Басты жаңалықтар

Облыста ауыл шаруашылығын дамытуға мүмкіндік мол

Кеше «Солнечный» демалыс орнында облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің қатысуымен «Ақтөбе облысының ауыл шаруашылығы саласын дамытудың жаңа мүмкіндіктері» тақырыбында семинар өтті.

Семинарға ғалымдар, облыстағы ауылшаруашылық құрылымдарының басшылары, агроөнеркәсіп кешенін дамытуға бағдарланған қаржы институттарының өкілдері, мал дәрігерлері, т.б. қатысты.

Шарада алдыңғы қатарлы технологияларды пайдалана отырып, ауыл шаруашылығы өнімдерінің сапасын көтеру, өңірде осы саланы дамытуға бағытталған жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды.

Семинарда облыс әкімі Оңдасын Оразалин биылғы жылы өңірдегі ауыл шаруашылығы саласында атқарылған жұмыстарды айтып берді.

  • Ауыл шаруашылығы — өңірдегі маңызды экономикалық салалардың бірі. Биыл бұл салада біздің қол жеткізген жетістіктеріміз аз емес. Енді біздің алдымызда ауыл шаруашылығы саласын заманауи талаптарға сай әрі қарай дамыту бойынша бірқатар міндеттер тұр. Олардың қатарында осы саланың мемлекеттік қолдау шараларын тиімді жүзеге асыру міндеті де бар. Бұл азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, өнім сапасы мен өнімділік көлемін көтеруге, ауыл шаруашылығы өнімдерінің бағасын тұрақтандыруға мүмкіндік береді.

Биыл ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді мемлекеттік қолдау мақсатында республикалық және жергілікті бюджеттен шамамен 23,7 миллиард теңге субсидия бөлінді. Оның 13,3 миллиард теңгесі асылтұқымды мал шаруашылығын дамытуға, 7 миллиард теңгесі мал азығын дайындауға жұмсалды. Сондай-ақ  ауыл шаруашылығы техникасын жаңартуды ынталандыру үшін жергілікті бюджет есебінен осы мақсаттарды субсидиялау көлемі 25 пайыздан 35 пайызға дейін ұлғайтылды.

Жалпы, биыл жыл басынан бері облысымызда 270 миллиард теңгеге ауыл шаруашылығы өнімі өндірілді. Бұл — өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, едәуір жақсы көрсеткіш. Сондай-ақ бүгінде өңірде суармалы жерлерді пайдалануға беру жұмыстары да белсенді жүріп жатыр. Қазіргі уақытта республикалық бюджет есебінен облыста 10,6 мың гектар суармалы жерлерге қажетті инфрақұрылым тарту жұмыстары жүргізілуде, — деген облыс әкімі тәуелсіздік жылдарында өңірде ауыл шаруашылығы саласында жасалған жұмыстарға тоқталып, бүгінгі күні қолға алынып жатқан жаңа жобалардың нәтижесінде болашақта бұл сала қарқынды дамитынын жеткізді.

Бұдан кейін семинарда облыс әкімінің орынбасары Жақсығали Иманқұлов «Ақтөбе облысында ауыл шаруашылығының дамуы туралы» тақырыбында баяндама жасады.

Оның айтуынша, биылғы жылы облыста ірі қара мал саны 9,9 пайызға, жылқы 14,0 пайызға артқан. Есептік кезеңде 106,3 мың тонна ет және 286,8 мың тонна сүт өндіріліп, өсім 103% пайызды құраған.

  • Қазіргі таңда ауылдық елді мекендердің дамуына зор көңіл бөлінуде. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы аясында биыл облыстағы 33 ауылда жалпы құны 6,1 миллиард теңгеге 69 жоба жүзеге асырылып жатыр. Сондай-ақ өңірде «Жұмыспен қамту жол картасы-2020», «Еңбек» бағдарламалары аясында жалпы мөлшері 5,5 миллиард теңгеге 930 жоба іске асырылуда, — деді ол.

Ж.Иманқұловтың айтуынша, қазіргі таңда облыста мал азығы өндірісінің жағдайын жақсарту үшін мал азығы дақылдарының көлемін ұлғайту туралы бағдарлама әзірленуде. Келер жылдан бастап инвестициялық субсидиялау бағдарламасының шеңберінде сатып алынған мал азығы техникаларын жергілікті бюджет арқылы 35 пайызға, ал ауыл шаруашылығы кооперативтеріне 50 пайызға дейін ұлғайту қаралуда.

Осындай мемлекеттік қолдау шараларының нәтижесінде 2025 жылға дейін мал азығы дақылдарының барлық егіс құрылымындағы үлесі 35 пайыздан төмендетпеу жоспарлануда. Сонымен қатар құрғақшылыққа төзімді майлы дақылдардың да егіс көлемін ұлғайтуымыз қажет, — деді ол.

Семинарда ауыл шаруашылығы саласын дамыту, оның ішінде майлы дақылдар мен мал азығы өндірісін ұлғайту, кооперативтер құру, асылтұқымды мал шаруашылығына қолдау көрсету, т.б. мәселелер бойынша ауыл шаруашылығы ғылымының докторы, профессор Едіге Насамбаев, ауыл шаруашылығы ғылымының кандидаты Алдаберген Нұғманов, Аралтоғай ауылдық округінің бас мал дәрігері Абзал Нығымет, «Шопан ата» қоғамдық бірлестігінің өкілі Балнұр Ермекбаева, т.б. баяндамалары тыңдалды.

Түстен кейін семинарға қатысушылар бірнеше секцияға бөлініп, өзара пікір алмасып, өздерінің толғандырған сауалдарына жауап алды.

Данагүл ҚАЗИХАН.  

Басқа жаңалықтар

Back to top button