Жаңалықтар

«Дәнекер» жобасы — дәнекерлікке жол

Республикалық ардагерлер ұйымы орталық кеңесінің «Дәнекер» жобасы облыста жергілікті соттармен бірлесіп іске асырылуда.  Осыған байланысты сот қызметкерлері мен облыстық ардагерлер ұйымы бірлесіп дөңгелек үстел отырысын өткізді.

Алқалы жиынға облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Құрания Аймағанбетов, облыстық соттың судьясы Амангүл Бақытжанова, Ақтөбе қаласының №3 сотының төрайымы Нәзира Аманқұлова, кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Ержан Құрманов, Ақтөбе қалалық соты төрағасының міндетін атқарушы Ғалымжан Әбубәкіров пен қалалық соттардың судьялары, «Қоғамдық келісім» мекемесінің медиация орталығының эксперт-медиаторы Есенбол Әзиев және бір топ ардагерлер қатысты.

Дөңгелек үстел отырысына  қатысушылар бұл жобаны одан әрі жандандыру мақсатындағы ортақ мәселелерді талқылады.

«Мұғалжар ауданында билер алқасы жұмысы бұрыннан жүйелі жолға қойылған. Біз болашақта бұл жұмысты одан әрі жандандырып, мамандар арқылы ардагерлерге  бітімгершілік кезінде қолданатын медиация заңының ерекшеліктерін таныстыруды қолға алмақшымыз. Соттар мен жобаға қатысушы ардагерлер арасында өзара ынтымақтастық одан әрі дами түседі», — деді Құрания Аймағанбетов.

«Дәнекер» жобасын біздер бірлесіп қолға алып, оны толыққанды іске асыра бастадық. Әрине, біраз мәселелер де бар. Басты мақсатымыз — қоғамды ізгілендіруге үлес қосу, билер институтын жандандыру. Бұл бағытта ардагерлер кеңесінің бізге жан-жақты қолдауы керек», — деді жиынның модераторы Амангүл Бақытжанова.

«Біздер, қоғамдық медиаторлар өзіміз жұмыс жасап жатырмыз. Мысалы, «Анаға тағзым» орталығында күніне 10-12 адамға дейін келеді. Көбіне ерлі-зайыптылар арасындағы келіспеушіліктерді сотқа жеткізбей шешеміз. Медиатор ретінде мен өзіміздің ұлттық салт-дәстүрдің озық үлгілерін түсіндіремін. Шынымды айтсам, ұрыс-керіс пен түсінбеушілік салдарынан ажырасқалы тұрған отбасыларды келісімге келтіру үлкен табандылықты талап етеді. Біз биылғы жылы қыркүйекке дейін 236 отбасын татуластырдық», — деп атап өтті қоғамдық медиатор Бибігүл Әбдішүкірқызы.

Осы отырысты ұйымдастырушылардың бірі Нәзира Аманқұлова өз тәжірибесімен бөлісті. Ол «ерлі-зайыптылар арасындағы дау-дамайды сотқа жеткізбей шешу үшін арыз-шағым түскен кезде құқық қорғау саласының қызметкерлері, мәселен, учаскелік инспектор оларға медиатор көмегіне жүгінуге болатынын  айтулары керек. Медиаторлар жұмысы көпке таныс болуға тиіс» деген пікірін білдірді.

Жиында медиаторлардың рөлін нығайту, ардагерлермен бірлесе жұмыс жасауды жетілдіру жайы талқыланды.

Нұргүл ҚОНАҚБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button