Мәдениет

Берік болсын босағаң…

Отбасылық өмірге қадам басқан жас қыздар мен тұрмыстағы келіншектерге отбасы құндылығын сақтау және дәріптеу мақсатында Қурайлы Мәдениет үйінде 2019 жылдан бастап «Ақ орамал»  келіндер клубы жұмыс жасап келеді. Клуб мүшелерімен бірге түрлі тақырыптар аясында кездесу, пікір алмасу сағаттары мен аспаздық қыр-сырын үйренуге арналған шеберлік кластар ұйымдастырылып тұрады.  

Жақында өткен  «Берік болсын босағаң» атты дөңгелек үстелге ауылдағы жас келіндер қатысып, өзара пікір алмасты. Шараның құрметті қонағы ретінде Қурайлы тұрғынүй алабының байырғы тұрғыны, Жолмырза әулетінің ақжаулықты анасы РаузаТатишина шақырылып,келіндерге босағаның берік болуы ең алдымен әйел-анаға байланысты екенін түсіндіріп берді.

Рауза апай — 2 қыз, 4 ұл тәрбиелеп отырған асыл ана, ардақты әже. 6 баласы да жоғары білімді, бүгінде әрқайсысы өз алдарына отау тігіп отыр.Шараға Гүлзат есімді келінімен бірге келіп, отбасындағы жетістіктер, абысын арасындағы татулық тұрғысында кеңінен әңгіме қозғады.

Отбасындағы ең әлсіз әрі нәзік тұс — ене мен келін қарым-қатынасы.  Екеуі де маңызды әрі қымбат тұлға: ене — отағасын дүниеге әкеліп, жеткізген жан, келін — ер жігіттің аманаты, балалардың анасы. Шараға қатысушылар аталған тақырыпта әңгіме қозғаған сәтте көңілге қонымды пікірлер айтып, отбасындағы әкенің, жарының орны қаншалықты маңызды екенін жеткізе алды.

Шаңырақтағы өзара түсіністік үлкендерді сыйлаудан бастау алатынын ұғынған келіннің бірі Рыскелді Молдабекова шаңырағындағы кез келген мәселені тек отбасымен бірге шешу жолдарын қарастыру үрдіске айналғанын айтса, екі жыл бұрын Бекмұратовтар әулиетіне  келін болып түскен Бақыт Бисембиева өзінің келген жеріне сіңісіп, үйренісіп кетуіне көп ықпал еткен енесі екенін жеткізді.

Шара соңында Рауза апайдың жолын берсін деген ниетпен барлық келіндерге орамал сыйға тартылып, бата берілді.

С.ТАУБАЕВА,

Қурайлы Мәдениет үйі жанынан құрылған

«Ақ орамал» келіндер клубының жетекшісі. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button