Жаңалықтар

Өңірде эпидемиологиялық ахуал тұрақталды

Тікелей эфир

Облыста эпидемиологиялық жағдай тұрақталды. Қазір өңір «жасыл» аймақтар қатарында тұр. Дегенмен әлі де болса ауру жұқтырып жатқандар бар. Мәселен, соңғы тәулікте коронавирус инфекциясын жұқтырған 9 жағдай тіркелген. Бұл туралы «Вакцинация мен КВИ бойынша ағымдағы жағдай туралы» тікелей эфир барысында облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Мұхтар Сербаев  пен облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Күштаева баяндады.

  • ​​​​Жалпы, бүгінге дейін облыста коронавируспен ауырған 34 534 жағдай тіркелді, оның ішінде 76,3 пайызы ауру белгілерімен болса, 23,7 пайызы — симптомсыз жағдай.

Жалпы тіркелген науқастардың 0,7 пайызы ауруды сырттан әкелгендер болса, 11,8 пайызы —  ауру адаммен қарым-қатынаста болғандар, 87 пайызы — жергілікті жағдайлар.​​​ Қазіргі таңда үй карантиніне 8178 адам алынып, оларға медициналық бақылау жүргізілуде.

Соңғы бес күнде, нақтырақ айтсақ, 3-7 қараша аралығында облыста аурудың көбею көрсеткіші 0,766 пайыз, аурушаңдық көрсеткіші 14,8 пайызды құрады. Қазіргі таңда республика бойынша бұл көрсеткіш —  0,899 пайыз. Бүгінгі күні Ақтөбе облысы — «жасыл» аймақтар қатарында. Соңғы тәулікте коронавирус жұқтырған 9 жағдай, пневмония бойынша бір науқас тіркелді. Ал індет жұқтырғандардың жас ерекшеліктеріне келсек, бүгінге дейін өңірде 40-49 жастағы адамдар арасында ауру көп тіркелген. Одан кейінгі орында 60-65 жас аралығындағылар болса, 50-59 жастағылар — үшінші орында. Соңғы тәулікте мектептер мен жоғары, арнаулы оқу орындарда ауру тіркелген жоқ, — деді М.Сербаев.

Ал Айгүл Күштаеваның айтуынша, қазіргі таңда инфекциялық ауруханаларда 166 адам ем алуда. Жансақтау бөлімінде 21 науқас жатыр. Олардың екеуі жасанды желдету аппаратына қосылған. Карантиндік стационарларда 3 адам бақылауда.

Жалпы, қазір стационардағы кереуеттердің 45,5 пайызы, жансақтау бөліміндегі кереуеттердің 38,2 пайызы толық. Резервте 2364 кереует бар.

Өңірдегі 12 зертханаға індет басталғалы 991 881 ПТР-тест әкелінген. Ал биылғы жылдың ақпан айынан бастап облысқа барлығы 846 290 доза вакцина жеткізілген, — деді ол.

Тікелей эфир соңында мамандар тұрғындарды көпшілік жерлерге барғанда сақтық шараларын қатаң ұстанып, көшеде және қоғамдық жерлерде бетперде тағып жүруге шақырды.

Д.ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button