Жаңалықтар

Қаржыгерлерді құттықтады

Облыстық мәслихат депутаттары қаржы саласының бір топ қызметкерін кәсіби мерекелерімен құттықтады.

Бұл күні мәслихаттың мәжіліс залына облыстық қаржы, сондай-ақ экономика және бюджеттік жоспарлау басқармаларыныңбасшылары және жиырмаға жуық маманы жиналды.

Шақырылғандарды Қаржыгерлер күні мерекесімен құттықтаған облыстық мәслихат хатшысы Амангелді Нұғманов:

— Сауатты жоспарлау, ақша ресурстарын бөлу, оларды жұмсау тиімділігін басқару, барлық деңгейдегі бюджеттер үшін кіріс көздерін дамыту — қаржыгерлердің міндеті. Десек те уақыт сіздердің бұл тапсырманы өте жақсы орындағандарыңызды көрсетті. Жоғары кәсібилік, сауаттылық, жауапкершілік әрқашан еліміздің қаржы қызметкерлерін ерекшелендіреді, — деді.

Сондай-ақ облыстық мәслихаттың депутаттық корпусы атынан қаржы саласының қызметкерлерін облыстық мәслихаттың депутаты Естай Сисенбаев құттықтады. Ол баршаға Қазақстанның өркендеуі жолында қажымас қайрат пен шығармашылық табыс тіледі.

Салтанатты рәсім барысында облыстық қаржы, экономика және бюджеттік жоспарлау басқармалары мамандарына Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттар табыс етілді. Облыстық мәслихаттың Құрмет грамоталарымен облыстық мәслихаттың депутаты, «ҚазАгро» Ұлттық басқарушы холдингінің «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» облыстық филиалының директоры Гүлжанат Ерғазина, облыстық мәслихаттың депутаты, «Банк Центр Кредит» АҚ филиалының директоры Әсел Шүңкеева, облыстық мәслихаттың депутаты, «Еуразиялық банк» АҚ филиалының директоры Әсия Құлдыбаева марапатталды.

Облыстық экономика және қаржы басқармаларының басшылары өз қызметкерлерінің атынан облыстық мәслихат аппараты мен депутаттарға алғыстарын білдіріп, облыс қаржыгерлері алдағы уақытта да өз міндеттерін адал атқаратынына сендірді.

Естеріңізге сала кетейік, 1993 жылғы 15 қарашада Қазақстанда ұлттық валютамыз — теңге қолданысқа енгізілді. 1994 жылы осы күні қаржы саласының барлық қызметкерлері өздерінің кәсіби мерекелерін алғаш рет атап өтті.

 Облыстық мәслихаттың баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button