Жаңалықтар

Зейнетақы қоры: жаңа модуль және сапалы қызмет

Семинар

Кеше Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры журналистерге арнап онлайн форматта семинар өткізді.

Семинар барысында Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының басқарушы директоры, Нұр-Сұлтан қалалық филиалының директоры М.Шәріпов, қордың актуарлық есептеулер бөлімінің басшысы А.Сапин, бақылау және құжаттарды өңдеу басқармасының бас маманы О.Есжанов, төлемдерді ұйымдастыру және хабарландыру департаментінің бас маманы Г.Ағайдарова, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры Түркістан қалалық филиалының директоры Қ.Кенбаев, т.б. мамандар БАҚ өкілдеріне қордың жұмысы мен қол жеткізген жетістіктері туралы баяндап, таныстырылым жасады.

  • Міне, биыл алтыншы жыл қатарынан Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры ақпараттық-түсіндіру жұмысын жүргізу шеңберінде қаржы журналистикасы мектебінің курсын өткізіп келеді. Бұл курста халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру, қор қызметі, зейнетақы жүйесі және зейнетақы заңнамасындағы өзгерістерді насихаттау, дербес зейнетақы жинақтарын қалыптастыру, зейнетақы активтерін басқару, тағы басқа жұмыстардың нәтижелері туралы жан-жақты баяндалады. Биыл пандемия жағдайына байланысты курс онлайн форматта өткізіліп жатыр. Дегенмен қор сарапшылары журналистерге қазақ және орыс тілдерінде шеберлік сабақтарын өткізіп, қатысушыларға түрлі тақырыптар бойынша оқыту модульдерін ұсынады, — дейді М.Шәріпов.

Айта кету керек, семинар барысында қор мамандары ҚР Ұлттық Банкімен бірлесіп әзірленген зейнетақы активтерін басқару жөніндегі модульді таныстырып, еліміздің қазіргі демографиялық ахуалына тоқталды. Мысалы, биылғы жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша еліміздегі жалпы халық санының (18 879 552) 42 пайызы 0-24 жас аралығындағылар болса, 46 пайызы — 25-59 жастағы азаматтар, ал 12 пайызы — зейнет жасына толғандар, яғни жасы 60-тан жоғарылар.

Президенттің биылғы зейнетақы жинағының бір бөлігін нысаналы мақсаттарға пайдалануға мүмкіндік жасау туралы тапсырмасынан кейін осы азаматтардың ішінде 486 033 адам тұрғын үй алуға, 59 551 тұрғын емдеу ақысын төлеуге өтініш жазған. Тұрғындар ең көп өтініш жазған өңір — Алматы облысы. Одан кейінгі орындарда — Маңғыстау облысы мен Нұр-Сұлтан қаласы.

Семинарда мамандар Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры салымшыларға сапалы қызмет көрсетіп, жеке зейнетақы шоттарындағы қаржының жай-күйі туралы толық ақпарат беріп, уақытты неғұрлым үнемді пайдалануға барынша жағдай жасап жатқандығын жеткізді.

Шара соңында журналистердің сауалдарына жауап берілді.

Д.ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button