Жаңалықтар

Аурухана жөнделіп, мектеп салынып жатыр

Баспасөз туры

Өңірлік коммуникациялар қызметі орталығының ұйымдастыруымен Мұғалжар ауданында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған баспасөз туры өтті.

Аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ерік Бұхарбаев баспасөз турына қатысушыларға әуелі аудан орталығындағы аудандық аурухананың жаңа келбетін көрсетті. Қасбеті жаңартылып, ғимарат сырты сайдингпен қапталыпты. Күрделі жөндеу жұмыстары аурухананың емхана бөлігінде жалғасып жатыр.Аудандық аурухана жанындағы емхананың меңгерушісі Табынбай Мұстафиннің айтуынша, аурухана ғимараты 1989 жылы пайдалануға берілген. Содан бері ғимаратқа бірінші рет күрделі жөндеу жүргізіліп отыр.

— Күрделі жөндеуге облыстық бюджеттен 123 миллион теңге қаражат бөлініп, қазіргі таңда 80 пайызы игерілді. Ғимарат сыртын жөндеу толық аяқталды. Жөндеу жұмыстары емхана бөлігінде жалғасып жатыр. Ішінара ішкі жұмыстары қалды. Желтоқсан айында заманауи талаптарға сай, жарық әрі жылы ғимаратқа кіреміз деп отырмыз. Емханамыз тәулігіне 600 адамды қабылдап отыр. Емханамыздың күрделі жөндеуден өтуі тұрғындар үшін қызмет көрсету сапасын жақсартуға мүмкіндік береді, — дейді емхана меңгерушісі Табынбай Мұстафин.

Бүгінде Қандыағаш қаласында 37 мыңға жуық тұрғын бар. Жыл санап, халық саны артып, көркейіп келе жатқан Қандыағаш қаласында жаңа мектепке сұраныс бар.

Соңғы он жылда Самал, Болашақ, Нұрлыкөш шағын аудандары бой көтерді, ол жерлерде 10 мыңға жуық халық тұрып жатыр.Осы жаңа аудандарда тұратын 1200-дей оқушы бұл маңда мектеп болмағандықтан, жұмыс істеп тұрған мектептерге қатынап оқып жүр. Балалардың қатынап оқуы, әрине,ата-анаға қиынға соғады. Бала санының көптігінен №2, №3, №4 мектептерге де салмақ түсіп тұр, — дейді қала әкімінің орынбасары Жандос Құлбаев.

Осыған орай бүгінде аудан орталығындағы Самал шағын ауданында 600 орындық жаңа мектептің іргетасы қаланып, құрылыс жұмыстары басталған. Мектеп құрылысына 1 млрд 600 мың теңге бөлініпті.

Мектеп құрылысының басында болған баспасөз турына қатысушылар осы Самал шағын ауданындағы 2,7 шақырым автокөлік жолының құрылысы жұмыстарымен де танысты. «Информ Строй Сервис»ЖШС-ның учаске басшысы Әлібек Сембайсалынып жатқан жол осы шағын ауданның үш кварталын қамтитынын, қазіргі таңда жолдың бірінші қабатына ірі қиыршықтас жабындысы төселгенін айтты. Енді екінші қабатына ұсақ тасты жабынды төселеді екен. Жол бойында үш аялдама болады. Жол салуға 15-ке жуық жұмысшы, он шақты техника жұмылдырылған.

Қандыағаштағы әлеуметтік маңызы зор тағы бір нысан — «МedLife+» гемодиализ орталығы. Ақтөбе қаласына барып ем алып жүрген аудан тұрғындары бұған дейін аудан әкімі А.Шерияздановтың Nur Otan партиясының ғимаратында өткізген қабылдауында гемодиализ орталығының қажет екенін жеткізіпті. Тұрғындардың ұсыныс-тілектері партияның сайлауалды бағдарламасына енгізіліп, жеке инвестордың қаржысына жаңа гемодиализ орталығы ашылған. Жандос Құлбаевтың айтуынша, созылмалы бүйрек ауруына шалдыққан науқастар жол азабын тартып, облыс орталығына сабылмай, жақын маңнан ем алып жүр. Сонымен қатар мұнда Мұғалжар, Байғанин жəне Темір аудандарының тұрғындары ем алады. Науқастарға гемодиализ қабылдау үшін аптасына бірнеше рет ем алуға бару керек. Әрбір процедура 4-5 сағатқа дейін созылады. Диализ залы толықтай ең озық жапониялық NIPRO медициналық қондырғылармен жабдықталған. Мұнда 3 гемодиализ аппараты жұмыс істеп тұр. Біз барғанда науқастар ем алып жатыр екен, санитарлық талаптарға сай ішке еніп, процедура барысын көре алмадық.

