Жаңалықтар

Кітапханашылар тәжірибе алмасты 

Кеше С.Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасында «Жастар кітапханасы — жаңашылдық аймағы» атты аймақтық кітапханашылар конференциясы өтті. Осымен 4-рет ұйымдастырылып отырған шараға көршілес облыстардың сала мамандары жиналды.

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен биылғы Қазақстандағы балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау жылы аясында қолға алынған конференцияны өткізудегі мақсат — осы саладағы жұмыс түрлерінің жаңа үлгілері һәм тың идеяларды ортаға салу, тәжірибе алмасу. Ұйымдастырушылар сол арқылы арадағы байланысты нығайтуды және көздеген.

— Шарамызға Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Атырау және Қызылорда облыстарынан әріптестеріміз келіп отыр. Биылғы басты ерекшелік — жылдағыдай баяндама оқылмай, жаңаша формада ұйымдастырылды. Мысалы, шеберлік сағаттары, дефиле болды. Соңғысына тоқталсам, кітапханашылар өздеріне ұнаған кітап авторын таңдап алып, соның образында әлгі шығарманы таныстырды. Бұл ерекше тәсіл арқылы жастарды кітапханаға, жалпы кітап оқуға тартқымыз келді, — дейді С.Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасының директоры Гүлжайнар Қалдина.

Оның айтуынша, сала қызметкерлері балалар кітапханасы, сандық кеңістіктегі библиография, кітап оқытудың жаңа идеялары, басқа да тақырыптар бойынша өзара тәжірибе алмасады. Сондай-ақ кітап көрмесі өтіп, әдістемелік баспалар ұсынылмақ.

Мұнымен бірге конференция аясында ақтөбелік ақын-жазушылармен кездесу кеші жоспарланған.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.  

Басқа жаңалықтар

Back to top button