«Ақтөбе — құтты мекен»

Таза қаланың тұрғындары марапатталды

«Ғашықтар» аллеясында Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаров қала аумағын абаттандыру, санитарлық тазалау және көгалдандыру шараларына белсенді қатысқан үздіктерді марапаттады.

Әуелі сөз сөйлеген Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаров:

— Биылғы ерекшелік —  біз, ақтөбеліктер тазалықтың екі айлығын бір емес, екі рет өткіздік. Бұл — облыс әкімінің идеясы. Қала қысқа таза түсуі тиіс, сонда көктемде ауқымды шаруалар да аз болады. Қала тазалығына ұжымдар да бірауыздан атсалысты, аула, пәтер иелері де ауызбіршілік танытты. «Таза Ақтөбе» деген атқа лайық болуға тырысуымыз керек. Әрине, тұратын жеріміздің таза болғаны бәрімізге де жақсы. Коммуналдық қызмет бәрін бірден қамти алмайды,  белсенді ақтөбеліктер кей шаруаны өздері қолға алып, көмектесті. Ақтөбенің тазаруына, көркеюіне атсалысып жүрген әр тұрғынға, ұжым басшыларына шын жүректен алғыс айтамын. Мысалы, қаламыздағы стихиялық қоқыс төгілген жер былтыр — 417 болса,  биыл бұл 230-ға азайды. Бұл да қаламыздың жанашыр тұрғындарының еңбегі, — деді. Сосын қала басшысы «Ең үздік жеке үй ауласы», «Ең үздік көп қабатты үй ауласы», «Ең үздік абаттандырылған мекеме» номинацияларының иегерлеріне, сондай-ақ үздік абаттандырылған балабақша, мектеп, кәсіптік білім беру мекемесі, Мәдениет үйі, спорт, денсаулық сақтау мекемесі басшыларына  Алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар, жас көшеттер табыстады.

Жас ұрпақты тазалыққа тәрбиелеп, табиғатқа жанашырлыққа үйрететін білім ошақтарына да арнайы номинация қарастырылған. Үздіктер қатарында №8, №10, №60, №69 орта мектептері, №51 гимназиясы, №55, №78 орта мектеп-гимназиялары және Благодар орта мектебі бар.

Көп қабатты тұрғын үй ауласын таза ұстауда белсенділік танытқан тұрғындардың бірі — «Нұр-Ақтөбенің» 1-шағын ауданындағы №29К үйінің тұрғыны Асылхан Набрешов. Ол өзі тұратын төрт қабатты үйде үш подъезд барын, көршілердің ауызбіршілігі мықты екенін айтты.

— Жаңа үйдің тұрғыны болғасын әу бастан тазалыққа мән беруді жөн көрдік. Ауламызды таза ұстауға, көріктендіруді қолға алдық. Терек көшеттерін ектік. Сөйтіп, жан-жағын қоршадық. Әрине, тұрғындардың татулығының арқасында бәрі сәтімен жасалып жатыр. «Ақбұлақ» арқылы су жүйесін де шешіп алдық. Ай сайынғы коммуналдық төлемін неше пәтер бар, соған бөліп төлейміз, — дейді Асылхан Набрешов.

Айтпақшы, «SAMGAU-2030» ЖШС жұмысшысы Орынбай Қондыбаев,

жеке кәсіпкер Светлана Симоненко, «Клин сити» ЖШС санитарлық тазалау бойынша инспекторы Сәкен Ерманов «Абаттандыру саласының үздік маманы» деп танылды. Ал «Қоршаған ортаға жанашырлығы үшін» «Таза жағалау» волонтерлік қозғалысының жетекшісі Жанат Күзембаева, эко-консультант, «Eco Network» компаниясының басқарушы директоры Айман Сексенова, «Диапазон» газетінің тілшісі Наталья Макеенко, Ақтөбе қаласының жастар ресурстық орталығының басшысы Жомарт Болысбайұлы марапатталды.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button