ТҰРМЫСЫ ТӘУІР ТАЛДЫСАЙ

Баспасөз туры барысында тілшілер Талдысай ауылының тыныс-тіршілігімен танысты. Одан соң «Аққанат» шаруа қожалығында болды.

Бұрынғы Дмитриевка кеңшары ізіндегі Талдысай ауылында бүгінде 109 үй бар. Барлық үй газбен қамтылған, биыл әр үйге ауызсу жүйесі кіріп жатыр.Ауылда орта мектеп, медициналық пункт, 6 дүкен жұмыс істейді. Ауылға кіргенде алыстан еліміздің көк Туы желбіреп тұрғанын көрдік. Округ әкімі ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орайластырып, ауылдағы көрнекі жерге биіктігі 21 метр Тутұғыр жасап, жан-жағын қоршап қойыпты.

Ауыл тұрғыны Света Сақауова: «Ауылымыздың тұрмыс-тіршілігі көз алдымызда өтіп жатыр. Округ әкімі де осы ауылдың түлегі. Өзім Талдысай орта мектебінде тарих пәнінің мұғалімі боп жасаймын. Қазіргі таңда мектебіміз Дмитриевка кеңшарын көп жыл басқарған Атлаш Жұмағалиевтің уақытындағы ауылдық кеңседе орналасқан. Ғимарат ескі. Биыл ауылда 100 орындық жаңа мектептің құрылысы басталды. Соған қуанып қалдық. Бұйырса, жаңа оқу жылында жаңа мектепке көшетін шығармыз», — десе,  ауылдағы ақсақалдар кеңесінің төрағасы Сәдуақас Жұмағалив бес жылдан бері көгілдір отынның игілігін көріп отырғандарын, 1992 жылдан 2000 жылдарға дейін ауылдың күйі кетіп, нашарлап кеткенін, газ кіргелі қалаға көшіп кетушілер көші тоқтағанын айтып берді.

Округ әкімі Қазбек Аққайыр бізді салынып жатқан мектеп құрылысы басына, ауылға кіргізіліп жатқан ауызсу жүйесі орталығына апарды. Мектеп құрылысы басында учаске бастығы Талғат Қожабеков:

— Облыстық құрылыс басқармасының тапсырысымен осы ауылда мектепсалып жатырмыз. Құрылысқа жауапты мердігер компания — «SСS Инжиниринг групп» компаниясы. «Ақтөбе граждан проект» жобасына сүйенсек,екі қабатты мектепте лифт, есік алдында мүгедектер арбасына арналған көтергіш болады. Мектеп ауласында спорт кешені, футбол, волейбол алаңдары болуы тиіс. Бәрін біздің компания салып береді. Смета бойынша құрылысқа 538 миллион теңге бөлінді, — дейді.

Қазбек Аққайыр округтегі 33 шаруа қожалығының дені асылтұқымды мұғалжар жылқысы, еділбай қойлары, ақбас сиырды көбейтуге, ауылды көркейтуге маңыз беретінін айтты. Солардың бірі — «Аққанат» шаруа қожалығы. Талдысай ауылынан бес шақырым қашықтықта Қонжар тоғайының іргесіндегі Ешкібаз қыстауына бардық. Бізді «Аққанат» шаруа қожалығының егесі Берді Сүйінбаев қарсы алды.

— 2014 жылы «Даму» кәсіпкерлікті  дамыту қоры арқылы несие алып, әуелі ірі қара малдан бастадым. Екі жыл бұрын «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы арқылы 20 миллион теңге несие рәсімдеп, 50 ақбас қашар сатып алдым. Қазір екі жүздей ірі қара бар. Одан бөлек асылтұқымды жылқыларды да көбейтіп жатырмын. Жүз шақты мұғалжар жылқысы, басқаларын қосқанда барлығы 150-ден астам жылқы бар. Торғай жерінен 25 мың гектар жер алып, «Асыл тұяқ» шаруа қожалығын аштым.  Мұғалжар жылқысын сол жақта өсіруді жөн көрдім, жері шұрайлы, мал еркін жайылады. Сондай-ақ екі отар қой  бар. Еділбай қойларын көбейтуді ойлап жүрмін. Асылтұқымды қой өсірудің де өзіндік тәртібі бар. «Мал өсірсең, қой өсір, өнімі оның көл-көсір» деп, енді қой өсіруге мән беріп жатырмын. Жандық қысы-жазы сұранысқа ие. Шаруашылықты дамытуға қазір мемлекеттік бағдарламалар да қарасып тұр ғой,  — дейді шаруа Берді Жайылханұлы.

Айтпақшы, кеше ғана өткен «Мәдениет — ауыл айнасы» облыстық байқауында Талдысайдың Мәдениет үйі жеңімпаз атанды. Ауылға барғанда Мәдениет үйінің мұнтаздай таза, әсем безендірілгенін көрдік.

 Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button