Басты жаңалықтар

Жол картасы: инвестициялық жобалар қалай жүзеге асырылып жатыр? 

Nur Otan-ның 2021-2025 жылдарға арналған Жол картасы облыста қалай жүзеге асырылып жатыр? Соның ішінде облыс экономикасына шетел инвестицияларын тарту деңгейі қандай? Шетелдік капиталдың қатысуымен іске асырылып жатқан жобалар қалай іске асырылып отыр? Жыл аяғына дейін орындалмай қалу қаупі бар жобалар бойынша қандай шешім қабылдануы тиіс? 

Осы мәселелер Nur Otan партиясы жанындағы Өңірлік даму жөніндегі өңірлік қоғамдық кеңес отырысында талқыланды. ОтырысқаNur Otan партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ербол Данағұлов, облыстық кеңес төрағасы Тақталифум Есенғұлов, кеңес мүшелері қатысты. Сондай-ақ Парламент Мәжілісінің депутаты Аманғали Бердалин, кеңестің аудандардағы мүшелері шараға онлайн режимінде қосылды. 

Кеңестің күн тәртібіне екі мәселе шығарылды: 2016-2020 жылдардағы және осы жылдың 10 айындағы халық үшін әлеуметтік қолайлылық және өңірлердің ұзақ мерзімді әлеуметтік дамуына үлес қосу тұрғысынан шетелдік қатысуы бар инвестициялық жобаларды бағалау және тікелей шетелдік инвестициялар көлемі.

Облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Қуандық Қасымов облыс экономикасына шетел инвестицияларын тарту, шетелдік капиталдың қатысуымен іске асырылған жобалар және осы бағытта алдағы уақытта жасалатын жұмыстар туралы баяндады.

— 2016-2021 жылдар аралығында Ресей Федерациясы, Қытай Халық Республикасы, Нидерланды, Тәжікстан, Болгария, Италия және Германия мемлекеттерінің капиталдары қатысуымен 213,2 миллиард теңгеге мұнай-газ, ауыл шаруашылығы, тау-кен өнеркәсібі және құрылыс салаларында 14 жоба іске асырылып, 1 119 жаңа жұмыс орны құрылды.

Жыл басынан бергі 10 айда негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 635,9 миллиард теңге болды. Сонымен қатар тікелей шетелдік инвестицияларды тарту нысаналы индикаторын 2025 жылға дейін 1,6 миллиард АҚШ долларына дейін жеткізу тапсырмасы бар. 2021 жылы жоспар бойынша бұл көрсеткішті 705 миллион АҚШ долларына дейін жеткізу қажет болған-ды. Осы көрсеткіштерге қол жеткізу мақсатында облыс бойынша құны 286,6 миллиард теңге болатын 7 жобаны шетелдік капиталдың қатысуымен іске асыру жоспарланып отыр, — деді Қ.Қасымов.

«Aktobe WPP» ЖШС-ның (құрылтайшы — «Renovatio Group» румын-португал халықаралық даму платформасы) жел электр станциясының құрылысы жобасы аясында бүгінде метеомачталар орнату жұмыстары жүргізіліп жатыр, жоба 2024 жылы аяқталмақ. Ал «Arm Wind» ЖШС-ның (құрылтайшы — «Eni International B.V.» итальяндық компаниясы) «Бадамша-2» жел электр станциясының құрылысының 2 кезеңі жобасы мен «ЭкоТехПрогресс» ЖШС-ның (құрылтайшы – КХР-дан жеке инвестор) қауіпті мұнай қалдықтарын қайта өңдеу зауытын салу жобасы биыл аяқталуы тиіс. Бүгінде жел электр станциясында 7 жел турбинасы орнатылған. Егер жұмыс сәтті аяқталса, тәуелсіздік мерекесі қарсаңында станцияның екінші кезеңі өз жұмысын бастап кетпек.

