Мәдениет

Ақтөбе қалалық мәдениет үйі: өткені мен бүгіні

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ТМД мемлекет басшылары кеңесінің отырысында алдағы 2022 жылды «ТМД-ның халық шығармашылығы мен мәдени мұрасы жылы» деп жариялағаны белгілі. Осы орайда біз шаһардағы іргелі өнер мекемелерінің бірі — 45 жылға жуық тарихы бар Ақтөбе қалалық Мәдениет үйінің бүгінгі тынысы туралы білген едік. Құрамында көптеген ұжым еңбек ететін мұнда түрлі тақырыптағы концерттер, мерекелік шаралар жиі өтіп тұрады. Үлкен-кішіге арналған үйірмелері де бар.

8 ұжымның халықтық атағы бар

1977 жылдың наурыз айында бұрынғы облыстық Мәдениет үйінің негізінде құрылған аталған мекеменің басты мақсаты — мемлекеттік тапсырыс бойынша тұрғындардың мәдени демалысын ұйымдастыру, яғни жұртшылыққа көтеріңкі көңіл күй сыйлау. Мемлекеттік мерекелерде, атаулы күндерде шаһардағы мәдени-көпшілік шаралардың басы-қасынан табылатын мәдениет үйіндегілер, әсіресе өнерсүйер қауымға жақсы таныс.

— 1985 жылы осы Мәдениет үйінің жанынан Сергей Фоминнің жетекшілігімен «Свет» тобының құрылғаны белгілі. Құрамында 6 адамы бар, рок бағытында ән салатын секстет талай республикалық байқауларда жеңімпаз атанды. Репертуары бай. Бүгінгі таңда олар бізден бөлініп кеткенмен, арадағы байланыс үзілген жоқ. Мереке күндері ортақ кештерге атсалысып тұрады.

Қазіргі таңда да шығармашылық ұжымдарымыз аз емес. Атап айтсам, халықтық атағы бар 8 ұжым — «Әлия гүлі» қазақ би ансамблі, «Серпер» жастар хоры, «Наставник» еңбек және соғыс ардагерлері хор ұжымы, «Рюкзак» бард клубы, «Сұңқар» вокалдық ансамблі, «Наурыз» тобы, «Ермекбаевтар» отбасылық классикалық ән ансамблі, «Атамекен — Асылым» аталар мен аналар ән ансамблі, сондай-ақ эстрадалық үрлемелі аспаптар оркестрі мен «Ақтөбе» вокалды аспаптар ансамблі жұмыс істейді, — дейді Ақтөбе қалалық мәдениет үйінің директоры Мұратбек Дәрібаев.

Оның айтуынша, Мәдениет мекемесінде штатта барлығы 120 қызметкер бар.

Жоспарға сәйкес түрлі бағыттағы концерттер, фестивальдар, байқаулар, би кештері, көрмелер, бір сөзбен айтқанда, мәдени-көпшілік шаралар өткізетін аталған мекеме Ақтөбе қалалық  мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне қарайды.

«Бұйымтайымыз бар…»

Байырғы өнер мекемесі қазіргі таңда облыстық филармонияның бұрынғы ғимаратында орналасқан. Бұл шағын концерттік залы, көрме өткізетін орны болғандықтан, қай жағынан да ыңғайлы жер. Басқа да отырыс-жиындарды ұйымдастыруға мүмкіндік бар.

Ақтөбе қалалық Мәдениет үйінің материалдық-техникалық базасына тоқталсақ, биыл ЛЭД-экран алынып, сахна мен музыкалық аппаратуралар жаңартылыпты. Ал ғимараттың күрделі жөндеу жұмыстарына жобалық-сметалық құжат енді дайындалып жатыр. Бірақ көптен бері шешілмей келе жатқан мәселелер де жоқ емес.

Айталық, «Әлия гүлі» қазақ би ансамблінің ұлттық костюмдерін жаңарту керек. Айналып келгенде бұл қаражатқа тіреледі. Сонымен қатар эстрадалық үрлемелі аспаптар оркестрінің музыкалық аспаптары ескіріп тұр. Көпшіліктің алдында, сахнада өнер көрсеткендіктен, бұның барлығы бірден көрініп тұрады, — дейді Мұратбек Дәрібаев.

Ақысыз үйірмелерге шақырады!

