Жаңалықтар

Үкіметтік емес ұйымдар: 30 жылдық белес

Ақтөбе қаласында «Қоғам және мемлекеттің тұрақты даму мүддесіндегі серіктестіктің 30 жылы» атты облыстық конференция өтті. Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында ұйымдастырылған жиын үкіметтік емес ұйымдарға арналды. Оған атқарушы билік пен түрлі орталықтардың өкілдері, сондай-ақ журналистер жиналды.

Сала бойынша бүгінге дейін атқарылған шаруалар қорытындыланып, өзара ұсыныс-тілектер сараланған басқосуда үкіметтік емес ұйымдардың жетістіктері қамтылған көшпелі көрме ұсынылды, осы тақырыпта бейнеролик көрсетілді. Бірінші боп сөз алған облыс әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова қатысушыларды алдымен атаулы датамен құттықтап, ел тәуелсіздігін нығайтуда үкіметтік емес ұйымдардың рөлі зор екенін атап өтті:

— Өңірде 400-ден астам үкіметтік емес ұйым бар.  Бұлардың өңірдің дамуына, қоғамдық өмірдегі орны ерекше. Осы орайда облыс басшылығы атынан барлығыңызға алғысымды білдіргім келеді, — деді.

Артынша бірқатар белсенді ұйымдардың дамуы, отбасы институтын көтерудегі қоғамдық бірлестіктің маңызы, ауылдық жерлердегі орталықтардың аяқ алысы, әлеуметтік кәсіпкерлік, т.б. тақырыптар бойынша баяндама жасады.

Үш сағатқа созылған конференция барысында бірқатар мемлекеттік мекеме басшылары үкіметтік емес ұйымдардың өкілдеріне жылы лебізін білдіріп, Алғыс хатын табыстады.

Сондай-ақ 25-26 қараша күндері Алматы қаласында өтетін «Қоғам мен мемлекеттің тұрақты дамуы мүддесіндегі әріптестіктің 30 жылдығы» тақырыбында Қазақстанның Х Азаматтық форумына облысымыздың атынан қатысатын делегаттардың құрамы бекітілді. Өзара келісім бойынша аталған шараға өңірден 5 адам қатысатын болды.

Жиында мәселелер де көтерілді. Атап айтсақ, жиналғандар үкіметтік емес ұйымдардың өкілдеріне басыбайлы ғимараттың керектігін, бұның 20 жылдан бері айтылып келе жатқанын тілге тиек етті. Ұйымдастырушылар осы салада іскерлігімен көріне білген марқұмдарды да ұмытпай, оларды бір минут үнсіздікпен еске алды.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button