2022 жылы тағы екі жоба аяқталуы керек. Олар — «Green Capital Kazakhstan» ЖШС-ның (құрылтайшы — Нидерландыдан жеке инвестор) 5-ші буынды жылыжай кешенінің құрылысының 3 кезеңі және «Қазақстандық мұнай жабдықтары зауыты» ЖШС-ның (құрылтайшы – КХР-дан жеке инвестор) мобильді бұрғылау қондырғыларын өндіру цехын салу жобалары. «КазГеоРуд» ЖШС-ның (құрылтайшы – Орыс мыс компаниясы ЖАҚ) «Лиманное» мырыш-мыс кен орнын игеру жобасы мен «Актобе Хюмик» ЖШС-ның (құрылтайшысы —   ұлыбританиялық жеке инвестор)  «Мамыт» кен орнынан қоңыр көмірден органикалық тыңайтқыштар өндіру зауытын салу жобасын 2023 жылы іске қосу жоспарланып отыр.

— Жалпы, әрбір бастамашымен жобалардың іске асыру кезеңдеріне қатысты жеке-жеке жүйелі жұмыс жүргізіп жатыр.Осымен біргеNur Otan партиясының облыс бойынша сайлауалды бағдарламасын орындау жөніндегі Жол картасында 2025 жылға дейін кемінде 30 инвестициялық жоба, оның ішінде 2 жоба ағымдағы жылы іске асыру қажет болатын. Ақтөбе қаласында «ЗердеКерамика Ақтөбе» серіктестігінің(180 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған) «Керамогранит және керамикалық тақтайшалар шығаратын зауыты» жобасы бойынша проблемалық мәселелер жоқ, жобаның толық іске қосу жұмыстары желтоқсан айында аяқталады. Екінші — Мұғалжар ауданында шетелдік капиталдың қатысуымен «ЭкоТехПрогресс» серіктестігінің(55 жаңа жұмыс орны ашылатын) «Қауіпті мұнай қалдықтарын қайта өңдеу зауыты» жобасы бойынша бөлінген жер учаскесіне қоршау салу жұмыстары аяқталып, Қытай Халық Республикасынан қазандық пен негізгі цехқа металл конструкциялары жеткізілді. Инфрақұрылым жүргізу үшін техникалық шарттар алынып (газдан бөлек), зауыттың жобалық-сметалық құжаттамасы сараптамадан өткізіліп жатыр. Алайда, жобаның негізгі инвесторы – Қытай Халық Республикасы азаматының қайтыс болуының және зауытты газбен жабдықтауға техникалық шарттар берілмеуінің себептерінен жоба биыл іске қосылмауы мүмкін. Осы проблемаларды ескере отырып,Жол картада көрсетілген іс-шаралардың орындалуын қамтамасыз ету үшін «ЭкоТехПрогресс» серіктесті жобасының орнына осы ауданда іске асырылатын өзге жобалармен ауыстырудыұсынып отырмыз, — деді Қ.Қасымов.

Парламент Мәжілісінің депутаты Аманғали БердалинЖол картасы аясында орындалмай қалу қаупі бар жобалар туралыNur Otan партиясы төрағасының бірінші орынбасары атына хат жолдап, ол жобалардың не себепті уақытында жүзеге аспауы мүмкін екендігі, басқа қандай жобалармен алмастыруға болатындығы турасында хат жолдау қажеттігін айтты.

— Жол картасының мерзімінде және толық орындалуы маңызды. Себебі инвестиция тарту — экономикалық өсімнің бір факторы, егер экономикалық өсім жоспарлағандай болмаса, көптеген жұмыстар ойдағыдай іске аспауы мүмкін.Сондықтан жоспарды өз деңгейінде жүзеге асыру ертеңіміз үшін маңызды,— деді А.Бердалин.

Nur Otan партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ербол Данағұлов жыл аяғына дейін қалада, барлық аудандарда партия кеңестерінің отырыстарын өткізіп, сайлауалды бағдарламада берілген тапсырмалардың орындалу деңгейін сараптап, кемшін тұстарды анықтап, нәтижелі жұмыс жүргізуді тапсырды.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button