Жаңалықтар

Қаламгерге құрмет

Кеше көрнекті жазушы, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Мәди Айымбетовтің мерейлі 75 жасқа толуына орай облыс әкімі Оңдасын Оразалин жазушы мен оның зайыбы Роза Алпысбайқызын қабылдап, құрмет көрсетті. Сондай-ақ Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің «Мәңгілік ел» залында зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен дөңгелек үстел өтіп, қаламгердің «Бопай ханым» кітабының тұсауы кесілді.

Шараны жүргізген Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Айбек Көпенов қаламгердің өмір жолында және шығармашылықта қол жеткізген жетістіктерін, әдебиетке қосқан үлесін айта келе, Мәди Айтбенбетұлын мерейлі жасымен құттықтап, жүрекжарды лебізін білдірді.

Бұдан кейін шарада философия ғылымдарының докторы, профессор Алтай Тайжанов

жазушының шығармашылығы, оның ішінде бес томдық шығармалары хақында баяндама жасап, жаңадан жарыққа шыққан «Бопай ханым» кітабындағы басты кейіпкердің тарихтағы рөліне ерекше тоқталып өтті.

Дөңгелек үстелде «Бейбітшілік және келісім кеңесі» облыстық филиалының төрағасы Келдібай Еспағанбетов сөз сөйлеп, жазушымен бір сыныпта оқығанын, араларындағы достықтың әлі күнге дейін үзілмей келе жатқанын айтып, қаламгерді жаңа туындысының жарыққа шығуымен құттықтады.

Шарада ҚР Журналистер одағы облыстық филиалының төрағасы, «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншин Мәди Айтбенбетұлы тек жазушы ғана емес, мемлекеттік қызметте де көп жыл қажырлы еңбек еткенін, кезінде Сенат аппаратының редакциялық баспа бөлімінің басшысы қызметін атқарғанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлымен қызметтес болғанын атап өтті.

Мәкеңнің шығармашылығы, әлемі жайлы академик Зейнолла Қабдолов: «…Әсіресе оның ел суреттерін қаламына қазық, қиялына азық етуі кім-кімді де тәнті етеді…» — деген ұлағатты пікір айтқан болатын. Шынында да, бұл кісі өзінің қаламгерлік жолында тарих беттерін қайта ақтарып, туған жердің, өскен өңір­дің қарапайым еңбек адамдарының өмірі жайында керемет туындылар жазды. Сондықтан ағамызға алдағы уақытта да өміршең туындылары көп болсын деген тілек білдіреміз.

Сізді мерейлі жасыңызбен құттықтай отырып, деніңізге саулық, шығармашылық табыстар тілейміз, — деген ол, мерейтой иесіне І дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгісін табыстап, сый-құрмет көрсетті.

Бұдан кейін ҚР Жазушылар одағы облыстық филиалының төрағасы, ақын Бауыржан Бабажанұлы мерейтой иесіне жүрекжарды лебізін білдіріп, ҚР Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулеттің құттықтау хатын табыс етсе, Табылды Досымов атындағы қордың директоры, ақын Бижан Қалмағанбетов қаламгерге ақтөбеліктер атынан алғыс айтты.

Шара барысында жазушының «Бопай ханым» еңбегінің тұсауы кесілді. Лента қию рәсімін жасау құрметі «Бейбітшілік және келісім кеңесі» облыстық филиалының төрағасы Келдібай Еспағанбетов, С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінің оқытушысы, ауыл шаруашылығы ғылымдарының  кандидаты Түрікпенбай Айжарықов, ақын, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Ертай Ашықбаевқа берілді.

Басқосуды қорытындылаған мерейтой иесі Мәди Айымбетов жиналғандарға ризашылығын білдіріп:

— Биылғы мерейтойымды туған жерге келіп, атап өтіп жатырмын. Осындай игі шараларды ұйымдастырып жатқан барша азаматтарға, жерлестеріме алғысымды айтамын. Мен үшін мұндай кездесудің маңызы зор.

Жазушы үшін қай кезде де оқырманның пікірі, ойы, берген бағасы маңызды. Сондықтан сіздер осы жаңа туындыны бастан-аяқ оқып, өз халдеріңізше бағалайды деп сенемін, — деді.

Айта кету керек, жазушының мерейтойына арналған іс-шаралар оның туған жері —  Байғанин ауданына қарасты Қарауылкелді, Жарқамыс, Алтай батыр ауылдарында жалғасатын болады.

 Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button