Жаңалықтар

Кәсіпкер көпір салып берді

Тама Есет Көкіұлы кесенесінің іргесінен ағып жатқан Есет өзеніне Қожаевтар әулеті құны 30 миллион теңге тұратын көпір салып берді.

Алға ауданы Бестамақ ауылдық округіне қарасты Бесқоспа ауылының тұрғындары енді өткелден қиындық көрмейді.

«Алихан Ойл» құрылыс компаниясының басшысы Зұлқожа Қожаев келесі жылы Бесқоспа ауылына ауызсу құбырын жүргізбекші. Әрине, құрылыс бастамастан бұрын ауылдың жайымен танысып, аудан, ауыл әкімдерімен,тұрғындармен кездеседі. Әңгіме барысында ауыл маңындағы шағын өзеннің суын кешіп өтіп жүрген бесқоспалықтар сол жерге көпір керектігін айтады. Бұған дейін де талай жыл бірнеше рет көтеріліп жүрген мәселе тек биыл ғана шешімін тапқан.

Келесі жылы бұл ауылға 156 миллион теңгеге ауызсу құбыры тартылады. Тендер арқылы ұтып алған бұл жұмысты біз жүргіземіз. Тұрғындар көлікпен болсын, жаяу болсын өткелден су кешіп өтеді екен. Мен өзім Мәртөк ауданының тумасымын. Қойшының баласымыз. Ол жақта да осындай сайлар көп болды. Бала кезімізде күз, көктемде өткелден талай су кешіп өттік. Сол кезде аяғымыздан өткен суық су шекемізден шығатын. Сондықтан бесқоспалықтардың жайын жақсы түсінемін. Әрі Есет бабамыз жатқан жер болғасын сауапты істі мойнымызға алдық. Жалғыз мен емес, бауырларым да үлес қосты, — дейді Зұлқожа Қожаев.

Көпір ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында  «Тәуелсіздікке тағзым» акциясы шеңберінде тарту етілді. Бас-аяғы 20 күннің ішінде салынып болған көпір қазір  пайдалануға берілді. Сапалы салынған көпірдің табанына бетон құйылып, арматура сымдармен шегенделген. Биіктігі 2,5 метр су өткізгіш екі кең құбыр салынған. Үстімен 50 тоннаға дейін жүк көліктері жүре алады.

Көпірді көрмекке келген ауыл тұрғындары бұл азаптан құтылғандарын айтып, қуанып жатыр.

«Талай көліктеріміз батып, осы жерге келгенде жолымыз бөгелетін. Енді ешқандай кедергісіз жүретін болдық» дейді ауыл тұрғындары.

— Бұл көпірдің 80 пайыз жұмысы бітіп тұр. Әлі қосымша жұмыстары бар. Жан-жағына су жырып кетпес үшін плита тас төселіп, көпір үсті темірмен қоршалады. Келесі жылы бетіне асфальт төсейтін боламыз. Өтінішімізді орындап берген Зұлқожа Ізімұлына алғысымызды айтамыз. Жалпы, «Алихан Ойл» компаниясы ауданымызда ірі нысандарды салып, әлеуметтік  мәселелерді шешуге атсалысып келеді. Алғадағы тұрғын үйді қалпына келтіріп, Тоқпансайға ауызсу жеткізді. Маржанбұлақ ауылына да құрылыстар жүргізуде.Одан басқа Мәртөк ауданына мешіт  салып, сәулетті «Хан моласын» көтерді.Көпір салу — мешіт, медресе, мектеп салумен бірдей сауабы сарқылмайтын іс. Мұндай азаматтардың қайырымдылық ісі ұмытылмауға тиіс, — деді шараға арнайы келген Алға ауданының әкімі Нұрбол Ержанов.

Зұлқожа бастаған Қожаевтар әулеті Есет Көкіұлы мемориалды кешенінде ауыл тұрғындарын жинап, ас берді. Үнемі қоғамдық іс-шаралардан қалмайтын, қайырымдылық істердің ұйытқысы, ортақ шаруаға демеушілік танытып жүретін ақтөбелік кәсіпкер Марат Қойлыбаев, облыстық ішкі істер қызметкерлері ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғалым Дәулеталин және «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншин бастаған бір топ журналистер бұл шараға арнайы қатысты.Дастарқан басында ауыл тұрғындары мен облыс орталығынан жақсыны көрмекке келген меймандар сөз сөйлеп, кәсіпкердің ісіне сәттілік тіледі.

Айта кетсек, Бесқоспа ауылында 83 түтін бар. Онда 386 адам тұрады. Округ орталығынан 9 шақырым жерде орналасқан елді мекеннің даму перспективасы өте жоғары. Округ әкімі Қанат Дәулеталиннің айтуынша, бас жоспар жасалып, 375 үйге жер телімі берілді. Қазірдің өзінде жер телімдеріне газ құбыры жүргізілген. Бесқоспа ауылында 517 адам жер кезегінде тұр.

Самат НАРЕГЕЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button