Басты жаңалықтарЭкономика

Мемлекеттік бағдарламалар: «Дамумен» бірге даму

«Даму» қоры — еліміздегі бизнесті қолдау мен дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламалар аясында қаржылық қолдаудың іске асырылуын және мониторингін жүзеге асыратын негізгі оператор.  Бүгінде аталған қор «Бизнестің жол картасы», «Қарапайым заттар экономикасы» сынды мемлекеттік бағдарламалар бойынша субсидиялау, кепілдік беру секілді тетіктерді іске асырып отыр.

Жыл басынан бергі он айда облыста жалпы сомасы 38 250 млн теңгеге 1 351 жоба бойынша субсидиялау шартына қол қойылған. Оның ішінде «Бизнестің жол картасы-2025» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасының екінші бағыт бойынша жалпы несие сомасы 19 861 млн теңге болатын 338 жоба бойынша субсидиялау шарттарына қол қойылған.

— «Бизнестің жол картасы-2025» бағларламасы бойынша портфельдік субсидиялаудың бірінші бағыты былтырдан бастап қолға алынған болатын. Бұл бағыттың ерекшелігі сол — кәсіпкерлер «Даму» қорының кеңсесіне келмей-ақ, мемлекеттік қолдау ала алады, яғни бұл ретте субсидия беру, қордың кепілдігін беру жөніндегі шешімді банк тікелей өзі қабылдайды. Бұл бағдарлама аясында ісін жаңа бастаған және жұмыс істеп жатқан кәсіпкерлерге несие сомасының 85 пайызына дейінгі көлемде кепілдік беріліп, 20 миллион теңгеге дейін қолдау көрсетіледі. Портфельдік субсидиялаудың бірінші бағыты аясында биыл жыл басынан жалпы сомасы 5 785 миллион теңгеге 993 жоба бойынша субсидиялау шарттарына қол қойылды. Оның ішінде 30 пайызы — ауылдық жердегі кәсіпкерлер. Яғни бұл бағдарлама ауылдық жердегі кәсіпкерлер үшін де өте ыңғайлы болып отыр. Себебі кепілдік ұсынудың керегі жоқ. Банктер несие алар кезде кепілдік талап ететіні белгілі, ал осы бағдарлама аясында ауыл кәсіпкерлері қор атынан кепілдік ала алады. 

Сонымен бірге бағдарламаның екінші бағыты да қарқынды дамып келеді, бұл бағыт бойынша биыл 300-ге жуық кәсіпкер қолдауға ие болып,  өсім 72% пайызға жетті. Бұл өңірдегі кәсіпкерлердің мемлекеттік бағдарламалар ұсынып отырған жеңілдіктерді белсенді қолданып отырғанын көрсетеді. Ал «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша жалпы сомасы 12 604 миллион теңгеге 20 жоба бойынша субсидиялау шарттарына қол қойылды. Жыл басынан бергі 10 айдың қорытындысы бойынша қол қойылған субсидиялау шарттарының саны бойынша Ақтөбе облысы өңірлер арасында 3-орында тұр, — дейді «Даму» қорының облыстық филиалы директоры Айнагүл Байдәулетова.

Дағдарысқа қарсы қолдау шаралары шеңберінде пандемияға байланысты экономиканың неғұрлым зардап шеккен секторларында қызметін жүзеге асыратын шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің 171 жобасы бойынша қолдау көрсетілген.

Жыл басынан бергі он айда облыста кепілдік беру құралы бойынша 19 935 млн теңге несие сомасына 1 201 жоба бойынша кепілдік шарттарына қол қойылды (кепілдік сомасы 11 362 млн теңге болды).

— Оның ішінде «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасының екінші бағыты бойынша 10 316 миллион теңге несие сомасына 207 жоба, бағдарламаның бірінші бағыты бойынша 5 585 миллион теңге несие сомасына 980 жоба, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша 4 034 миллион теңге несие сомасына 14 жобаға қатысты кепілдік берілді. Осылайша Ақтөбе облысы берілген кепілдіктер саны бойынша өңірлер арасында 1-орынға шықты, — дейді «Даму» қорының облыстық филиалы директоры орынбасары Айнагүл Ниязова.

