кездесулерде жан сала қимылдап, нәтижеде Финляндиядан бір ұпай артық  (12 ұпай) жинады. Сөйтіп, Финляндия (11 ұпай), Босния мен Герцеговина (7 ұпай), Қазақстан (3 ұпай) келесі жылдарғы додаларға үміт артып қала берді.

Өзімізге келсек, Қазақстан 8 ойын өткізіп, 3 рет тең ойнады, 5 рет ұтылды. Қарсыластар қақпасына 5 гол соғып, өз қақпамызға 20 гол өтізіп алдық. Соның ішінде соңғы кездесуде қақпамызға Франция құрамасының 8 гол соғуы біраз әңгімеге жүк болды.

Енді басқа топтардың нәтижелеріне көз жүгіртейік.

*   *   *

«А» тобы жанкүйерлерге сенсация сыйлады. Атақты Криштиану Роналду ойнақтаған Португалия құрамасының финалдық кезеңге бірден шығатындығына күмән жоқ секілді еді. Бірақ олай болмады. Соңғы турда Сербия құрамасын қабылдаған алаң иелеріне тең ойын да жеткілікті болатын. Дегенмен қарсыластар қақпасына бір доп соққанымен өз қақпасына екі гол жіберіп алған Португалия екінші орынды қанағат тұтуға мәжбүр болды. Ең өкініштісі сол португалдардың қақпасына жеңіс голын сербиялық Александар Митрович ең ақырғы 90-минутта соғып кетті. Топтық толық нәтиже: Сербия — 20 ұпай; Португалия — 17 ұпай; Ирландия мен Люксембург — 9 ұпайдан; Әзірбайжан — 1 ұпай.

*   *   *

«В» тобында бірінші орынға шығу Испанияға оңайға түскен жоқ. Өйткені топтық кезеңнің аяқталуына екі тур қалғанда Швеция бұлардың алдында тұрған. Дегенмен соңғы екі ойында әуелі грузиндерден, сосын испандардан жеңілген Швеция екінші орынға түсіп қалды: Испания — 19 ұпай; Швеция — 15 ұпай; Грекия — 10 ұпай; Грузия — 7 ұпай; Косово — 5 ұпай.

*   *   *

Тағы бір сенсация«C» тобында орын алды. Қазіргі Әлем чемпионы Италия соңғы турға дейін басымдыққа ие болып келді де, ақырғы кездесуде Солтүстік Ирландия құрамасымен тең ойнағандағының салдарынан алдына Швейцария құрамасын жіберіп алды: Швейцария — 18 ұпай; Италия — 16 ұпай; Солтүстік Ирландия — 9 ұпай; Болгария — 8 ұпай; Литва — 3 ұпай.

*   *   *

«Е» тобында Бельгия айқын басымдықпен алға шықты. Оның есесіне екінші орын үшін Уэльс пен Чехия мықтап шайқасты. Әйтсе де әйгілі Гарет Бейлдің командасысәл мығымдық көрсетіп, чехтардан бір ұпай артық жинады: Бельгия — 20 ұпай; Уэльс — 15 ұпай; Чехия — 14 ұпай; Эстония — 4 ұпай; Беларусь — 3 ұпай.

*   *   *

«F» тобына түскен Дания құрамасы шашасына шаң тигізбеді деуге де лайық болды. 10 кездесудің 9-ында жеңіске жеткен олар 8 кездесуде қақпасына еш гол енгізбеді. Яғни бұлар 2020 жылғы Еуропа чемпионатында жартылай финалға дейін бекерге жетпегенін толық дәлелдеді. Даниялықтар тек екінші орын алған Шотландиядан ғана жеңілді: Дания — 27 ұпай; Шотландия — 23 ұпай; Израиль мен Австрия — 16 ұпайдан; Фарер аралдары — 4 ұпай; Молдавия — 1 ұпай.

*   *   *

«G» тобында бұдан төрт жыл бұрынғы осындай финалдық додаға іліге алмаған Нидерланды бірінші орынға шықты. Ал 2020 жылғы Еуропа чемпионатында сәтсіз ойнаған Түркия құрамасы екінші орынды иемденді. Соңғы сәттерге дейін соншама тырмыса ойнаған Норвегия бәрібір ештеңеге іліге алмады. Нидерланды — 23 ұпай; Түркия — 21 ұпай; Норвегия — 18 ұпай; Черногория — 12 ұпай; Латвия — 9 ұпай; Гибралтр — 0.

*   *   *

«Н» тобында соңғы ойынға дейін Хорватия мен Ресей үзеңгі қағыстырып келді. Дегенмен ақырғы кездесуде тең ойын да қанағаттандыратын Ресей жеңілді де қалды, 81-минутта Федор Кудряшов өз қақпасына өзі гол соғып алды, сөйтіп, орыстар екінші орынға ығысты. Дегенмен бұл кездесуде хорваттар әлдеқайда басым болғаны және шындық: Хорватия — 23 ұпай; Ресей — 22 ұпай; Словакия мен Словения — 14 ұпайдан; Кипр мен Мальта — 4 ұпайдан жинады.

*   *   *

«I» тобында қазіргі Еуропа чемпионы Англияның жеңімпаз болуы күткен де нәтиже болатын. Ал екінші орынға байырғы Роберт Левандовский тамаша өнер көрсеткен Польша құрамасы шықты.Дегенмен 2020 жылғы Еуропа чемпионатында фаворит командалармен тамаша текетірескен Венгрияның олжасыз қалуы, әрине, өкінішті жай болды: Англия — 26 ұпай; Польша — 20 ұпай; Албания — 18 ұпай; Венгрия — 17 ұпай; Андорра — 6 ұпай; Сан-Марино — 0.

*   *   *

«J» тобында бірінші орын алған Германия барша кездесулерде Дания құрамасы тәрізді бір рет қана ұтылды. Ал екінші орын алған, Әлем чемпионатына қатысудан дәмесі үзіле қоймаған Солтүстік Македония 2020 жылғы Еуропа чемпионатында да ойнағаны мәлім: Германия — 27 ұпай; Солтүстік Македония — 18 ұпай; Румыния — 17 ұпай; Армения — 12 ұпай; Исландия — 9 ұпай; Лихтенштейн — 1 ұпай.

*   *   *

Осылайша әзірге Еуропа кеңістігінен 2022 жылғы Әлем чемпионатына қатысатын 10 команда анықталды:

Сербия, Испания, Швейцария, Франция, Бельгия, Дания, Нидерланды, Хорватия, Англия, Германия.

Ал екінші орын алған төмендегі командалар қосымша ойындарда одан әрі бақ сынасады:

Португалия, Швеция, Италия, Украина, Уэльс, Шотландия, Түркия, Ресей, Польша, Солтүстік Македония.

Бұларға Ұлттар Лигасынан екі құрама (Австрия, Чехия) қосылады. Солайша енді берілетін 3 жолдамаға 12 құрама таласады.

Е.АХАТҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button