Денсаулық

Ерікті түрде жүргізіледі

Елімізде 12 мен 18 жас аралығындағы балаларды, аяғы ауыр әйелдер мен емізулі сәбиі бар аналарды коронавирус инфекциясына қарсы вакциналау үшін АҚШ-тың «Pfizer» вакцинасы қолданылады. Сейсенбі күні осы вакцинаның алғашқы бөлігі Алматыға әкелінді.

Осыған байланысты кеше өңірлік коммуникациялар орталығында облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Мұхтар Сербаевтың, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Күштаеваның және облыстың бас инфекционист-дәрігері Мейрамбек Құрманғазиннің қатысуымен брифинг өтіп, ол әлеуметтік желілердегі aktobe­_press парақшасы арқылы ­тікелей эфирде таратылды.

Айгүл Күштаеваның айтуынша, бүгінде әлемде 20-дан астам елде балаларды вакциналау көзделіп отыр. Оның ішінде, мысалы, Қытайда 3 жастан, ал АҚШ-та 5 жастан асқан балалар коронавирус инфекциясына қарсы егіледі. Біздің елімізде 12 жастан бастап коронавирусқа қарсы екпе алуға болады.

— Балаларды вакциналау олардың ата-аналары мен заңды өкілдерінің рұқсатымен ғана, яғни ерікті түрде жүргізіледі. Екпе алудан бас тартқан жағдайда ешқандай қудалау болмайды. Бұл заңда көрсетілген, — деді Айгүл Күштаева.

Сондай-ақ бала вакцина алған кезде қалауы бойынша ата-аналардың қатысуға құқы бар.

Тікелей эфирде айтылғандай, Ақтөбеге әзірге «Pfizer» вакцинасы әкелінген жоқ, алайда оны қабылдап, сақтауға арналған қойма әзір тұр. Бұл вакцина

-90 С пен -60 С аралығындағы температурада сақталады. Ал ерітілгеннен кейін 31 күнге дейін сақтауға болады.

Аяғы ауыр әйелдерді жүктіліктің 16-37 апталығы арасында ғана егуге рұқсат беріледі. Ал босанғаннан кейін, 42 күнге дейін вакцина алуға болмайды.

Мамандар вакцина алудың тиімді жақтарын да атап кетті. Бұлар — коронавирус инфекциясын жұқтырған жағдайда, аурудың жеңіл өтетіні «ұжымдық иммунитет» қалыптастыруға әсері, т.б.

Сондай-ақ мамандарға көпшіліктің сауалдары да жолданды. Мысалы, «Pfizer» вакцинасы балалар мен аналардан артылған жағдайда, басқа адамдардың да осы вакцинамен ақылы түрде егілуіне мүмкіндік бола ма деген сауал қойылды. Әрине, бұған жауап беру мүмкін болмады. Өйткені, жоғарыда айтқанымыздай, әзірге облысқа аталмыш вакцина келген жоқ. Дегенмен сұрақ иесінің оны басқа вакциналардан тиімді санайтыны аңғарылды.

Жалпы, мамандардың айтуынша, бүгінгі күні коронавирус инфекциясын, яғни пандемияны тоқтатудың жолы — вакциналау, сонымен қатар жиі саяхаттамай, мүмкіндігінше оқшаулануға тырысу және санитарлық талаптарды қатаң сақтау болып отыр.

А.САРЫБАЙ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button