Басты жаңалықтар

Қобдадағы оң өзгерістер

Кеше облыс әкімінің кезекті іссапары Қобда ауданында жалғасты.

Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуымен, мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуымен танысып, бірқатар елді мекендерді аралады.

Дәрігерлік амбулатория — халық игілігіне

Өңір басшысының жұмыс сапары Қобда ауданындағы Иманғали Білтабанов ауылынан басталды. Мұндағы жақында жаңадан салынған дәрігерлік амбулаторияның жұмысымен танысты. Жалпы аумағы 320 шаршы метрді құрайтын нысанның құрылысына 67 миллион теңге қаражат жұмсалған.

Қобда аудандық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Бақтияр Есенғосовтың айтуынша, дәрігерлік амбулатория бір күнде 30 адамды қабылдайды. Күндізгі стационарда 4 кереует, сондай-ақ терапевт, педиатр, стоматология, гинекология т.б кабинеттер бар.

Оңдасын Оразалин жылдың соңына дейін облыста осындай 8 дәрігерлік амбулатория қолданысқа берілетінін айта келе, халыққа тиімді, сапалы қызмет көрсету — басты міндеттердің бірі екендігін атап өтті.

Бұдан соң облыс басшысы осы ауылдағы күрделі жөндеуден өткен Мәдениет үйін аралады. 1976 жылы салынған ескі ғимараттың жөндеу жұмыстарына «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы  аясында Ұлттық қордан 82,6 миллион теңге, облыстық бюджеттен 9,2 миллион теңге қаржы бөлінген.

Мәдениет үйінде ауылдық модельді кітапхана, өлкетану музейі және балаларға арналған бірнеше үйірмелер де жұмыс істейді.  

— Бұрынғы ескі ғимаратымыз заман талабына сай қайта жаңартылып қолданысқа берілді. Бұл әсіресе балаларға өте қолайлы болып отыр. Сабақтан тыс бос уақыттарында кітапханаға келіп, түрлі үйірмелерге қатысады. Халыққа түрлі мәдени іс-шаралар ұйымдастырылады. Мұның барлығы үлкен қуаныш, — дейді Мәдениет үйіндегі би үйірмесінің жетекшісі Гүлназ Таңжарықова.

Ауыл көшелері жөнделді

Аудан әкімі Болат Құловтың айтуынша, биыл И.Білтабанов ауылының көшелеріне

толығымен түнгі жарықшамдары орнатылған. «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы аясында ұзындығы 1500 метр Астана көшесіне орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген. Сонымен қатар аудандық бюджеттен қаржы бөлініп, спорт алаңы қолданысқа берілген.

— Биыл Тәуелсіздігімізге 30 жыл толмақ. Осы жылдар ішінде көптеген қиыншылықтар болды. Халқымыз оның бәрін еңсере білді. Бүгінде елді мекендерге көгілдір отын, су кіргізіліп, жолдар жөнделіп жатыр. Бұл жұмыстар әлі де жалғасатын болады, — деді облыс әкімі.

Келер жылы Иманғали Білтабанов атындағы көшенің автомобиль жолын жөндеу, Астана көшесіне жаяу жүргіншілер жолын салу, сондай-ақ ауылға кіреберіс жолға орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу көзделіп отыр.

— Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаудың арқасында ауылымыз жылдан-жылға көркейіп келеді. Ауылда 900-ге жуық тұрғын бар. Бүгін жаңа дәрігерлік амбулатория қолданысқа беріліп, қуанып жатырмыз. Ауылымызда су, газ бар. Балаларымыз білім алып, жан-жақта қызмет атқаруда. Бұдан артық бізге не керек? — дейді ауыл тұрғыны Жалғас Мирманов.

Бұдан соң облыс басшысы Қобда ауылдық округіндегі бірқатар көшелердің жөндеу жұмыстарымен танысты. Биыл тамыз-қараша айлары аралығында ұзындығы 1271 метр болатын И.Білтабанов көшесіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізген. Сондай-ақ биыл ауылдық округтегі ағайынды Көпжасаровтар көшесіндегі жөндеу жұмыстары аяқталған. Жоба құны — 146,3 миллион теңге.

Қобданың құлпынайын жеңіз

Облыс әкімі аудан орталығында биыл сәуір айында іске қосылған «Дінмұхамед» жылыжайына да барды. Жеке кәсіпкер Тәттібек Әмірғалиев 540 шаршы метр аумаққа Орынбордан алдырған 6 түрлі құлпынай тұқымын еккен. Бүгінде ол 3 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.

— Биыл алғаш рет құлпынай егіп отырмыз. Әзірге 300 келі өнім алдық. Сұраныс бар. Келер жылдан бастап 1 тонна өнім аламыз деген жоспар бар. Өнімдерді сатуға аудан орталығынан бөлек, Ақтөбе қаласына да жібереміз. Қазір тағы жер учаскесін алдық. Алдағы жылы қияр, қызанақ, басқа да күнделікті тұрмысқа қажетті көкөністерді өсіруді қолға алмақпыз, — дейді Тәттібек Әмірғалиев.

Өңір басшысы жұмыс сапарының соңында Талдысай ауылдық округіне қарасты Абат – Байтақ кесенесінде болды. Биыл облыстық бюджеттен 62 миллион теңге қаражат бөлініп, кесене аумағына абаттандыру жұмыстары жүргізілген.

200 метр жаяу жүргіншілерге арналған жол төселіп, қорым аумағына жарықшамдар жүргізілген. Сондай-ақ шырақшы үйі толығымен жөнделіп, сумен және жоғарғы киловольтты электр тогымен қамтамасыз етілген. Мавзолейге есік пен терезелер орнатылған.

Қазіргі таңда қорым аумағындағы 47 құлпытасты қайта қалпына келтіру жұмыстары

жүргізілуде.

Іссапар соңында облыс әкімі аудан басшысына әлеуметтік-экономикалық көрсеткішті одан әрі дамыту, халықтың әл-ауқатын жақсарту, мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру жөнінде бірқатар тапсырма берді.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК,

Қобда ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button