Өткен апта соңында «Даму» қорының облыстық филиалы мемлекеттік бағдарламалар аясында қолдау тапқан кәсіпорындарға баспасөз турын ұйымдастырды. Журналистер түрлі қызмет салаларында бизнес-идеяларды іске асырып отырған 3 кәсіпорынның жұмысымен танысты.

Біз барған алғашқы кәсіпорын — қалада «Samal Cakes» брендімен танымал кондитерлік өнімдер шығаратын кәсіпорын. Кәсіпкер Самал Асанова екі жыл бұрын кәсібін жалдамалы пәтерде бастаған. Өзі жұмыс істеп жүріп, тұрғындардан тапсырыс алып, жалдамалы пәтерінде торт пісіргенін айтады.

—  2019 жылы Ақтөбе қаласында алғашқы дүкенімді аштым. Содан бергі екі жыл ішінде дүкеніміздің саны алтыға жетті. Өз цехым болмады. Ал сұраныс күн сайын көбейіп келе жатыр. Өз цехымызды ашу үшін ғимарат қажет болды. Оны өз күшіммен сатып алу қиын болғандықтан, мемлекеттік бағдарламаларға жүгіндім. «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы аясында «Bank RBK» акционерлік қоғамы арқылы жылдық 15 пайызбен несие алдық. Оның 6 пайызын өзім төлеймін, қалғанын мемлекет субсидиялайды. Сонымен қатар несие аларда қоятын кепілдіктің жетпеуіне байланысты «Даму» қоры қарыз сомасының 35% мөлшерінде кепілдік берді, бұл компанияға жобаны толық көлемде іске асыруға мүмкіндік берді. Осылайша өз цехымызды аштық, — дейді Самал Асанова.

Бүгінде аталған кәсіпорында 100-ден астам адам еңбек етіп жатыр. Күн сайын сауда сөрелеріне 100-ден астам торт, кондитерлік өнімдер шығарылады екен. Ал цехтың басында 60-қа жуық адам жұмыс істейді. Цех басқарушысы Жазира Махамбетованың айтуынша, кондитерлік өнімдер жасау барысында жергілікті шикізаттар пайдалынылады.

— Мұнда жұмыс істейтіндердің барлығы да өз ісінің шеберлері. Өз кәсібім шеңберінде болашақ кондитерлерге арналған курстар өткіземін, бүгінге дейін 7 мыңға жуық адамды оқыттым. Курсқа еліміздің түкпір-түкпірінен қыз-келіншектер келеді. Өзім де білімімді тұрақты дамытып отырамын. Жақында Мәскеуде өткен ЭКСПО көрмесіне барып, түрлі қызықты идеялармен таныстым. Болашақта кәсібімді кеңейтіп, басқа қалаларда да кондитерлік желілер ашқым келеді, — дейді Самал Асанова.

«Pizza House» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі де пиццерияға жабдық, жиһаз сатып алуға, жөндеу жұмыстарын жүргізуге, сондай-ақ айналым қаражатын толықтыруға бағытталған жобасын жүзеге асыру үшін мемлекеттік бағдарламаға жүгінген. Бұл жобаны «Сбербанк» акционерлік қоғамы қолдағаны арқасында кәсіпкер «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы аясында жылдық 14 пайызбен несие алды. Оның пайызын кәсіпкер төлейді, ал қалғанын мемлекет субсидиялайды, сондай-ақ компания нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасы шеңберінде жеңілдікпен несие алған.

— Компанияның негізгі қызметі — «Dodo Pizza» халықаралық франшизасы бойынша Ақтөбе қаласының аумағында «Dodo Pizza» пиццерия желісін дамыту. Жалпы, кәсіпті бастаған кезден «Даму» қоры арқылы мемлекеттік бағдарламалардың игілігін көріп келе жатырмыз. Ісін жаңа бастаған болсын, жұмыс істеп келе жатқан болсын — барлық кәсіпкер үшін толық аяққа тұрып кеткенше мемлекеттің қолдауы өте маңызды. Осы қолдаудың арқасында бүгінге дейін біз қала бойынша үшінші пиццерияны ашып отырмыз,  —  дейді «Pizza House» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өңірлік желілер басқарушысы Гаухар Өтегенова.

