«Ақтөбе — құтты мекен»Басты жаңалықтар

Кәсіп бастаудың тиімді мүмкіндіктері

Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасы — халықты нәтижелі жұмыспен қамтуға және азаматтарды кәсіпкерлікке тартуға бағытталған бірегей бағдарлама. Мамандығына сай қызмет табылмаса, қайта даярлау курстары қарастырылған. Сондай-ақ кәсіп бастаймын деушілерге шағын несиелер мен қайтарымсыз гранттар беріледі.

94 адамға шағын несие берілді

— Биылғы жылдың он айында «Еңбек» бағдарламасы аясында өз істерін ашу  немесе кеңейту үшін 94 адамға 940,7 миллион теңгеге шағын несие берілді. 330 адам 200 айлық есептік көрсеткіш (583 400 тг) көлемінде қайтарымсыз грантқа ие болды. Қысқа мерзімді қайта даярлау курсын аяқтаған азаматтар арасынан 10 адам мемлекеттік грантқа ие болды, — дейді Ақтөбе қалалық жұмыспен қамту орталығының директоры Алтынай Маханова.

Кәсіпкерлер алған қаражаттарына тігін шеберханасы, наубайхана, сән салоны, фотостудия, қыз жасауы орталықтарын ашса, енді біреулері кондитерлік және жартылай дайын өнімдерді шығаруды, мал, құс шаруашылықтарымен айналысуды басқа да кәсіп түрлерін бастады.

Грант ұтып, тігін бизнесін бастады

Қазіргі таңда жұ­мыссыздарға әртүрлі мамандықтар бойын­ша курстар ашылып, кәсіптік білік­тіліктерін арттыру ісі қолға алынғаны белгілі. Қысқа мерзімді қайта даярлау курстары еңбек нарығына қажетті мамандықтар бойынша оқытылады.

Ақтөбелік Шынар Ибраймова — «Бастау-Бизнес» жобасы аясында 583 мың теңге қайтарымсыз грантқа ие болғандардың бірі. Ол қазіргі таңда үйінің бір бөлмесінен тігін ательесін ашты. Бала күнінен анасының ою ойып, киім тіккенін көріп өскен ол қазақтың қолөнеріне ерекше қызықты. Бүгінде тігіншілікке ден қойып, тапсырыспен қыз жасауы, қалыңдық көйлектері мен ұлттық киімдерге, басқа да кез келген киім түріне тапсырыс қабылдайды. Бүгінде тұрынушылары Ақтөбе қаласынан ғана емес, облыс аудандарынан да бар.

— Дизайнер болу — бала күнгі арманым. 2005 жылы Ақтөбе гуманитарлық колледжін киім дизайны мамандығы бойынша бітіріп шықтым. Мектепте еңбек пәнінен сабақ бердім. Әлеуметтік желі арқылы «Бастау-Бизнес» жобасы туралы біліп, өз ісімді ашуды мақсат еттім. Жұмыспен қамту орталығына жұмыссыз ретінде тіркеліп, арнайы тігін курсын бітірдім. Грант қаражатына үш тігін машинасын, басқа да осы кәсібіме қажетті құрал-жабдықтарымды сатып алдым. Тапсырыс берушінің талғамына қарай балалар мен үлкендерге арналған киімдер тігемін. Сұраныс жоғары. Әсіресе мереке күндері қарсаңында тапсырыс көбейеді, — дейді тігінші.

Шынар алдағы уақытта 5 миллион теңгенің грантын алу үшін арнайы бағдараламаға қатысуға ниетті. Жеке ательесін ашып, тігін тіккісі келетін қыз-келіншектерге арнайы курс оқыту да жоспарында бар.

БІЗДІҢ ДЕРЕК:

Былтыр пандемияға байланысты төтенше жағдай кезінде Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша тұрғындарды жұмыспен қамтудың негізгі құралы — «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы іске қосылды. Осы мақсатта  Ақтөбе қаласында 111 инфрақұрылымдық жоба іске асырылып, Ақтөбе қалалық жұмыспен қамту орталығына жүгінген 3635 адам жұмысқа тұрған.

