МәдениетТәуелсіздік — 30

Марат — республикалық айтыстың жеңімпазы

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Ақтөбеде өткен «Тұғырлы Тәуелсіздік» атты республикалық айтыста бас жүлдені Марат Ахметов жеңіп алды.

Облыс орталығындағы Студенттер сарайында өткен айтыс екі күнге созылды. Жыр додасын белгілі ақын, айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының төрағасы Жүрсін Ерман жүргізді. Айтысқа барлығы 20 ақын, соның ішінде Ақтөбеден алты ақын қатысты. Алғашқы күні ақындар 10 жұп болып айтысып, қазылар алқасының шешімімен 10 ақын келесі кезеңге өтті.

Қазылар алқасына Қазақстанның Еңбек Ері, Халық артисі Асанәлі Әшімов төрағалық етті. Қазылар алқасы құрамында сондай-ақ белгілі айтыс ақындары Нұрлыбек Қалауов, Бауыржан Халиолла, ақындар Ғалым Жайлыбай, Дәулеткерей Кәпұлы, т.б. болды.

Тәуелсіздік мерейтойына арналған айтыста ақындар азаттықтың алғашқы 30 жылы халыққа не берді деген сауал төңірегінде толғанды. Негізінен, осы жылдар ішінде халықтың руханиятының, тарихының түгенделуі, бұрын кеңестік қайраткерлердің көлеңкесінде қалып, айтылмай, насихатталмай келген тарихи тұлғаларымен қайта қауышуы жөнінде көбірек айтылды.

Айтысты қорытындылай келіп, қазылар алқасының төрағасы Асанәлі Әшімов:

— Бұл айтыста халқымыздың, соның ішінде Ақтөбе өңірінің сонау Әбілқайыр заманынан бергі тарихы түгел айтылып шықты десек те болады. Әбілқайырдың соңына еріп, азаттық жолында күрескен бабалар ерлігі текке кеткен жоқ. Бабалар ерлігінің бүгінгі және келер ұрпақтар үшін мәңгілік мақтанышқа айналғанын осыайтыста көрдік, — деп атап өтті.

Қазылар алқасының шешімімен айтыстың бас жүлдесін ақтөбелік Марат Ахметов алды. Марат бірінші кезеңде — «Алтын домбыра» иегері (2019 жыл) Рүстем Қайыртаймен, ал екінші кезеңде жамбылдық Қанат Мырзаханұлымен айтысты. Бас жүлде иегеріне 2 миллион теңгенің сертификаты табысталды.

Бірінші орынды Рүстем Қайыртай алды. Жүлде мөлшері — 1,5 миллион теңге. Екінші орынға ақтөбелік Аруна Керімбек пен батысқазақстандық Бауыржан Ширмединұлы лайық деп танылды. Оларға 1 миллион теңгенің сертификаттары табысталды.

Үшінші орын иегерлері төртеу: жамбылдық Қанат Мырзаханұлы, түркістандық Дәурен Ақсақалов, ақтөбелік Жұлдыз Қожабекова және павлодарлық Рауан Қайдаров. Үшінші орын алған ақындарға 500 мың теңгенің сертификаттары тапсырылды.

Сондай-ақ екі ақынға облыс әкімінің 450 мың теңге көлеміндегі арнайы жүлдесі берілді. Олар — түркістандық Нұрлан Есенқұлов пен шығысқазақстандық Серік Қуанған. Өзге 10 ақын да құр қол қалған жоқ, олар 300 мың теңге көлеміндегі ынталандыру сыйлығына ие болды.

Айта кетелік, айтысты облыс әкімдігінің қолдауымен, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мен облыстық шығармашылық үйі бірігіп ұйымдастырды.

Айна САРЫБАЙ. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button