Жаңалықтар

Мал өсіріп отырған шағын ауылдар жабылмайды

Брифинг

Аудан әкімі Асқар Шериязданов бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен кездесті. Брифингте Мұғалжар ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштері жөнінде айтып берді.

Аудан әкімі әр сала бойынша атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырып, аудан жайлы қысқаша мағлұмат берді. Биыл аудандағы ауыл көшелеріне тас жол төселіп, ауылдарға газ, су тартылып, бірнеше білім және спорттық нысандарының құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.

— Халық тарапынан айтылатын ең өзекті мәселенің бірі — ауылдарды газдандыру. Өздеріңізге белгілі, өткен аптада облыс әкімі Оңдасын Сейілұлының қатысуымен Елек және Жұрын ауылдарына газ кіргізілді. Қазіргі таңда тұрғындар тұтынып жатыр. Сонымен бірге Басшилі ауылына қарасты теміржол бекетіне, яғни №315 разъезге де қазір газ кірді. Әрі қарай да жұмыс қарқынды жалғасуда. Жұрын ауылынан Қаракөл ауылына газ тартылды, қазір ауылішілік жұмыстары жүргізіліп жатыр. Келесі жылы Жарық ауылына Қандыағаштан, Мұғалжар стансасына Ембіден газ тарту жоспарланып отыр. Сондай-ақ болашақта Жаңатұрмыс, Сабындыкөл, Ащысай елді мекендеріне газ тартатын боламыз, қазір жобалық-сметалық құжаттары дайындалып жатыр, — деді аудан әкімі Асқар Шериязданов.
Тұрғындармен кездесуде жиі қозғалатын мәселенің бірі — ауызсу. Биыл Мұғалжар ауданында мемлекеттік бағдарламаның есебінен 6 жоба жүзеге асырылып отыр. Қазіргі таңда Талдысай, Жарық, Басшилі ауылдарына су тарту жұмыстары аяқталып қалды. Қалған үш ауылға қатысты жоба келесі жыл жүзеге асырылады. Яғни, алдағы жылы Құмсай, Шеңгелши және Қожасай ауылдарына су жеткізіледі.

Сондай-ақ Асқар Шерияздановтың айтуынша, Мұғалжар ауданында төрт мектептің іргетасы қаланып, құрылысы басталды. Атап айтсақ, Қандыағаш қаласындағы Самал шағын ауданында 600 орындық, Талдысай ауылында 100 орындық, Ембі қаласында 320 оқушыға арналған, Алтынды ауылында 60 орындық мектеп салынып жатыр. Аудан басшысының айтуынша, өңірдегі игілікті істердің біразы Елбасының ұзақ мерзімді стратегиясын негізге ала отырып, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған жылдағы Жолдауындағы басымдықтарға сүйеніп, мемлекеттік бағдарламалар аясында жүзеге асырылып жатыр.

Сонымен бірге Асқар Тұрарұлы брифинг барысында тұрғындар қаладағыдай жағдайдың ауылда да болуын талап ететінін, бұл өте орынды талап екенін, газ бен судан басқа, асфальт жол, тротуар, балалардың ойын алаңдары, жаттығу алаңдары әр ауылда болуы керектігін, осындай талаптарды орындауға тырысып жатқандарын айтты. Енді ауыл әкімдері ауылдарда салынған асфальт жолдың жанынан жаяу жүргіншілер жолының жобасын әзірлеп жатыр.

— Шағын ауылдардың өзі бізден газ сұрайды. Мәселен, Орқашқа газ тартатын кезде жол бойында ағайынды Жұбановтардың атамекені — Жаңатұрмыс ауылына да газ апару үшін құбырды ыңғайлап кетуіміз керек, — деді аудан басшысы.

«Ауданда жойылып кетуі мүмкін шағын ауылдар бар ма?» деген тілші сұрағына аудан әкімі:

— Ауданымызда 50-60 адам тұратын шағын ауылдар бар. «Агронеркәсіптік кешенін дамыту» бағдарламасы аясында ауданымызда қазір мал саны өсіп жатыр. Ет пен сүт өнімдерінің бағасы өскенін халық та түсініп, мал шаруашылығымен айналысатын шаруа қожалықтары да көбеюде. Қазір ауданда 414 шаруа қожалығы жұмыс жасап тұр. Сәйкесінше ауданымызда ірі қара, қой, жылқы малы, тіпті тұрғындардың қорадағы жеке малы да өсіп жатыр. Мал өсіріп отырған шағын ауылдарды жаппауға тырысамыз. Тұрғындармен кездесуде байқағаным, адамдар аудан орталығынан ауылдарға мал ұстау үшін көшіп барып жатыр. Сондай-ақ басқа облыстардан біздің ауданға көшіп келушілер бар екен. Құмжарған деген ауылда өткен кездесуде бір тұрғын менен жұмыс сұрады. Осы жаққа ауа райы ұнап, Атыраудан көшіп келіпті. Ақтаудан да келушілер бар, — деді аудан әкімі Асқар Тұрарұлы.

Айтпақшы, алдағы жылы денешынықтыру және спорт кешенінің жанынан 300 орындық Мәдениет үйін салу жоспарланып отыр. Сондай-ақ аудан басшысы келесі жылы кітапханасы бар, шахмат-дойбы ойнайтын, газет-журнал оқып отыратын ардагерлер үйін де салғысы келетінін айтып өтті.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button