Экономика

Үстемеақы және газ мәселесі талқыланды

Кәсіпкерлер палатасында бизнестің проблемалық мәселелерін қарау бойынша кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес отырысында екі мәселе қаралды: мектепке дейінгі жекеменшік білім беру ұйымдарының педагогтеріне біліктілік санаты үшін еңбекақы төлеу және бизнес субъектілерін тауарлық газбен қамтамасыз ету мәселелері.

Алғашқы мәселе бойынша Ақтөбе облысы Кәсіпкерлер палатасы директорының құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары Р.Күйшінов баяндама жасады. Оның айтуынша, палатаға жекеменшік балабақшалардың басшылары үндеу жолдап, жекеменшік және мемлекеттік балабақшалар арасындағы мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының педагогтеріне біліктілік санаты үшін еңбекақы төлеу мәселесінде айырмашылық бар екенін айтқан: яғни, жекеменшік балабақшалардағы педагогтерге бұл үстемеаақы төленбей отыр.

Р.Күйшіновтің айтуынша, ҚР Үкіметінің 2021 жылғы 30 наурыздағы №174 Қаулысына сәйкес ұйымдар қызметкерлерінің аптасына белгіленген оқу жүктемесін ескере отырып, педагогтердің жекелеген санаттары үшін және білім беру ұйымдары педагогтерінің лауазымдық жалақыларына түзету енгізілген. Осы түзетуге сай білім беру ұйымдарының педагогтеріне біліктілік санаты үшін 30-50 пайыз көлемінде қосымша ақы қарастырылған. Бұл қосымша ақыны белгілеутәртібі мен шарттарын білім беру саласындағы орган айқындайды және қосымша ақы лауазымдық жалақыға нақты жүктеме ескеріле отырып белгіленеді.

Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Бертілеуованың айтуынша, жекеменшік білім беру ұйымдарында жұмыс істейтін педагогтерге үстемеақы төлеу мәселесі бүгінде проблемалық күйінде қалып отыр.

— «Педагог мәртбесі» туралы заң қабылданғаннан кейін меншік иелеріне қарамастан, барлық білім беру ұйымдарындағы педагогтердің жалақысы төрт жыл бойы 25 пайыз көлемінде арттырылып келеді.  Оған қоса педагогтерге біліктілік тестілеуден кейін тағайындалатын біліктілік санаттары бойынша  жалақысына қосымшасы 35-50 пайыз үстемеақы алуы тиіс. Қазір мәселе осы туралы болып отыр. Жоғарыдағы заңда бұл үстемеақы тек «мемлекеттік білім беру ұйымдарындағы педагогтерге» төленетіні айтылған. Және бұл үстемеақыреспубликалық бюджеттен бөлінеді, — деді ол.  Палатаның бөлім басшысы Нұрлан Махамбетовтің айтуынша, қаладағы 921 педагогтің 213-і ғана осындай үстемеақы ала алмай отыр.

«Бұл мақсатта қаржы республикалық трансферттен келеді, бірақ екі жылдан кейін облыстық бюджеттен қаралады. Сондықтан білім басқармасы құзырлыминистрлікке ұсыныс білдіруі керек», — деді өңірлік палата басшысы Сұлупан Шынтасова. Нұргүл Бертілеуова бұл мәселеге қатысты Білім және ғылым министрлігіне бірнеше рет ұсынысхат жолдағанын айтты. Өңірлік кәсіпкерлік палата өкілдері Білім және ғылым, Қаржы министрліктерінің осы мәселеге қатысты кейбір құжаттарына  толықтырулар енгізуі қажет деген пікірге тоқтады.

Кеңес отырысында қаралған екінші мәселе —  бизнес субъектілерін тауарлық газбен қамтамасыз ету. Ақтөбе облысы Кәсіпкерлер палатасының кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және әкімшілік кедергілерді азайту бөлімінің басшысы Нұрлан Махамбетовтің айтуынша, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ филиалы тарапынан газбен жабдықтау желілеріне қосуға техникалық шарттарды беруді тоқтата тұруы өңірдегі бірқатар жаңа және қолданыстағы жобаларды іске асыруға мүмкіндік бермей отыр.

— Аталған мекеменің қыркүйек-желтоқсан айлары аралығында газ көлемін жеткізбей, газдандырудың техникалық шарттарын беруді тоқтатуы инвестициялық жобаларды іске асыруды бұзуға және Ақтөбе қаласында ғана емес, облыс аудандарында құрылыс өнімдерін өндіруді тоқтатуға әкеліп отыр. Мәселен, «Экотон-Батыс», «Неохим» серіктестіктерінде, басқа да мекемелердің жұмыстарында кідіріс бар. Осы мәселелерді алға тартып, аталған акционерлік қоғамның Ақтөбе өндірістік филиалына хат жолдадық. Бұл хатымызға филиал қысқа-орта және ұзақ мерзімді перспективада жұмыс істеп тұрған газ тарату желілерін реконструкциялау және жаңғырту, сондай-ақ қала мен облыстың тұтынушыларын табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында жаңа газ құбырларын салуға қатысты жобаларды іске асыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарға байланысты бос және рұқсат етілген қуаттың жетіспейтінін, газдың қосымша көлемін жеткізу үшін ресурстық база жоқ екенін хабарлады. 2018 жылғы 27 желтоқсандағы «Табиғи монополиялар туралы» 204-VI – Қазақстан Республикасы Заңының 12-бабы 12-тармағының 1-тармақшасына сәйкес «реттелетін қызметтің талап етілетін көлемін ұсыну үшін қажетті табиғи монополия субъектісі желілерінің бос және қолжетімді қуаттары, сыйымдылықтары, орындары, өткізу қабілеті болмаған жағдайларда техникалық шарттарды беруден бас тартуға жол беріледі, —  деді ол.

Өңірлік кәсіпкерлер палатасы бизнес нысандарын тауарлық газбен қамтамасыз етудің өзектілігін ескере отырып,анықталған әкімшілік кедергі туралы бұйрықты рәсімдеп, оны кәсіпкерлер проблемаларының тізіліміне енгізу үшін «Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлер палатасының бизнес-реттеу және бәсекелестікті дамыту департаментіне жолдайтын болды.

 Мейрамгүл САТАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button