Ауыл

Сарытоғайда саябақ ашылды

Өткен жұма күні Темір ауданында жұртшылықтың өз күшімен салған «Нұрлепес ата» саябағының салтанатты ашылуы болды. Шараға атқарушы билік өкілдері, журналистер мен тұрғындар қатысты.

Темір ауданы Алтықарасу ауылдық округіне қарасты Сарытоғай елдімекенінде пайдалануға берілген демалыс орны жергілікті халықтың өз-өзіне жасаған сыйлығы десек болады. Осы ауылдан түлеп ұшқан жерлестер, қазір тіршілік кешіп жатқан жұртшылық — барлығы тұрғызған саябақтың құрылысы былтыр қазан айында басталған.

— Бұған дейін ауылдастар боп талай рет осы идеяны талқылаған едік. Оған Нұрлепес атаның есімін беруге бірауыздан келіскенбіз. Өйткені ол елге рухани азық беріп, 7 тіл білген, алыс-жақын аумаққа белгілі емші болған. Міне, сол іске барлығымыз жұмыла кірісіп, 2 миллион теңгеге жуық қаражат жинап, саябақты салып бітірдік. Көпшілігі қаржылай, кейбіреулері қол көмегін берді. Қырлы тастармен (брусчатка) жергілікті әкімдік қамтамасыз етті.

Бұл жерде бала санының аздығына байланысты мектептің жабылып қалу мәселесі де болған. Оның алдын алып, халық болып ауылға көпбалалы отбасыларды арнайы көшірдік. Оларға әлеуметтік жағынан көмек бердік.

Ауылдастарымның ауызбіршілігіне, осындай ықыласына алғысымды білдіремін. Алдағы уақытта да ынтымағымыз жараса береді деген үміттемін, — дейді игі істің басы-қасынан табылған ұйымдастырушылардың бірі Есбол Мауениязов.

Салтанатты шара барысында аудан әкімі Саламат Аманбаев, кәсіпкер Жанат Айтпағанбетов, т.б. сөз сөйлеп, лебізін білдірді. Ал «Асыл әжелер» ансамблі, кішкентай өнерпаздар ән-жырдан шашу шашты.

Саябақтың өзіне келсек, жалпы аумағы — 1500 шаршы метр. Мұнда 60 терек егіліп, 7 орындық қойылыпты. Жарықшамдар да орнатылған. Алдағы уақытта демалыс орнында Ұлы Отан соғысынан оралмаған боздақтарға арналған ескерткіш және мерекелік іс-шараларға арналған сахна қойылады деп күтілуде.

— Осындай демалыс орнының ашылғанына қуаныштымын. Неге десеңіз, бұған дейін бізде дұрыс саябақ болмаған. Енді замандастарымызбен тынығып, әңгіме айтатын жеріміз бар.  Болашақта субұрқақ салынып, гүлдер егілсе, айналасы көркейе түссе, тіптен керемет болар еді. Ауылымыз дами берсін! — деп тілегін жеткізді зейнеткер Талшын әжей.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button