Жаңалықтар

Шектеу шараларын бұзған 945 тұлғаға айыппұл салынды

Тікелей эфир

Облыста соңғы тәулікте коронавирус инфекциясын жұқтырған 20 жағдай тіркелген. Қазір инфекциялық ауруханаларда 154, жансақтау бөлімінде 25 науқас ем алып жатыр.

Бұл туралы кеше тікелей эфир барысында облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының міндетін атқарушы Гүлбану Дәулетова мен облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бекболат Ізбасаров мәлімдеді.

Гүлбану Дәулетованың айтуынша, соңғы тәулікте тіркелген 20 науқастың 18-інде індеттің симптомдары болса, екі адам симптомсыз ауырған.

— Жалпы, облыста коронавируспен ауырған 34 598 жағдай тіркелді, оның ішінде 76,4 пайызы ауру белгілерімен және 23,5 пайызы — симптомсыз жағдай.

33 867 науқас жазылып шықты. 34 598 науқастың 0,7 пайызы ауруды сырттан әкелген болса, 11,8 пайызы — ауру адаммен қарым-қатынаста болғандар, 87,4 пайызы — жергілікті жағдайлар. ​​​Қазіргі таңда үй карантиніне 8075 адам алынып, оларға медициналық бақылау жүргізілуде, — деді Г.Дәулетова.

Оның айтуынша, қазіргі таңда облыста мобильді мониторингтік топтар жеке және заңды тұлғалардың нысандарда шектеу шараларын орындауын, соның ішінде бетперде тағу режимін тексеріп, сондай-ақ пандемияға қарсы іс-шаралар бойынша рейдтік тексерулер жүргізуде. Мобильді мониторингтік топтардан және жергілікті полиция қызметінен түскен материалдарға сәйкес биыл жыл басынан бері өңірде «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» ҚР Кодексінің 425-бабы 1-бөлігі бойынша анықталған бұзушылықтар үшін 92 815 955 теңге көлемінде 945 тұлғаға айыппұл салынған.

— Бұған дейін облыстың 4308 кәсіпкері «Ashyq» жобасына қатысуға өтініш беріп, олардың барлығына да QR-кодтары жүктелді. Қазіргі таңда олардың арасында «Көшбасшы» мәртебесі бар қатысушылар саны — 127. Айталық, бағдарлама енгізілгеннен бастап өңірде «Ashyq» жобасы аясында «сары» статусы бар 246, ал «қызыл» статусы бар 361 адам анықталған. Оның ішінде «қызыл» статусы бар 118 жеке тұлғаға «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» Кодекстің 425-бабы бірінші тармағына сәйкес әкімшілік шара қолданылып, жалпы мөлшері  5 206 829 теңгеге айыппұл салынды, — деді Г.Дәулетова.

Ал Бекболат Ізбасаровтың айтуынша, стационарларда жатқан науқастардың саны біршама азайған. Қазіргі таңда инфекциялық ауруханаларда 154 адам ем алуда. Жансақтау бөлімінде 25 науқас жатыр. Оның 4-еуі жасанды желдету аппаратына, 4 адам өкпені инвазивті емес желдету аппаратына қосылған. Ал індет жұқтырған 36 бала бақылауда тұр. Оның ішінде бір бала стационарда ем алып жатыр. Сондай-ақ КВИ-мен тіркелген 14 жүкті әйел медициналық бақылауда. Карантиндік стационарларда 2 адам ем алып жатыр.

  • Қазір стационардағы кереуеттердің 42,2 пайызы, жансақтау бөліміндегі кереуеттердің 38,2 пайызы толық. Өңірде 12 зертхана жұмыс жасап тұр. Оларда соңғы тәулікте 2601 зерттеу жүргізілген. Жалпы, індет басталғалы 997 538ПТР-тест тапсырылған, — деді Б.Ізбасаров.

  Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button