Гаухар Өтегенованың айтуынша, фаст-фуд өнімдерін жасау үшін арнайы шикізаттар пайдаланылады. «Dodo» деп аталатын ұнның өзі, басқа да шикізаттар апта сайын халықаралық франшиза талаптарына сай Мәскеуден әкелінеді екен.

— Өнімнің сапасы, қызмет көрсету деңгейі, қызметкерлердің жұмыс істеуге жасалатын жағдай, өнімді жеткізу уақыты — барлығы да апта сайын тұрақты түрде қадағаланып, мониторинг жасалып тұрады. Жасырын сатып алушылар осындай 20 критерий бойынша сауалнама жүргізеді. Оған қоса біздің қызметкерлеріміз де анонимді сауалнамаларға қатысады. Қызметкерлерге бар жағдай жасалған, негізінен, жастар, студенттер жұмыс істейді. Өздерінің жұмыс істеу уақытын әрбір адам өздері белгілейді. Ұжымда Кайдзен менеджменті бойынша жұмыс істейміз. Бізде қателік жасағаны үшін қызметкерді жазалау деген мүлде жоқ, керісінше, ұжым болып сол қателікті болдырмауға тырысамыз. Жастарды өзіміз оқытамыз, сатылап өсіреміз, — дейді ол.

Осында алты ай бұрын жұмысқа келген Айжан Медет алдымен стажер, содан кейін пицца әзірлеуші, кассир болып еңбек еткен. Міне, енді қалада ашылған үшінші пиццерияның басқарушысы болып тағайындалған.

— Құдайберген Жұбанов атындағы өңірлік университетте оқып жатырмын. Қосымша осы пиццерияда жұмыс істеймін. Жұмыс істеу өте ыңғайлы, себебі жұмыс істеу уақытымызды өзіміз белгілейміз, —  дейді ол.

«Vega Жиһаз» серіктестігінің медициналық кереуеттер мен кушеткалар өндірісі үшін жабдықтар сатып алуға, сондай-ақ айналым қаражатын толықтыруға бағытталған жобасы «Қазақстан Халық Банкі» акционерлік қоғамының қолдауына ие болды. «Бизнестің жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы бойынша жылдық 14,5% пайызбен берілген несиенің 6 пайызын кәсіпкер төлейді, ал айырмасын мемлекет субсидиялайды.

— Сонымен қатар кепілдік қамтамасыз етудің жетіспеушілігіне байланысты «Даму» қоры қарыз сомасының 50 пайызы мөлшерінде кепілдік берді, бұл компанияға жобаны толық көлемде іске асыруға жағдай жасады. Біздің жобамыз өңір үшін өте тиімді әрі керек жоба: негізінен, медициналық жиһаздар шығарамыз. Пандемия кезінде ауруханаларда кереуеттер, басқа да медициналық жиһаздардың жетіспеушілігі байқалған болатын, сондықтан осындай бір кәсіпорын қажет деген шешімге келдік, — дейді аталған серіктестік директорының орынбасары Татьяна Шнайдер.

Кәсіпорын биыл мамыр айында ашылды. Бірінші тапсырыс «Дару» медициналық мекемесі үшін әзірленді. Онымен бірге жекелей тапсырыс берушілер үшін де жиһаздар дайындалады.

— 1, 2, 3, 4 секциялық медициналық кереуеттер жасап жатырмыз. Кеудені көтеріп отыруға, аяқты көтеріп қоюға, қолмен ұстап орнынан тұруға ыңғайлы секциялары бар. Сонымен бірге жекелей тапсырыс берушілер үшін де жиһаздар әзірлейміз. Мұндай медициналық жиһаздар жасайтын кәсіпорындар елімізде тек үш облыста ғана бар — Қостанайда, Шымкентте және Ақтөбеде. Сондықтан алдағы уақытта тапсырыстар көбейеді деген ойдамыз, — дейді Т.Шнайдер.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button