Жастарға арналған жұмыстар

Жастар үшін «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы» аясында тұрақты және әлеуметтік жұмыс орындары, жастар тәжірибесі, қоғамдық жұмыстар, қысқа мерзімді қайта даярлау курстары, сондай-ақ өз кәсібін ашу және кеңейту мақсатында шағын несие алу жолдары қарастырылған.

— Ақтөбе қаласында «Еңбек»  бағдарламасы аясында 11955 азамат жұмыспен қамтылды, оның 5929-ы — 29 жасқа дейінгі жастар.

Бағдарламаның бірінші бағыты бойынша қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға 43 жас жолдама алды. Екінші бағыты бойынша 74 жас 583 400 теңге қайтарымсыз грантқа қол жеткізді. «Бастау-Бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздері курсына 90 жас бағытталды. Шағын несиеге 18 жас қол жеткізді.

Оқу орнын енді ғана аяқтап, қолына диплом алған жас мамандардың барлығы бірден жұмысқа орналаса бермейді. Бұл жағдайда жастарға арналған «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы бар.

Бағдарламаның үшінші бағыты шеңберінде «Жастар тәжірибесі» бойынша 538 түлек жұмысқа орналасты. Жалақысы әлеуметтік төлемдерімен 72 925 теңгені құрайды. Әлеуметтік жұмыс орындарына 85 жас жұмысқа тұрса, «Алғашқы жұмыс орны» жобасына 29 жас бағытталды. Жобаның мақсаты — жастардың алғашқы жұмыс орындарына өз мамандықтары бойынша тәжірибе жинақтап, әрі қарай сол жерде тұрақты жұмысқа орналасуына ықпал ету. «Ұрпақтар келісімшарты» жобасына 6 жас бағытталды. Бұл жобаның мақсаты — зейнеткерлік жасқа жетсе де жұмыс істеп жүргендерді ауыстыру арқылы жұмысқа орналастыру. Сондай-ақ 4293 жас тұрақты жұмыс орындарына тұрса, 199 жас қоғамдық жұмыстарға тартылды, — дейді Алтынай Маханова.

Биыл Ақтөбе қалалық жұмыспен қамту орталығы арқылы «Жасыл ел» жобасы аясында 554 жас жұмысқа тұрды. Оның 257-сі —  студенттер, 287-сі — мектеп оқушылары. Бағдарлама аясында жоғары сынып оқушылары мен студенттер қаланы абаттандыру және көгалдандыру, бордюрлерді әктеу, қураған талдарды кесу, қоқыстарды жинақтау жұмыстарын атқарды.

Қоғамдық жұмыстарға қатысатын адамдардың жалақы мөлшері әлеуметтік төлемдерін қосқанда 65 000 теңгені құрайды.

Қалалық жұмыспен қамту орталығының ұйымдастыруымен, жоғары және арнаулы-орта оқу орындарының түлектерімен кездесулер өткізіліп, «Жастар тәжірибесі» жөнінде толық ақпарат берілді. Сонымен қатар орталық мамандары қалалық телеарналарда сұхбат беру арқылы «Еңбек» бағдарламасы аясында жастарды тарту мақсатында түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Қазіргі таңда бұл жұмыстар жалғасуда.

— Тәжірибесі жоқ 29 жасқа дейінгі, 2019-2021 жылы оқу орындарын аяқтаған жастарды бастапқы тәжірибе жинақтау үшін 6 ай мерзімдік «Жастар тәжірибесі» бағдарламасына шақырамыз. Ол үшін жеке басты куәландыратын  куәлік, диплом, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға әлеуметтік және кәсіби оңалту бағдарламасы анықтамасының көшірмесін тапсыру сұралады. Барлық құжаттардың түпнұсқасы мен көшірмесін  ұсыну қажет, — дейді орталық директоры.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button