Басты жаңалықтарТәуелсіздік — 30

Үш ауылға газ, көпбалалы отбасыларға үй берілді

Хромтау мен Әйтеке би аудандарына жұмыс бабымен барған өңір басшысы көгілдір отын кірген ауыл тұрғындарының  қуанышына ортақтасты.

Табанталдың жолы тақтайдай

Алдымен облыс басшысы  Ақтөбе қаласынан 65, Хромтау қаласынан 110 шақырым болатын Табантал ауылындағы кіреберіс жолдың жайымен танысты. Ұзындығы 25 шақырым автокөлік жолының құрылысы өткен жылы басталып, биыл тамыз айында пайдалануға берілді. «АссанаДорСтрой» ЖШС салған жолға республикалық және облыстық бюджеттен 621,3 миллион теңге жұмсалған. Округте  536 адам бар. Енді табанталдықтар жолдан қиындық көрмейді.

Көркімен де, тұрғындардың көптігімен де ерекшеленетін өндірісті қала Хромтауда 28 мыңға тарта адам тұрады. Көп қабатты үйлері көп қалада 3 мыңнан астам аула бар. Жыл сайын сол аулаларды абаттандыру жұмыстары қарқынды жүргізіліп отыр. Биыл 175 миллион теңгеге  13 көп қабатты үйдің аумағындағы 4 ауланы жаңарту жұмысы аяқталды. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында «ERG» компаниясы демеушілік жасаған бұл аулалардың ойын алаңдарымен сәні кіріп, балаларға арнап шағын футбол алаңы салынған.

Хромтау қаласындағы аулаларды жаңарту жұмыстары жалғаса береді. Бұған «Қазхром» трансұлттық компаниясы атсалысуға дайын. Өйткені қалада сол компанияда жұмыс істейтін мыңдаған жұмысшылардың отбасылары тұрады, — деді тұрғындармен кездескен облыс әкімі Оңдасын Оразалин.

«Наташа» жеке пәтер иелері кооперативінің төрайымы Алла Бойченко аулаларының келбеті қатты өзгергенін, әсіресе балалар үшін ойын алаңдары жаңарғанын айтып,   қала тұрғындары атынан алғысын жеткізді.

Тасөткел мен Аралтоғайға көгілдір отын келді

Одан кейін облыс әкімі бастаған топ Хромтау ауданына қарасты Тасөткел ауылындағы газ құбырын іске қосу  шарасына қатысты. Қарашадағы қыстың алғашқы қары түскен, ауа райының суықтығы тасөткелдіктердің қуанышына кедергі бола алмады. Ауыл шетіндегі газ станциясына жиналған тұрғындар облыс әкіміне алғыстарын жаудырды. Өйткені көгілдір отынды көптен бері күтіп жүрген ауыл үшін бұл ірі жаңалық еді.

Сіздердің ауылыңыздың даму перспективасы өте жақсы. Біз алдымен динамикасы жоғары ауылдарға қолдау жасаймыз. Тұрғындардың тұрақты болуы үшін бірінші жол, газ, жарық, интернет керек. Облыстағы ұзын жолдың бойындағы ауылдарда шаруамен айналысуға мүмкіндік көп. Газ құбырын жүргізу бір күндік жұмыс емес. Жобалық-сметалық құжатын дайындап, мемлекеттік сараптамадан өтуі үшін кемінде бір жыл уақыт кетеді. Бірақ биыл 14 ауылға газ кіргіземіз деп жоспарлап, 16 ауылды қамтыдық. «Интергаз Центральная Азия» компаниясының қолдауымен тағы екі ауылға газ берілді. Мен қолымнан келмейтін жұмысты айтпаймын. Ал айтқан уәдемді орындаймын, — деді облыс басшысы.

Газ кіргізіп, көгілдір отынның игілігін көріп отырған үйге бас сұққан облыс әкімі тұрғындардың қуанышын бөлісті.

Қыста бірнеше тонна көмір сатып аламыз. Кейде жетпей қалады. Қалтамызға да біраз салмақ болатын. Өзім мектепте мұғаліммін. Енді от жағып, күл шығарудан босап, қолым ұзарды. Қаншама жылдан бері күткен тілегіміз орындалғанына қуаныштымыз, — дейді ауыл тұрғыны Светлана Сағырова.

Облыс әкімі Оңдасын Сейілұлының қадағалауымен былтыр және биыл ауылдарға газ уақытынан бұрын беріліп жүр. Биыл да бірнеше ауылдарға газ құбыры бір жыл бұрын жеткізілген.

