Басты жаңалықтар

Биыл қаладағы 150 үйге декоративті жарық орнатылады

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин Ақтөбе қаласындағы көшелерді түнгі жарықтандыру және қоғамдық орындарды көріктендіру жұмыстарының жүзеге асырылуымен танысты.
Облыс әкімі қаланы аралауды Қобыланды, Шернияз, Жангелдин, Ахтанов көшелерінен бастады. Әрі қарай Т.Ахтанов атындағы драма театры айналасындағы жаяу жүргіншілер жолы мен Құрылысшылар саябағын қалыпқа келтіру жұмыстарын қарады.
Қазіргі таңда Шернияз, Ахтанов, Жангелдин, Қобыланды батыр көшелері аумағы толық жарықтандырылды. Бүгінде бұл көшелердің барлық жерінде жарық бар, жаяу жүргіншілер жолы да жаңартылды. Жұмыстар аяқталуға жақын, енді орындықтарды орнату керек. Шернияз көшесінде орналасқан №1 дәріхананың маңына жаңа баспалдақ та салынды. Оны мүмкіндігі шектеулі жандардың арбамен өтуіне ыңғайладық,- деді мердігер ұйым — «АМК Жарық» ЖШС директорының орынбасары Александр Гальцев.
Бұдан кейін Оңдасын Оразалин Ғашықтар аллеясы мен Тургенев көшесі бойындағы гүлзарды аралап, жарық шамдардың орнатылуын, абаттандыру жұмыстарын қарап шықты.

Мердігер ұйым «КМК Строй» ЖШС өкілі Беслан Аманқұловтың айтуынша, Ғашықтар аллеясын абаттандыру жұмыстары 15 қыркүйекте басталған. Мекеме жұмысшылары екі ай ішінде 8700 шаршы метр аумаққа брусчатка төсеп, 6 жарықшам орнатқан. Әлі де жұмыстар жалғасын табады. Бұл маңайға жыл соңына дейін 120 жарықшам қойылмақ.
Сондай-ақ облыс басшысы Тұрғындар қалашығындағы көп қабатты үйлердің қасбеттеріне декоративті жарық орнату жұмыстарымен де танысты.
— Биыл Тұрғындар қалашығы ауданы, Әбілқайыр хан даңғылы, Әлия Молдағұлова даңғылының қиылысынан бастап Тілеу батыр көшесіне дейін, аталған даңғылдан Сәңкібай батыр көшесіне дейінгі аумақты, сондай-ақ Тургенев, Сәтбаев көшелеріне де жарықшамдар орнатамыз. Қазір жұмыстың 90 пайызы орындалды. Желтоқсан айына дейін шамамен 150 үйге иллюминация тартылады, — деді «КМК Строй» ЖШС өкілі Ұлан Қозбақов.
Облыс әкімі мердігер ұйым өкілдеріне барлық жобаларды желтоқсан айына дейін аяқтауды тапсырды. Және олардың жұмысына «қанағаттанарлық» деген баға берді.

Қаламызда жүргізіліп жатқан абаттандыру жұмыстарының аяқталуына байланысты жасалған шаруаларды қадағалап, қарап жатырмыз. Бүгінде қаланың бірқатар гүлзар, саябақтары жаңарып, аулалар асфальтталып, балаларға арналған бірнеше ойын алаңы қайта жасақталды. Сондай-ақ Ғашықтар аллеясы аумағына жаңадан брусчаткалар төселді. Байқап қарасақ, сапасы да, түсі де басқаша және сәл биіктеу төселген. Жалпы, бұл жұмыстардың барлығы біздің тұрғындардың кешкі мезгілде демалып, көңіл көтеруі үшін жасалып жатыр. Менің ойымша, қаламызда жасалып жатқан жұмыстар қанағаттанарлық. Алдағы уақытта да жалғасын табады. Бірқатар жоба жыл соңына дейін аяқталады. Алдымызда айтулы мерекелер келе жатыр, осы орайда қаламыздың көріктеніп, әдемі болуы біз үшін маңызды, — деді О.Оразалин.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button