Тәуелсіздік — 30

Елмен бірге өркендеген отбасылар

«Анаға тағзым» орталығында ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Алтын шаңырақ» атты кездесу өтті.

Шараға 1991 жылы шаңырақ құрған үлгілі, көпбалалы, әртүрлі салада жетістіктерге жеткен Ақтөбе қаласынан және облыс аудандарынан 13 отбасы қатысты.

Отбасылар дастарқан басында кездесіп, емен-жарқын әңгімелесті.

Қоғамда отбасы құндылықтарын кеңінен насихаттау және отбасы институтын нығайту мақсатында ұйымдастырылған кездесуді облыстық ішкі саясат басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы негізінде облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссиясы және «Қазақстан жастары Фракциясы» қоғамдық бірлестігі өткізді.

Кездесу барысында отбасыларды облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Маржан Қорғанбаева құттықтап, жылы лебізін білдірді.

—  Сіздер Тәуелсіздік алған жылы отбасын құрып қана қоймай, еліміздің өркендеуіне өзіндік үлес қосып келе жатырсыздар. Бәріміз де жас маман болдық. Қиын кезеңдерде балаларыңызды өсіріп, жетілдірдіңіздер. Бүгінде осы жастар еліміздің болашағы.

Тәуелсіздікпен бірге еліміз көптеген жетістіктерге жетті. Жылдан-жылға экономикамыз дамып, халқымыздың әл-ауқаты жақсарды. 

«Отан — отбасынан басталады». Отбасы — мемлекеттің мызғымас берік болуының негізі. Бүгінгі кеште әр отбасына амандық, шадыман шаттық, құт-береке тілеймін, — деп, облыс әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінованың атынан Құттықтау хат пен сыйлықтар тарту етті.

Марапат иелерінің бірі Қарғалы ауданындағы Қосестек ауылынан келген Әбіловтер отбасы.

— Егемендік алған жылы, әсіресе ауылдық жерлерде қиындықтар көп болды. Айлық кешіктіріліп, азық-түлік қымбаттады. Жарық, көгілдір отын болмады. Отбасылық өмірде ерлі-зайыптылар бір-біріне үнемі қолдау көрсетіп отырса, шаңырақтың берекесі артатыны сөзсіз.

Биыл ел Тәуелсіздігімен қатар, отбасын құрғанымызға да 30 жыл толып отыр. 5 бала тәрбиелеп өсірдік. Бүгінде балаларымыз әр салада жемісті қызмет атқаруда. Өзім Қосестек орта мектебінде музыка пәнінің мұғалімімін. Өмірлік жарым Гүлнәр Серікбайқызы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Биыл педагогикалық қызметте келе жатырғанымызға да 30 жыл. Бүгінгі шараға құрметті қонақ ретінде шақырып, сый-сияпат білдіріп жатқан ұйымдастырушыларға рақметімізді айтамыз, — дейді Әлімжан Әбілов.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button