Жаңалықтар

 «Orda» жинағы балаларға жол тартты

С.Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасында «OrdaGen» әлеуметтік-танымдық жобасы аясында жарық көрген «Orda» ертегілер жинағының тұсаукесері өтті.

Шараға облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Бертілеуова,  облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Мәншүк Балмағамбетова, ардагер, журналист Арыстан Айымбетов, «OrdaGen» жобасының жетекшісі Парасат Танен, жобаның Ақтөбе қаласы бойынша филиал директоры Гүлназ Берікова, сондай-ақ кітапхана оқырмандары мен студенттер қатысты.

«OrdaGen» жобасы 2018 жылы қолға алынған. Содан бері жоба аясында мыңға жуық заманауи ертегі жазылып, әр ертегінің аудионұсқасы дайындалған. Үш түрлі тақырыпта қысқаметражды мультфильм түсіріліп, «OrdaGen» мобильді қосымшасы да қолданысқа енгізілген. Қазіргі таңда балалар аталған қосымшадан ертегілерді оқып, мульфильмдерді көре алады.

Шарада сөз сөйлеген облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Мәншүк Балмағамбетова «OrdaGen» сияқты жобалардың балалардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыратынын, қазақ тіліндегі ертегілердің жас ұрпаққа берер тәлім-тәрбиесі мол екенін айта келе, жиналғандарды жаңа жинақтың жарыққа шығуымен құттықтады.

Бұдан кейін «OrdaGen» жобасының жетекшісі Парасат Танен оқырмандарға жоба жайында айтып берді.

Біздің бұл жобаны қолға алғандағы мақсатымыз — балаларға ұлттық мәдениетімізді насихаттау, қазақ тіліндегі ертегілер қорын арттыру, ұлттық тәлім-тәрбие беру. Біз мұнымен тоқтамаймыз. Алдағы уақытта да бүлдіршіндерімізге танымды дүниелер ұсынамыз. Міне, «OrdaGen» жобасы биыл ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай бірқатар өңірлерде өз оқырмандарымен қауышып отыр. Бұған дейін Нұр-Сұлтан, Алматы, Түркістан, Шымкент қалаларында осындай кездесулер өтті. Бүгін, міне, ақтөбелік оқырмандармен де кездесіп, жаңа жинақтың тұсаукесерін өткізіп отырмыз, — деді ол.

Шара барысында «Оrda» ертегілер жинағының тұсауы кесілді. Лента қию рәсімін ардагер, журналист Арыстан Айымбетов пен Ақтөбе қалалық мәслихатының депутаты Мира Балтымова жасады. Сондай-ақ облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Мәншүк Балмағамбетова мен облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Бертілеуова «Берке аю» аталатын кітаптың тұсауын кесті.

Кеште кітапхана қызметкерлері мен оқырмандар «Оrda» жинағынан «Сөз қадірін білмеген», «Ерке ханшайым» ертегілерін сахналаса, «Ақ қауырсын» клубының жас таланттары арнау өлеңдерін оқыды.

Шара соңында кітапхана директоры Гүлжайнар Қалдина жоба авторларына алғысын білдіріп, Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармония әншісі Лаура Таусарова мен кітапхананың белсенді оқырманы Сүндет Серікқалиев әннен шашу шашты.

Айта кету керек, аталған еңбекті кез келген оқырман облыстық жасөспірімдер кітапханасынан оқи алады.

 Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button