Жаңалықтар

Шығанақтың тойы тойланды

Ойылда атақты тарышы Шығанақ Берсиевтің 140 жылдығы аталып өтті. Мерекеде  облыстық жас ақындар айтысы ұйымдастырылды.

Екі күнге созылған мерекелік шара алдымен тарышы атындағы Қаратал ауылынан басталды.  Айтысқа республикалық, облыстық  айтыстарға қатысып жүрген 8 ақын келді.

Айтысты  байғаниндік жас ақын Нұрбол Жауынбаев пен ақтөбелік Самғар Орынбаев бастады. Төл өнерге сусап қалған қалың жұртшылық қос ақынға бірдей қошемет көрсетіп отырды. Ойылдың тау тұлғалары мен тарихын, ел шежіресін тыңнан жырлап, сөзге арқау еткен ақындар  көсіле шапты. Нәтижесінде Нұр-Сұлтан қаласынан арнайы келіп қатысқан темірлікНартай Тілеуқұл шашасына шаң жұқтырмай, елдің тарихын, Шығанақтың еңбегін ерекше жырлап,айтыстың бас жүлдесін жеңіп алды. Ал бірінші орын байғаниндік Нұрбол Жауынбаевқа бұйырды. Екінші орынды сүбелі сөзімен салмақты айтысып, өткір теңеулерімен тебірене толғаған ақтөбелік Жәнібек Бейбітов еншіледі. Үшінші орынды Әйтеке би ауданының атынан келген Қайырхан Жұбаниязов қанжығасына байлады. Айтыстың жүлделі орындарын жеңіп алған ақындар қомақты қаржымен марапатталса, айтысқа қатысқан басқа ақындарға 50 мың теңгеден қаржылай ынталандыру сыйлығы табысталды.Айта кетсек айтыстың бас жүлдесі — 500 мың теңге.

Ертеңіне аудандық Мәдениет үйінде  «Ақ тарының атасы — Шығанақ!» атты өңірлік танымдық конференция өтті. Даталы мерекеге Шығанақтың ұрпақтары, облыс орталығынан құрметті қонақтар шақырылды.

Конференцияныашқан Ойыл ауданының әкімі Асқар Қазыбаев өз құттықтауында тойдан тобықтай түйін түю үшін осындай танымдық, тағылымдық шаралар ұйымдастырылып отырғанын айтты.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласының «Ұлы есімдер» жобасы аясында Шығанақ Берсиевтің өмірі мен еңбегін кеңінен танытуды көздеген шараға қош келдіңіздер! Шығанақ Берсиевтің 140 жылдық мерейтойын атап өтудің ғылыми тұрғыдан маңыздылығы арта түсуде.  Жас ұрпақтың санасына ақ тарының атасы туралы терең мағлұмат сіңіріп, тарихи есімдерімізді қастерлеуге баулу, туған жердің тарихын түгендеу, құнды жәдігерлерімізді қамқорлыққа алу, тұлғаларымызды тану және олардың есімдерін жаңғырту —  бұл конференцияның басты мақсаты, — деді аудан әкімі.

«Шығанақ бейнесі — көркем және деректі әдебиеттерде» деген тақырыпта баяндама жасаған Ойыл ауданының құрметті азаматы Идош Асқар  Шығанақтың адами болмысы, кісілік келбеті, қайырымдылығы қай шығармада да толық ашылмағанын тілге тиек етті.

Өзінің Шығанақ туралы зерттеуіне, ізденісіне түрткі болған жайды айтып, Шығанақтың баласымен кездескен сәтті баяндады. Ал ақын-драматург, Мәдениет саласының үздігі Нұрлыбек Қалауов  «Ш.Берсиев — қазақ елінің еңбеккері — төлқұжаты» атты баяндамасында Шығанақ атамыздың  беймәлім қырларына  тоқталды. Шығанақты дәріптеу, ұрпаққа үлгі ету шараларын жиі өткізіп тұруға, жастарды зерттеу жұмыстарына шақырды.

Ойыл, Шығанақ туралы ән мен жыр қатар өрілген кеште Шығанақтың жиені Мұқамбетқали Ешмұқанов ұйымдастырушыларға алғысын жеткізді.

Бүгінде тарышының ізбасары болып, суармалы жерге тары өсіріп, атакәсіпті жалғастырып жүрген «Жақып» шаруа қожалығының төрағасы Жұмабай Жақып өзінің тәжірибесін, тары өсіру арқылы жеткен жетістіктерімен бөлісті.

Конференция соңында аудан әкімі Асқар Қазыбаев Шығанақтың ұрпақтары мен бірқатар қонақтарға «Ойыл ауданына 100 жыл» мерекелік медалін табыстап, иықтарына шапан жапты. Той қонағы, ауыл шаруашылығы саласының еңбек ардагері Елубай Қалиев «Ойыл ауданының құрметті азаматы» атанды.

Конференция барысында аудандық Мәдениет үйінің фойесінде аудан қолөнер шеберлерінің туындылары мен арнаулы бұйымдар көрмесі ұйымдастырылды.

 С.ЖҰБАНҒАЗИН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button