Денсаулық

Абайлаңыз, тұмау!

Күн салқындаған сайын түрлі инфекциялық аурулар өршиді. Оның ішінде тұмауға шалдығатындардың қатары көбейеді. 

Тұмаудың инкубациялық (инфекция жұқтырған мезеттен аурудың симптомдары көрініс беретін) жасырын кезеңі бірнеше сағаттан 7 күнге дейін созылады.

Аурудың басталуы жедел, интоксикация синдромымен сипатталады. Бірнеше сағат ішінде дене температурасы 39-40 С дейін көтеріліп, маңдай тұсының әсіресе қабақ үсті аймағының ауырсынуы, бас айналу, әлсіздік, буындар мен сүйек-бұлшық еттерінің ауырсынуы симптомдары пайда болады.

Тұмаудың эпидемиологиялық маусымы әдетте жыл сайын желтоқсан айынан белең алып, сәуір айына дейін жалғасады.

Тұмау еңбекке қабілеттілікті едәуір төмендетеді, асқынуларымен (орталық жүйке, жүрек-қан тамыр жүйелерінің зақымдалуы, пневмония және кей жағдайларда өліммен аяқталады) өте қауіпті саналады.

Сонымен қатар, бүгінде тұмаудың эпидемиологиялық маусымына сәйкес келетін коронавирус инфекциясы адамның ағзасына түскен жағдайда, иммунитет жүйесіне орасан күш түсіріп, денсаулықты одан әрі нашарлатуы мүмкін. Сондықтан тұрғындар, оның ішінде осал топқа жататын адамдар тұмаудың алдын алу үшін вакцина алуы керек.

Тұмауға қарсы вакцина сатып алуға және эпидемия алдындағы кезеңде облыс тұрғындарының неғұрлым осал топтарын вакциналауға жергілікті бюджет қаражатынан 108 000 доза вакцина сатып алынды. Облысқа тұмауға қарсы Ресейден шығарылған «Гриппол +» вакцинасы жеткізілді. Біздің өңірімізде тұмауға қарсы жаппай егу науқаны биылғы жылдың 15 қыркүйегінен басталды. Бүгінде облыс бойынша иммунитетті дер кезінде қалыптастыру мақсатында 153 086 (17,3%) адам тұмауға қарсы егілді.  Екпені тегін және ақылы түрде облыстың барлық қалалық және аудандық емханаларынан алуға болады. Екпе бермес бұрын адамға міндетті түрде термометрия жүргізіледі. Вакцина алғаннан кейін медициналық ұйымда 30 минут бойы бақылауда болады. Екпені жылжымалы егу бригадасы жүргізген жағдайда медицина қызметкерінің бақылауында болады.

Биылғы жылдың 9 айы ішінде ЖРВИ-мен ауырған 10 664 жағдай тіркелді. Оның 4145-і 14 жасқа дейінгі балалар арасында анықталған.

Тұмау белгілері байқалған жағдайда, дәрігерді үйге шақырту қажет, қоғамдық жерлерде медициналық маска қолдану керек. Сондай-ақ таза ауада жиі серуендеу, саябақтарда жүру, тыныс  алуды реттеу, өкпенің вентиляциясын жоғарылатады, қан айналым жүйесін жақсартады. Жеке бас гигиенасын сақтап, қолды жиі сабынмен жуу және дезинфекциялық  заттармен сүрту керек.   Тамақтану барысында «С» дәрумені бар өнімдерді (лимон, бал, таңқурай және т.б.) қолданып, денешынықтыру жаттығуларын жүйелі түрде жасап тұрған абзал.

 Мұрат МИРМАНОВ,

облыстық санитарлық-эпидемиологиялық

бақылау департаментінің инфекциялық және

паразиттік ауруларды эпидемиологиялық

бақылау бөлімінің басшысы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button