«Ақтөбе — құтты мекен»Басты жаңалықтар

ПИК-тің орнын МИБ басады. Не өзгереді?

2022 жылдың 1 шілдесінен бастап Ақтөбе қаласындағы 1868 көппәтерлі тұрғын үй басқарудың жаңа формасына көшеді. Яғни бұрынғы пәтер иелері кооперативтері мен кондоминиумдер өз қызметтерін тоқтатады. Енді олардың міндетін меншік иелері бірлестігі мен жай серіктестіктер атқарады.

Көппәтерлі үйлерді басқарудың формасы өзгергендігі туралы біз бұған дейін де сан мәрте айтқан болатынбыз. Қала бойынша әзірге 65 көпқабатты үй меншік иелері бірлестігіне, 1426 үй жай серіктестікке өтіпті. Ал қалған 377 үйдің тұрғындарына түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ақтөбе қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің сектор меңгерушісі Ақнұр Қазбаеваның айтуынша, жыл соңына дейін қалған тұрғындардың барлығы басқарудың жаңа формасына көшуге тиіс.

Тұрғындарға түсінікті болу үшін алдымен меншік иелері бірлестігі мен жай серіктестік деген не, үй басқарудың жаңа формасына өтудің артықшылығы қандай деген сұрақтарға жауап берейік.

Сонымен…

Жаңа формат: «Бір үй — бір бірлестік — бір есепшот»

Бұрын көппәтерлі тұрғын үйді басқарудың төрт формасы болды. Олар — пәтер иелері кооперативі, кондоминиум нысандары, басқарушы компаниялар мен басқа да формалар. Ал қазіргі қолданысқа енген Заңға сәйкес мұндай үйлерді басқарудың екі формасы енгізілді. Енді жаңа үйлер пайдалануға берілетін болса, ондағы тұрғындар тек осы екі форманы ғана таңдай алады.

2020 жылы 7 қаңтарда «Қазақстан Республикасының Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңына өзгерістер енгізіліп, күшіне енді. Заң негізгі мәселелерді шешуге бағытталған. Оның бірі — «Бір үй — бір бірлестік — бір есепшот» қағидаты бойынша «Мүлік иелерінің бірлестігі» коммерциялық емес ұйымының жаңа нысанын құру жолымен басқару органдарының қызметін реттеу. Жаңа заңға сәйкес қазір пәтер иелері кооперативтері мен кондоминиумға өткен үйлер 2022 жылдың 1 шілдесіне дейін басқарудың жаңа формасына көшуге тиіс. Яғни олар осы мерзімге дейін өздерінің жұмысын тоқтатуы керек. Заңға сәйкес үш жылдың ішінде қаладағы барлық үйлер басқарудың екі формасына өтуі қажет.

— Алдымен түсінікті болу үшін мүліктің меншік иелері мен жай серіктестіктің айырмашылығы туралы айта кетейік.Мүліктің меншік иелері бірлестігі — әділет департаментінен тіркеуден өтетін заңды тұлға. Салық басқармасынан сәйкестендіру нөмірін алғаннан кейін, тұрғындар банктен немесе Қазпоштадан екі есепшот ашады: ағымдағы және жинақтаушы. Ал жай серіктестік дегеніміз қаладағы 2-3 қабатты үйлерде құрылады. Ал 3 қабаттан жоғары үйлер меншік иелері бірлестігіне өтуге тиіс. Жай серіктестіктер заңды тұлғаға жатпайды, тек тұрғын үй инспекциясынан тіркеуден өтеді, — деген Ақнұр Қазбаева құрылған әр бірлестікті басқаратын жетекші жұмысты сервистік компаниялар арқылы келісімшарт жасай отырып атқаратынын айтты.

Сұхбат барысында қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің сектор меңгерушісінен тұрғындар меншік иелері бірлестігіне өткен соң, көпқабатты тұрғын үйдің шатырын жөндеу, ауланы абаттандыру, ойын алаңдарын қайта қалпына келтіру жұмыстарын кім жүргізетіндігін сұрадық.

— Жоғарыда айтқанымдай, тұрғындар арнайы есепшоттар ашады. Егер сол үйде қандай да бір мәселелер туындаса, жинақтаушы есепшоттағы қаражатты пайдаланады. Ол қаражатты тұрғындардың 70 пайызы қолдап, қол қойғаннан кейін шешіп алуға болады. Ал егер жинақтаушы есепшоттағы қаражат мөлшері жетпеген жағдайда тұрғындар қажет соманы теңдей етіп, пәтер санына қарай бөледі. Пәтер иелері тағы бір нәрсені білуі керек. Мүліктің меншік иелері бірлестігі құрылғанда, оның штаты болады. Мәселен, жетекші мен кассир болса, олар үшін әлеуметтік пакетті де тұрғындар төлеуге тиіс. Өйткені олар ендігі уақытта сол үйдің мүлкін күтіп ұстау бағытында жұмыстанады, — деді Ақнұр Қазбаева.

Ал меншік иелері бірлестігі мен жай серіктестіктердің пәтер иелері кооперативтерінен айырмашылығы қандай?

