Басты жаңалықтарТәуелсіздік — 30

Елорда қасыңда тұрғандай сезіледі

Ел астанасы мен Ақтөбенің арасын жалғайтын цифрлық портал орнатылды. Ол қаладағы триатлон саябағында тұр.

Ақтөбені Нұр-Сұлтан қаласымен байланыстыратын жаңа цифрлық портал —кәсіпкер, «ASAR-реклама» ЖШС-ның бас директоры Геннадий Зобенконың тәуелсіздік мерейтойына орай туған жерге жасаған сыйы.

— Мен еліміздің Тәуелсіздік мерейтойына орай Ақтөбеге ерекше сый жасағым келді. Бұл — Еуропа қалаларында бар нәрсе. Екі қаланың арасында орнатылған экран арқылы алыста жүрген жақын адамыңмен тап қасыңда тұрғандай сөйлесуге болады. Тек екі адам емес, екі жақтан топ-топ болып та сөйлесуге де мүмкіндік бар. Әрине, телефон арқылы сөйлесесің, бірақ 1,5 мың шақырым алыстағы адамды қасыңа келгендей сезіне аласың, — деп түсіндірді кәсіпкер.

Расында, Нұр-Сұлтан мен Ақтөбедегі экрандардың алдына топ-топ болып жиналған жұртшылық кеше бірін-бірі құттықтап, Тәуелсіздіктің 30 жылдық тойын бастап та жібергендей болды. Алдымен сый иесі — Геннадий Зобенко құттықтау сөз сөйлеп, өзінің жүрекжарды тілектерін айтты. Одан соң Қазақстан еріктілер Лигасының облыстық бөлімшесінің төрайымы Зүлфия Набиулина, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің 1-курс студенті Тэмуджин Сәрсеновтер өз лебіздерін жеткізді. Тэмуджин өзінің Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арнаған өлеңін де оқыды.

Одан соң астаналықтарға кезек берілді. Ол жақтағы экран алдына еліміздің бас қаласында тұрып жатқан ақтөбеліктер, студенттер жиналыпты. Солардың арасынан бірнеше адам сөз алды. Мысалы, олардың қатарында Димаш Құдайбергеннің ата-анасы, өздері де белгілі әншілер — Қанат пен Света Айтбаевтар болды.

— Біз туған жерден жеткен әр жақсы жаңалыққа шексіз қуанамыз. Баршаңызды ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен құттықтаймын. Мен тәуелсіз еліміздің достары көп болса, айналамыз тек тілеулес жұртқа толы болса деп тілеймін. Лайым солай болғай! — деді Қанат Айтбаев.

Нұр-Сұлтандықтардың лебізінен кейін облыс әкімі Оңдасын Оразалин де сөз алды:

— Бұл, расында да ерекше сый болды. Мұндай жаңа дүниелерге, әсіресе, жастар үйір. Жастардың жаңа технологияларды, қазіргі заманның жаңалықтарын неғұрлым біліп, жақыннан көріп өсуінің пайдасы зор. Өйткені олар соны меңгеріп қана қоймай, одан әрі дамытуды да ойлайды, сөйтіп келешекте қазіргіден гөрі жетілген дүниелер жасап шығаруға ұмтылады. Болашақта біздің өңір жастарының арасынан үлкен ғалымдар шығып, елімізді дамытуға үлес қосады деп үміттенемін. Еліміздің тәуелсіздігі мәңгілік болғай! — деді Оңдасын Сейілұлы.

Салтанатты шараға қала әкімі Асхат Шахаров та қатысты.

Кеше кешкілік облыс әкімі Ақтөбе қаласындағы бірқатар гүлзарларды аралап, абаттандыруға қатысты атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Бұл туралы материалды газетіміздің келесі санынан оқи аласыздар.

Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button