Білім

Балдырған

Отан

Әрқашан күн сөнбесін!

Аялы туған жеріміздегі құлпырған гүлдер, жайнаған шалғындар, теңіздей телегей ормандар, сылдыраған бұлақтар, керіліп жатқан кең дала, аспанмен тірескен ақ басты таулар, жарық ай, жарқыраған жұлдыздар, көк мөлдір аспан, күлімдеген Күн-Ана — өміріміздің тірегі, қызығы, рақаты.

Туған жердің самал лебі аймалап, әні мен күйін, ертегі мен өлеңін тыңдап өскен біз бақытты баламыз. Біздің елімізде жүз отыздан аса ұлт пен ұлыс өкілдері тұрса да, бірлігіміз жарасқан мемлекетпіз. Мемлекетіміздің көркеюі, қалаларымыздың гүлденуі — кемелденген еліміздің болашағының кепілі. Осындай мемлекетте өмір сүрген әр баланың жүрегі «Отан» деп соғады.

Жер бетіндегі ең әдемі сөз — Ана. Бала алғашқы сөзін де осыдан бастайды. Жер бетіндегі тілдердің бәрінде де осы сөз ерекше қастерлі. Ананың қолы ең қасиетті, аялы қол. Ана жүрегі ең сенімді және сезімтал жүрек, оның сүйіспеншілігі ешқашан сөнбейді, оның көзінен ешуақытта еш нәрсе қалтарыс қалмайды. Адамның жасы қаншада болса да, әрқашан ана керек, оның аясы, мейірімі керек. Баланың анасына деген сүйіспеншілігі неғұрлым зор болса, соғұрлым шекіз қуанышқа, шалқар нұрға бөленеді. Сондықтан да еліміздегі барлық балалардың аналарының қасында болуын тілеймін. Олардың ұйқысының бұзылмауын, анасынан адасып қалмауын тілеймін.

Әр баланың отбасына деген сүйіспеншілігі Отанға деген сүйіспеншілікке ұласса деймін. Отбасы баланы сүйіспеншілікті сезінуге үйретеді, жақсылыққа жетелейді, еңбектенуге, білім алуға көмектеседі, үлкендерді құрметтеуге, кішілірге қамқор болуға тәрбиелейді. Еліміздегі жетім балалардың саны азайып, олардың отбасыларымен қауышуын тілеймін. Олардың жасқа толы жанары құрғап, қуаныш жасына жалғасса екен.

Елімізде балаларға деген қамқорлық жақсы жолға қойылған. Балалардың денсаулығына, демалуына мемлекет тарапынан көп көмек көрсетіледі. Мемлекетіміздің қарыштап дамуы — балалардың болашағының жарқын болуының кепілі.

Біздің елордамыз Астанада өте көркем ғимараттардың салынуы, көптеген халықаралық форумдардың өтуі ерекше маңызға ие. Астанамыздың көркеюіне қарап, әрбір жас баланың көкірегінде Отанға деген махаббатының оянуын байқауға болады.

«Озар елдің қызы мінезді, ұлы өнерлі келеді» деп халқымыз бекер айтпаған. Сондықтан да еліміз тыныштықтың, бірліктің, ынтымақтың, сүйіспеншіліктің, татулықтың, бауырмалдықтың бесігі болғанын тілеймін.

Бабаның бұтағы, атаның ұрпағы, әженің шуағы, әкенің тұяғы, ананың тілегі, ағаның тірегі, даланың түлегі, бар асыл қасиетті бойына дарытқан, көкірегі ояу, көңілі таза әр баланың түнінің тыныш болуын тілеймін.

Ақниет САҒИ,

М.Құсайынов атындағы облыстық дарынды

балалар мектеп-интернатының 5-сынып оқушысы.

Оқушының өлеңі

Ана тілім

Ана тілім — намыс, қайрат, айбыным,

Сенсің менің аспандағы Ай, Күнім.

Сенен ғана ұғып білім аламын,

Сенсің менің дүниедегі байлығым.

Ана

Өсірген мені анашым,

Көңіліме демеу-панасың.

Бақытты бағым, саямсың,

Әлпештеуге даярсың.

Абай

Күнде-күнде оқимын мен Абайды,

Әр сөзінен шуақ нұры тарайды.

Өлеңінің бірі — қуат, бірі — нәр,

Абай — ұлы, Абай — мәңгі, ұғып ал.

Нина ОМАР,

№ 19 орта мектептің 5-сынып оқушысы.

Ақтөбе қаласы.

