Жаңалықтар

Баспасөз — ұлттың мінбері

Зоя БРАЛОВА,

ардагер-ұстаз,

«Құрмет белгісі» орденінің иегері.

Баспасөз — 2022

Бастауында осыдан ғасырдан астам уақыт бұрын шыққан «Қазақ», «Айқап» сынды басылымдар тұрған қазақ баспасөзі өзінің бүткіл тарихында ұлттың сөзін сөйлеп, ұлттың мүддесін көздеп, ұлт мінбері болып келеді. Тіліміз, діліміз өгейлік көрген кешегі кеңестік заманда да біз өзіміздің ұлттың әдебиеті, тіл тағдыры туралы ой-пікірімізді осы газет-журналдар арқылы жеткіздік.

Соның ішінде облыстық «Ақтөбе» газетін өткен ғасырдың 60-жылдарынан бастап бүгінге дейін жаздырып аламын. Мен үшін бұл газет — елдің, өлкенің шежіресі, өткеннің айнасы ғана емес, өзімнің тіл жанашыры, әдебиетші ретіндегі айтарымды қалың оқырманға жеткізген, көкейдегі көп ойыма ортақтасқан сенімді сырласым, рухани серігім.

Ең алғаш, 1965 жылы, сабақ үстінде мені редакциядан бір адам іздеп келіп, Ілияс Жансүгіровтің шығармашылығы туралы мақала жазуымды өтінгені есімде. Бұрын мақала жазып көрмесем де, біраз күн әуреленіп, «Асқақ дарын, асыл азамат» атты мақаламды редакцияға апарып бердім. Газеттің осы алғашқы мақалам жарыққа шыққан санын әлі де сақтап келемін.

«Ақтөбе» газетінің бетінде тек менің ғана емес, біздің өңірдегі мыңдаған жандардың, көптеген шаңырақтың сәулелі, шуақты сәттеріне қатысты өз естелігі сақтаулы деп ойлаймын: жерлестеріміздің бірінің еңбектегі табысы, енді бірінің әкесінің алыс жылдардағы ерлігі, жас ғалымның ашқан жаңалығы, ұстаздың шәкірттерінен алған алғысы, алдыңғы буын — ағалардың өнегесі, бәрі-бәрі осы газеттің бетінде тұр. Басқа бұқаралық ақпарат құралдарынан гөрі, газеттің артықшылығы сонда, жақсы естелігің, ұнатқан дүниең айтылған, көрсетілген, қаралған жерде ұмытылып қалмайды, оны өзіңмен бірге ғұмыр бойы сақтауға мүмкіндік береді. Газет болған оқиғаны ақпарат ретінде беріп қана қоймайды, жан дүниеңді байытар пайым-пікірді қоса ұсынып, ой-өрісіңді кеңейтеді.

Сондықтан мен әрдайым өзімнің сүйікті газетімнің оқырманы көбейе берсе екен деп тілеп отырамын. Баршаңызды «Ақтөбе» газетіне жазылуға шақырамын.

Басқа жаңалықтар

Back to top button