Жаңалықтар

Қаражат қайда жұмсалады?

Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаровтың қатысуымен өткен қалалық мәслихаттың кезекті он бірінші сессиясында «2021-2023 жылдарға арналған Ақтөбе қаласының бюджетін бекіту туралы» шешіміне өзгерістер енгізу мәселесі қаралды.

Қалалық бюджетті нақтылауға ұсынылған қаражат шығыстары экономика, қаржы және бюджет бойынша тұрақты комиссия отырысында алдын ала талқыланған болатын.

Қалалық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Амангүл Уристемованың айтуынша, облыстық мәслихат сессиясының шешімімен қалаға 1,3 миллиард теңге мөлшерінде нысаналы трансферттер көзделген. Аталған қаражаттан мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жеке көмекшісінің де әлеуметтік қызметтері үшін алатын үлесі бар. Сондай-ақ облыс орталығын абаттандыру жұмыстары да назардан тыс қалмапты. Қала көшелерін жарықтандырып, Қурайлы, Құрашасай, Заречный-2, Сая, Мағаджан елді мекендеріне су құбырын жүргізу, Ақжар плюс, Қурайлы, Рауан, Ақшат-2, Жаңаауыл елдімекендеріне электр желісін тарту, Жаңақоныс-3 пен Ақшат-3-ті газбен жабдықтау жұмыстарына бағытталады.

Сессия барысында Асхат Шахаров жеке тұрғын үй құрылысына жер телімдерін беру неліктен тоқтатылғанын түсіндірді. Қала әкімінің айтуынша, бірінші кезекте инфрақұрылым мәселесін шешу тұр. Мәселен, Бауырластар-5 елдімекеніне газ бен электр жарығын жүргізу үшін республикалық бюджеттен 4,5 миллиард теңге қаржы кеткен. Ал онда тұратын тұрғындар саны 10 мыңнан аспайды.

— Келер жылы қала бойынша инфрақұрылым мәселесін толық шешуді жоспарлап отырмыз. Бұл тұрғыда республикадан да қолдау бар. Біз алдымен жоспарды дұрыс жасауымыз қажет. Бізде жоспарлау мәселесі дұрыс болмай жүргендіктен мәселелер туындап жатады. Осы ретте депутаттар әр округ бойынша мәселелерді жүйелеп, ұсынса, — деді қала әкімі.

Сессия кезінде мәслихат хатшысы Анар Даржанова Ақтөбе қаласының қоғамдық кеңесінен шыққан мүшелерінің орнына 6 адамды қабылдау туралы шешімімен таныстырды. Кеңестің жаңа мүшелерінің үшеуі мемлекеттік органдардан болса, үшеуі — коммерциялық емес ұйымдардың өкілі.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button