— Бұл сұрақ басқарудың жаңа формалары туралы толық ақпарат алмаған кез келген тұрғында туындауы мүмкін. Мысалы, пәтер иелері кооперативтерінде бір ғана есепшот болады. Сол шотқа аталған кооперативтерге қарайтын бірнеше үй ақшасын аударады. Бірақ ортақ шотқа түскен ақша барлық үйге бірдей жұмсалып, жұмсалмайтыны белгісіз. Ал мүліктің меншік иелері бірлестігі «Бір үй — бір бірлестік — бір есепшот» қағидаты бойынша жұмыс жасайтын болады. Яғни әрбір үйдің жеке есепшоты болады. Ал оған түскен қаражат тек сол үйдің ортақ қажеттіліктеріне жұмсалады, — деді Ақнұр Қазбаева.

Төртеу түгел болса…

Болашақ ауданындағы №133Г үйдің тұрғындары меншік иелері бірлестігіне наурыз айында өткен. Өзара келісіп, жетекші ретінде Күнсұлу Бикжанованы таңдапты. Басқарудың тиімді тәсіліне өткен тұрғындар биыл тұрып жатқан үйлерінің шатырын жөндеп алған. Жиналған қаражат ортақ қажеттіліктеріне жұмсалғанына өздері дән риза.

— Бұған дейін біз тұрған үй пәтер иелері кооперативіне қарайтын. Биылдан бастап меншік иелері бірлестігіне көштік. Мұның ең бір тиімді тұсы, тұрғындар есепшотқа түскен ақшаны өздері қадағалап, бірлескен түрде қажеттіліктеріне жұмсай алады. Ең алдымен, ашықтық бар. Пәтер иелері техникалық қызмет үшін шаршы метріне 35 теңгеден, ал күрделі жөндеу жұмыстарына арналған жинақтаушы шотына 15 теңгеден төлейді.Тарифтің 35 теңге болып қымбаттағанына кейбір тұрғындар түсінбестік танытты. Бұл жерде бір мәселені айтқым келеді. Ақша өзіміздің ортақ мақсат мүддеміз үшін жиналып жатыр. Биыл шатырымызды жөндеп алдық. 1,2-подъездің төбелері толық жабылды. 3-подъездің жартысы, ал 4-подъезд толығымен жабылмай қалды. Мұндағы ең бірінші мәселе —аталған подъезде тұратын адамдардың ауызбіршілігі болмауынан. Осы ретте тұрғындардан өздері тұратын үйлеріне де өз пәтерлеріне қарағандай қараса деймін. Жазға шықсақ, осы жұмыстарды аяқтауымыз керек, — дейді Күнсұлу.

Әңгіме барысында меншік иелері бірлестігінің жетекшісі келер жылға тұрғын үйдегі жылу құбырларын жаңарту жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отырғанын айтты.

— Болашақ ауданындағы көп үйлердің салқын екендігін қала тұрғындары жақсы біледі. Бұл баласы бар отбасылар үшін үлкен мәселе. Алдағы уақытта өзіміз есепшотымызға жиналған ақшадан осы мәселенің түйінін шешсек дейміз, — дейді ол.

Күнсұлу №133Г үйдің алдында ойын алаңы жоқ екендігін де айтты. Бұл бойынша тиісті мекемелерге хат та жолдаған.

— Жоғарыда аталған сұрақтардың барлығы өз шешімін тапса, тұрғындардың да көңілі бір жайлы болар еді, — дейді К.Бикжанова.

Бүгінде Күнсұлу жетекшілік ететін меншік иелері бірлестігі сервистік қызмет көрсету орталығымен келісімшартқа отырған. Подъезд аптасына екі рет тазаланса, аула күн сайын сыпырылып тұрады.

 Рая апайдың серіктестігі

Ұзақ жылдар бойы кондоминиум қызметін атқарып келген Раиса Куканова басқарудың жаңа түрлерінің пәтер иелері үшін тиімді екенін айтады. Әр ісіне ұқыпты, тиянақты, жауапкершілігі мол, тұрғындардың «Рая апасы» жетекшілік ететін Болашақ ауданындағы №129Г, №129Е көпқабатты тұрғын үйлері жай серіктестікке өтіпті. Тұрғындар басқарудың  формасын өзгергерткенімен, Рая апайын ешкімге бермек емес. Басқарудың жаңа формасына көшкен уақытта да жетекші етіп Раиса Куканованы таңдаған.

— Біз үшін жаңа басқару формасының қандай да бір алып келер жаңалығы жоқ. Өйткені бізде барлығы бұрыннан ашық болатын. Әрбір тұрғынға тоқсан сайын ақшаның қайда кеткендігі туралы есебін беріп отырамыз. 2017 жылдан бастап Болашақ ауданындағы екі үйдің кондоминиум қызметін мойныма алдым. 2018 жылы үйімізге күрделі жөндеу жұмыстарын жасап алдық. Бастысы, тұрғындар тарапынан сенім бар. Сондықтан халық артқан сенімнен шығуға тырысамыз. Екі үйдің тұрғындарының да ауызбіршіліктері жоғары. Мүліктік меншік иелері бірлестігіне өту үшін тұрғын үйдің кей құжаттары дұрыс болмай тұр.Сондықтан барлығының келісімімен жай серіктестікке өттік, — дейді Раиса Куканова.

Басқарудың жаңа формасына өткісі келетін тұрғындар толық ақпарат алу үшін Ы.Алтынсарин көшесі, №2 мекенжайына немесе Астана, Алматы әкімдіктеріне жолығуға болады.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.  

Басқа жаңалықтар

Back to top button