Тәуелсіздік — 30

Көкпар тартып, бәйгеге ат шаптырған…

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Шалқар ауданы әкімінің кубогы үшін көкпар, аламан бәйге, тай жарыстары  ұйымдастырылды. Жылтыр ауылының іргесіндегі ипподромда киіз үй тігіліп, күні бойы ән мен күй қалықтады. Жасы үлкендер жаппай көкпардан сайысуға келген шабандоздарға серке тастар алдында баталарын беріп, сәттілік тіледі.

Көкпар тарту додасында тақымы мықты, білекті жігіттер сәйгүлік үстінде бір-біріне есе жібермей, көпшіліктің делебесін қоздырды. Алты шақырымдық тай жарысында Мөңке би ауылынан келген Нұрбек Берімбетов топ жарса, екінші орын Есет ауылының тұрғыны Нұртуған Сағындықовтың қосқан тайына тиесілі болды. Отыз үш шақырымға созылған аламан бәйгенің алғашқы бестігіне жүлде тағайындалды. Көптің назарын аудартқан бұл бәйгеде  Шалқар ауылдық округінен Жолдымұрат Жұбаевтың қосқан тұлпары бірінші болып келді.

Жүйріктердің иелеріне  ұйымдастырушылар тарапынан ақшалай және бағалы сыйлықтар тапсырылды.

— Алда Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейлі мерекесі келе жатыр. Еліміздің осы жылдар ішінде қол жеткізген жетістіктері өте көп. Соның ішінде рухани құндылықтың орны қашанда жоғары, ұлттық спортымызға әрдайым көңіл бөліп келеміз. Біздің ауданда шабандоздар құрамы жасақталып, жергілікті көкпар командасы республикалық деңгейдегі жарыстардан орын ала бастады. Бұл қуантарлық жайт, елдігіміз үшін үлкен мерей, — деп аудан әкімі Жанболат Жидеханов аталған шараны қолдап, жанкүйер  болып келген көпшілікке алғысын білдірді.

Киіз үйде ардагерлер арнайы жайылған дастарқан басында бас қосып, игілікті іс хақында ой-тілектерін ортаға салды.

Мұхтар МЫРЗАЛИН,

Шалқар ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button