Мен — қазақпын

Мен — қазақпын, қазақпын,

Елім менің ғажап тым.

Сұңқар құстай көктегі,

Тәуелсізбін, азатпын.

Диляра БАХТИЯРОВА,

3-сынып оқушысы.

Талдысай ауылы,

Әйтеке би ауданы.

Туған жер

Туған жерім — асыл анам,

Таза ауамен асыраған.

Таусылмайтын мейірімі

Жарық болып шашыраған.

Ақгүл ШАЙЗАДИНА,

Бершүгір орта мектебінің 6-сынып оқушысы.

Шалқар ауданы.

Сырласу

Менің бақытым

Бақытты болу әр адамның түсінігі бойынша әртүрлі. Біреулер байлығына мақтанып, кенеліп жүргенде, өмірдің қалай өткенін байқамай қалады. Ал енді біреулер барды қанағат қылып, алдына мақсат қойып, өміріне жоспар құрып, өз қалауымен өмір сүреді.

Мен өзімді өмірдегі ең бақытты адаммын деп айта аламын. Өйткені мені өмірге әкеліп, бағып, қағып өсірген ата-анам, мені үлгі тұтатын інім және сырымды бөлісетін жан досым бар.

Әрине,  менің ең басты байлығым — Отанымның амандығы мен халқымның саулығы. Бақытты өзі келеді деп күткенше, бақытқа жету қажет. Адам мақсатына, арманына бір қадам жақындаған сайын, оның өмірге деген құштарлығы арта түседі. Кей кезде адамдар жақын да жанашыр жандарымен ренжісіп қалғанда, өмірге деген құштарлығын жоғалтып алады.

Өмір көптеген сынақтардан тұрады. Сен сол сынақтардан сүрінбей өтуге талпынуың керек. Достар, біреумен ренжісуден аулақ болайық, өйткені ренжісу сенің немесе досыңның мақсатқа жетудегі үмітінің үзілуіне себеп болады.

Бұл уақытқа дейін менің түйгенім — алдыңа мақсат қой, соған ұмтыл,қызғаныш пен біреудің бақытын көре алмаудан аулақ бол! Сонда ғана сен бақытқа жетесің.

Бақытты болу адамның өзіне байланысты екенін ұмытпайық, достар!

Алтынзер ДӘУЛЕТКЕРЕЕВА,

С.Оразалин атындағы орта мектептің оқушысы.

Аралтоғай ауылы,

Әйтеке би ауданы.

Досқа хат

Қазіргідей, ұялы телефон арқылы айшылық алыс жерлермен лезде сөйлесіп, «агент» арқылы аман-саулық білісіп отырған суық реңді заманда, ілгерідегі ұрпақтың жылы сезімдер мен жан сырларға толы хаттарының орны бөлек екені байқалып-ақ тұрады. Ақтөбе қаласындағы № 32 мектеп-гимназияның оқушылары жазған төмендегі хаттар, әрине, өткен ғасырдағы сол ықыластың орнын толтыра алмайды. Дегенмен ниет түзулігі көңіл жылытады.

Сурет салып жүрмін…

Сәлем, Дана! Қалайсың? Сабағың қалай? Сендерде ауа райы қалай? Бізде салқын.

Менің сабағым жақсы. Сабақтан соң сурет үйірмесіне барып жүрмін. Сурет салғанды ұнатамын. Әсіресе, майлы бояумен бояған картиналар салуды жақсы көремін. Бірақ үлкен дәрежелерге жете қойғаным жоқ. Әйтсе де, барымды салып, сурет салуды жан-жақты үйренсем деп жатырмын.

Сурет үйірмесінде Алдаркөсені, адамдардың портреттерін, шыршаны салдым. Сен де қандай да бір үйірмеге қатысатын боларсың? Жақсы, достым, тағы да хат жазып хабарласам. Сенен жауап күтемін. Сәлеммен досың Ақнұр.

Ақнұр ЖАҚСЫБАЕВА,

5-сынып оқушысы.

Бір ой мазалып жүр…

Досым, халің қалай? Жақсысың ба? Сабағың қалай?

Менде бәрі жақсы. Бірақ мені бір ой мазалап жүр. Білесің бе, мен бір сабақтан үшімді дұрыстағым келіп жүр. Өйткені мен сол кезде сабақ жазуды ұмытып кеттім. Соны қалай жоямын? Маған хат жаз, күтемін. Сау бол. Досың Нұрғали.

Нұрғали ЕЛЕУСІЗОВ,

5-сынып оқушысы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button