Жаңалықтар

Шектеу шаралары жалғаса береді

Брифинг

Облыста соңғы тәулікте коронавирус инфекциясы бойынша 15 жағдай анықталды. Оның 2-уі 14 жасқа дейінгі балалар арасында, қалғаны ересектер арасында тіркеліп отыр.

Жалпы өңірде індет жұқтырғандардың саны 34649-ға жеткен. Оның 0,7 пайызы сырттан келген, 11,8 пайызы ауру адаммен қарым-қатынаста болған және 84,4 пайызы — жергілікті жағдайлар. Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Мұхтар Сербаевтың айтуынша, 40-49 жас аралығындағы тұрғындар арасында ауру деректері жиі тіркелген.

Соңғы тәулікте Ақтөбе қаласында пневмония бойынша 3 науқас анықталды. Жалпы өңірде қараша айында 67 адам пневмониямен ауырған.

Қазіргі таңда үй карантиніне 7944 адам алынып, оларға медициналық бақылау жүргізілуде.

Биыл 14 сәуірден бастап облыс аумағында «Ashyq» жобасы жұмыс істеуде. Бүгінгі күні облыстағы 4325 кәсіпкер осы жобаға қатысуға өтініш беріп, олардың барлығына да QR-кодтары сәтті жүктелді. «Қызыл» статусы бар 118 адамға  «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 425-бабы 1-тармағы бойынша әкімшілік шара қолданылып, 5 206 829 теңге айыппұл салынды.

Соңғы екі аптада ауру көрсеткішінің төмендегенін байқап отырмыз. Дегенмен эпидемиологиялық ахуал әлі де сейілген жоқ. Көршілес Ресей, Украина мемлекеттерінде ахуал өршіп тұр. Сондықтан шектеу шаралары жалғаса береді. Қорғаныс құралдарын пайдаланып, сақтанып жүрген абзал. Аурудың алдын алудың ең тиімді жолы  — вакцина алу, — деді Мұхтар Сербаев.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бекболат Ізбасаровтың айтуынша, жалпы пандемия басталғалы 33951 науқас қауіпті індеттен жазылып шыққан.

— Қазіргі таңда инфекциялық ауруханаларда 130 адам ем алуда. Оның 98-і —Ақтөбе қаласында, қалғаны — облыс аудандарында. Жансақтау бөлімшесінде 18 адам ем алуда, 3 адам өкпені жасанды желдету аппаратына қосылды. 12 жүкті әйел және 34 бала бақылауға алынды. Соңғы тәулікте 1249 адам коронавирус инфекциясына ПТР-тест тапсырған.

Вакцинация бойынша жұмыстар жүйелі жалғасуда. Бүгінгі таңда 344 699 адам екпенің бірінші, 318 498 адам екінші компонентін алды. Жақын күндері өңірімізге

«Pfizer» вакцинасы әкелінеді деп күтілуде, — деді Бекболат Ізбасаров.

 Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button