Тәуелсіздік — 30

Айтыс өтіп жатыр

Кеше Ақтөбедегі Студенттер сарайында республикалық ақындар айтысы басталды.

Бұл айтыс «Тұғырлы Тәуелсіздік» деп аталып,  ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына арналып отыр. Айтысқа еліміздің көптеген өңірлерінен ақындар келді. Олардың арасында Ерлан Аманқожа (Нұр-Сұлтан қаласы), Дәурен Ақсақалов (Түркістан облысы), Рауан Қайдаров (Павлодар облысы), Шалқарбай Ізбасаров (Батыс Қазақстан облысы), Батырлан Сағынтаев (Қостанай облысы) және басқалар бар. Ақтөбеден айтысқа Марат Ахметов, Жұлдыз Қожабекова, Қайырхан Жұбаниязов, Жәнібек Бейбітов, Аруна Керімбек, Айболат Көшкінбай, Нұрбол Жауынбаев қатысады.

Қазылар алқасына  Қазақстанның Еңбек Ері, Халық артисі Асанәлі Әшімов төрағалық етеді.

Облыс әкімдігінің қолдауымен  айтысты облыстық мәдениет,  архивтер және құжаттама басқармасы мен облыстық халық шығармашылығы орталығы ұйымдастырып отыр. Мұндағы мақсат — ата-баба армандаған тәуелсіздік халыққа не берді,  жетістіктеріміз қандай,  қай тұста қапы қалып жүрміз деген төңіректе көпшілікке ой тастау,  ұлттық өнерді, қазақтың айтыс дәстүрін жалғастырып жүрген ақындарды жұртшылықпен тағы бір қауыштыру.

Айтыстың ашылу салтанатында облыс әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова құттықтау сөз сөйледі.

— Тәуелсіздік,  ең алдымен,  өз руханиятымызды,  ұлттық құндылықтарымызды,  ұлттық өнерімізді кеңінен насихаттауға,  өрістетуге жол ашты. Осы бағытта Ақтөбе өңірінде де көптеген игі істер атқарылып жатыр,  оған өздеріңіз куә болып келесіздер. Бүгінгі айтысқа қатысып отырған әр ақын халықтың ыстық ықыласына бөленсін деп тілеймін,  — деді Бұлбұл Ораққызы.

Кеше айтыстың бірінші кезеңі өтті. Оны Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,  айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының төрағасы,  белгілі ақын Жүрсін Ерман жүргізіп отырды.

Айтыс бүгін де жалғасады.

Айна САРЫБАЙ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button