Облыс әкімінің айтуынша, газ құрылысын созудың қажеті жоқ. Мердігер компанияларға қойылған талап — келесі жылға қалдырмай, жыл аяғына дейін газ құрылыстарын аяқтау. Көгілдір отынға қол жеткізген сондай ауылдардың бірі —Әйтеке би ауданының Аралтоғай ауылы. Самара-Шымкент республикалық жолы жанай өтетін ауыл бұл жаңалықты зор қуанышпен қарсы алды. Аралтоғай ауылында 875 адам тұрады. Ал округ бойынша 4 елді мекенде 1782 тұрғын бар. Ақтөбе қаласынан 220, аудан орталығынан 110 шақырым қашық болғанымен, Аралтоғай ауылына дейінгі жол сайрап жатыр. «АСУ-К» ЖШС жүргізген газ құбырының ұзындығы — 23 шақырым. Жұмыстың жалпы құны — 299 миллион теңге. Округ орталығындағы 230 үй мен 4 әлеуметтік нысанға газ кіреді.

Тоғыз жолдың торабында тұрған Қарабұтақ ауылы да аудандағы ірі округтің бірі. Көлік қозғалысы көп, күре жолдың үстінде отырған ауылдың кемпингтері мен қонақүйлері жолаушылардан бір босамайды. Биыл Қарабұтақта «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасымен 5 көшеге асфальт төселді. Барлығы 29 көшенің түгелге жуығы жарықтандырылған. Қазіргі таңда су құбырын жаңарту үшін жобалық-сметалық құжаты дайындалып жатыр.

Жұмыс пен кәсіптің көзі көп окургте 3 мыңнан аса адам тұрады.

Белқопа ауылында жыл соңына дейін газ құбырының құрылысы аяқталады. Су құбырын тартуға байқау жарияланды. Жарөткел ауылына кіреберіс жол мен мектеп орналасқан көшені жаңарту, сонымен қатар ауызсумен қамту жұмыстары тұр. Ал Еңбекту ауылының көшелерін жарықтандырып, мектебін күрделі жөндеуден өткізбекпіз, — дейді аудан әкімі Дархан Ермағанбетов.

Келесі жылы Қарабұтақ ауылында спорт кешенінің құрылысы басталады.

Ауылымыз керемет көркейіп келе жатыр. Бұрындары біраз күйі кетіп қалған үйлер мен көшелердің көркі кірді. Өзім 42 жыл жол саласында жұмыс істедім. Ауылішілік жол салу қарқынына көңіліміз толып отыр. Ал үстімізден бұрынғы Ұлы Жібек жолының ізімен үлкен жол өтіп жатыр. Бір жылдары күйі кеткен ауылдың қайта гүлденуін көріп тұрмыз, — дейді ауыл тұрғыны Жалғасбек Төремұратов.

Қарабұтаққа келушілер саны жылдан-жылға көбейіп тұр. Әдетте ауылдық жерлерде, округтерде тұрғын үй тапшылығы болмайды. Ал Қарабұтақта 52 адам үй кезегінде тұр. Бұған қарап, ауылдың тұруға қолайлы, күнкөріс деңгейі өте жоғары екенін байқауға болады.

Селоның сәні — стадион

Темірбек Жүргенов атындағы аудан орталығына барған облыс әкімі алдымен мемлекет және қоғам қайраткерінің мүсініне гүл шоғын қойды. Мүсін жақында ғана «Жомарт-Әйтеке би» қоғамдық қорының қаржысымен тұрғызылған болатын.

Одан әрі облыс әкімі аудан орталығындағы биылғы жасалған ірі жұмыстардың басында болды. Аудан әкімі Дархан Ермағанбетовтің айтуынша, биыл 412 миллион теңгеге 7 көше жөнделген. Келесі жылы 6 көше жасалып, жарықтанып, облыстағы көшелері түгелімен жаңарған аудан болмақ.

Тәуелсіздік алғалы жөндеу көрмеген  Орталық стадион биыл адам танымастай өзгерген. Жүгіру жолы мен футбол алаңы, воркауттар мен 600 адамға арналған көрермен тұрағы салынып, әкімшілік үйі қалпына келтірілген. Стадион алаңына әйтекебилік жас балалармен кездескен облыс басшысы болашақ футболшылардың добына қолтаңбасын қалдырып, естелік суретке түсті.

Көпбалалы отбасылар үй алды

Әйтеке би ауданы бойынша 336 адам үй кезегінде тұр. Ал аудан орталығында 82 көпбалалы отбасы тұрғын үйге мұқтаж. Ауданда тұрғын үй мәселесін шешу үшін келесі жылы 15 тұрғын үйдің іргетасы құйылмақ. Биыл жаңадан салынған 2 пәтерлі 4 үйдің кілті көпбалалы отбасыларға берілді. Кезегі бойынша үй алған 8 отбасының бірі Талғат Өмірзақовтың шаңырағында болған облыс әкімі үй иелерінің қуаныштарын бөлісті.