Бұл жерде концерттік бағдарламалар ғана емес, түрлі үйірмелер де ұйымдастырылады. Бүгінгі таңда Мәдениет үйі жанында 13 үйірме жұмыс істейді.

— Бұлардың әрқайсысы әртүрлі жас ерекшеліктеріне арналған. Барлығына жалпы саны 207 адам тұрақты түрде қатысып жүр. Соның 9-ы келушілерді ақысыз негізде қабылдайды.

Мысалы, «Атамекен — Асылым» аталар мен аналар ән ансамблі, «Наставник» хор ұжымы, «Серпер» жастар хоры, «Әлия гүлі» қазақ би ансамбліне ақысыз қатысуға болады. «B-jazz» үйірмесі де қатысушылардан да ешқандай ақы алмайды.

Ал домбыра үйренем деушілерге ақылы үйірме жұмыс істейді.

Мұнымен бірге биылғы шілде айынан бастап «Ақтөбе» вокалды аспаптар ансамблінің жанынан гитара аспабын үйрететін үйірме өз жұмысын бастады. Алдағы уақытта поэзия, қолөнер, ағылшын тілі үйірмелерін ашу ойда бар, — дейді халық шығармашылығы және демалыс қызметін ұйымдастыру бөлімінің басшысы Бақтыгүл Тілепова.

Сала маманы зейнеткерлердің де назардан тыс қалмайтынын айтады. Пандемияға дейін қарттардың үлкен қызығушылығына бөленген, әр сәрсенбі  сайын өтетін Ақтөбе қалалық Мәдениет үйіндегі би кештері жағдай дұрысталғасын қайта жалғасатын болады. Сондай-ақ болашақта егде тартқандарға арналған би үйірмесін, спорттық жаттығулар секциясын ұйымдастыру жоспарға енген.

Жалпы, қалалық Мәдениет үйінде 4 бөлім бар: әкімшілік басқару, халық шығармашылығы және демалыс қызметін ұйымдастыру, мәдени шараларды ұйымдастыру және шаруашылық-техникалық.

«АҚТӨБЕНІҢ» АНЫҚТАМАСЫ

Ақтөбе қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Әсел Бөлекованың айтуынша, облыс орталығында 7 мәдениет үйі бар. Солардың бірі — осы Ақтөбе қалалық мәдениет үйі.

Тәуелсіздікке арналады

Жыл басталғалы іс-шаралардың барлығы ел егемендігінің 30 жылдығына орайластырылғаны белгілі. Алдағы желтоқсан айында соның қорытындысы, ең мықты деген концерттік бағдарламалар ұсынылатын болады. Бұл мақсатта арнайы жоспар құрылып, 1-10 желтоқсан күндері аралығында мәдени шаралар топтастырылған.

— Қазіргі таңда дайындық жұмыстары қызу жүргізіліп жатыр. Әр өнер ұжымы Тәуелсіздікке тартуын әртүрлі формада ұсынбақ ниетте. Дей тұрғанмен ең бірінші кезекте көрермен таңдауы ескерілетін болады. Бір байқағанымыз, соңғы жылдары жұртшылық даңғаза әуеннен, эстрададан жалықты. Фольклорлық, классикалық  музыканы, аспаптардың сүйемелдеуімен өтетін концерттерді тәуір көреді. Ретро әндерді тыңдағысы келетіндер де көп. Біз соны орындауға тырысамыз.

Билеттің құнына келсек, соншалықты қымбат емес. Қалта көтереді. 500-1000 теңгенің аралығында қойылады. Қазіргідей нарық заманында одан жоғарылата алмаймыз. Өйткені көрермен жинау қиын болып кетеді. Әрі бізге келетіндердің дені орта жастағы азаматтар, зейнеткерлер екенін ұмытпаймыз, — дейді Бақтыгүл Тілепова.

Айта кетейік, Ақтөбе қалалық Мәдениет үйінің ұжымы қараша айында өтетін концерттерге шақырады. 12 қараша күні джаз әндерінен құралған концерт өтсе, 15 қарашада Ұлттық валюта күніне арналған «Теңге — байлық келбеті» мәдени бағдарламасы, ал 25 қарашада«Сұңқар» вокалдық ансамблінің «Халқымның баласымын» атты шығармашылық концерті ұйымдастырылады.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button