Кезекте тұрғандарды баспанамен қамту тек облыс орталығында ғана емес, аудан, ауылдарда да қатар жүріп жатыр. Ең бастысы, балалар кедергісіз білім алуы керек. Сауатты, білімді ұрпақ тәрибелеп, өсіріңіздер. Сіз бен біздің жемісіміз сол болмақ, — деді облыс басшысы үй иелерімен әңгіме барысында.

Заманауи үлгімен салынып, ішіне еурожөндеу жасалған үш бөлмелі кең үйге орналасып жатқан балалардың қуанышында шек жоқ.

— Үй кезегінде қанша жыл тұрғаным есімде жоқ. Бұрынғы тұрған үйім тарлық етіп жүрген. Өзім теміржолда жұмыс істеймін. Келіншегім үйде, бала тәрбиесімен айналысады. Алты баламыз бар. Үлкені 11-де, ал кішісі 2 жасар. Төрт баламыз мектепте оқиды. Мұндай үйге ие болуыма себепші болған облыс, аудан әкімдеріне ризашылығымды айтамын, — дейді көпбалалы әке Талғат Өмірзақов.

Көңілден шыққан кітапхана

Ұлы тарихи тұлғалардың мекені саналатын Әйтеке би ауданы үшін кітапхана — киелі орын. Сондықтан да оқырманы көп өңірдің кітапханалары жаңа жүйемен жұмыс жасайды. Әйтеке би — облыстағы кітапханалары толық интернет желісімен қамтылған жалғыз аудан. Аудан орталығындағы орталық кітапхана биыл жаңа ғимаратқа көшкен.

Сыртқы келбеті көз тартатын, іші барлық талапқа сай жасақталған аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесі мемлекеттік мекемесінің ашылу салтанатына қатысқан облыс әкімі мұндағы жұмыстарға риза болды. Жергілікті бюджеттен жөндеу жұмысына 30 миллион теңге бөлінген. Кітап қоры 44 мың дана, 16900 оқырманы, 21 бөлімшесі бар кітапханада 42 қызметкер жұмыс істейді. Ал орталықтың өзінде 10 адам бар. Кітапхана «Beb-Rabis» желісіне қосылған. Барлық елді мекендердегі кітапханашылар бір мезетте онлайн арқылы бір-бірімен тығыз қарым-қатынаста болады. Сонымен қатар республикалық маңызы бар кітапханалармен де тікелей желі арқылы байланыс орнатуға толық мүмкіндік бар. Кітапхана жұмысымен таныстырған аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Анар Әбенова елді мекендердегі барлық кітапхана меңгерушілерінің ашылу салтанатына онлайн форматта қатысып отырғанын айтты.

Біз ауданның оқырмандарына анкеталық сауалдар жолдап, қандай кітап оқығысы келетінін анықтадық. Соған сәйкес жаңа оқулықтар алдырамыз. Бізде Wi-Fi желісі ашық тұрады. Келгендер ғаламтор арқылы өздері қалаған кітапты кедергісіз оқи алады. Бұл үшін мобильдік кітапхана жұмыс істейді. Ал балалар кітапханасында арнайы бұрыш жасақталған. Онда олар өздері кітап оқып қана қоймай, киносын да көре алады. Одан басқа құрастырмалы ойыншықтар бар, — дейді кітапхананың жұмысымен таныстырған А.Әбенова.

Мұнда интернеттің жылдамдығы — 10 мегабит.

— Бұл жақсы екен. Тұрақты интернет болсын. Мен қай ауылға барсам да, кітапханалар мен мектептердің интернет желісін тексеріп, қостыртамын. Көбінде көзбояушылық анықталады. Жеме-жемге келгенде интернет жылдамдығы жоқ. Байланыс нашар. Мұндайдан арылуымыз керек.

Аудандардағы мұнараларды өз мойнымызға алдық. Ал кітапханаға келетін болсақ, кітап оқу — өте керек дүние. Үлкен болсын, жастар болсын, кітап оқыса, рухани құндылығын жоғалтпайды. Оқырмандар, әсіресе жастар жағы тек қазақ әдебиетімен шектеліп қалмауы керек. Әлем әдебиетін, шетелдің аудармаларын оқысын. Сонымен қатар қазіргі заман талабына сай, бәсекеге қабілетті болуы үшін ғылыми кітаптарды көптеп парақтағаны дұрыс, — деді облыс әкімі.

Осылайша қос аудандағы сапарын қорытындылаған өңір басшысы Оңдасын Оразалин жергілікті және республикалық арналардың тілшілеріне облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы мен алда жасалатын жұмыстары туралы сұхбат берді.

Самат НАРЕГЕЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button