Жаңалықтар

Киелі жерлерге зиярат жасады

Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы отандық туризмді дамытуға үлес қосу мақсатымен «DarhanDala» жобасын қолға алды.

Осыған орай ақтөбелік имамдар Темір ауданындағы киелі жерлерде — Шұбарқұдыққа жақын жердегі Досжан хазірет Қашақұлы жатқан қорым мен Темір қаласындағы көне мешітте болды.

Бұл жөнінде облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі хабарлады. Киелі жерлерді зиярат етуге облыстың бас имамы Серікжан қажы Еншібайұлы бастап, Ақтөбе қаласы мен аудандардың имамдары қатысқан.

Имамдар Досжан хазіреттің кесенесінде болып, оның рухына Құран бағыштап, осы жердегі бұрынғы мешіт пенмедресе орнында жүргізіліп жатқан жұмыстармен танысты. Серікжан қажы Еншібайұлыосы киелі орынға келген қонақтармен жүздесіп, Досжан хазірет, бұрынғы ата-бабалардың ұстанған жолы төңірегінде әңгіме қозғады:

— Хазіреті Дос­жан ишан Қашақұлы— діни ұстаз-ағартушы, ірі ойшыл, өз дәуіріндегі қоғамдық және елдік мүдделерге етене араласқан көрнекті қоғам қайраткері. XIX ғасырда қазақтардың Мекке, Мәдина шаһарларына қажылық парызын өтеу сапарларын ұйымдастырып, көптеген игі істерге мұрындық болған. Қазақ шежіресіне қатысты деректер де жинаған. Біз Досжан хазіреттің өмір жолын зерделей келгенде, оның ихсан ілімін ұстанғанын аңғарамыз. Ақтөбеқазақ даласындағы ихсан ілімі кең қанат жайған өңірлердің бірі болған. Бүгінгі күні Бас мүфти Наурызбай Тағанұлының бастамасымен осы ілім кең түрде насихаттала бастады, — деді ол.

Ал Темір қаласындағы көне мешіт — ХХ ғасырдың басынан қалған тарихи ескерткіш. Имамдар бұл жерде зұлмат жылдарда қуғын-сүргінге ұшыраған қазақ даласының діни қайраткерлері рухына арнап Құран оқыды. Осы мешітті ұстаған Ахмет халфе де 1937 жылы ату жазасына кесілген.

— Дін қызметкерлері елдің, өлкенің тарихына да қызығушылықпен қарауы керек. Ислам бұл топырақта күні кеше пайда болған жоқ, ол — ата-бабаларымыздың ғасырлар бойы ұстанған діні. Ата-бабаларымыздың тарихы, діні, салт-дәстүрлері — бір-бірінен ажырағысыз, бірін екіншісінен бөліп қарауға болмайтын біртұтас дүние, — деді облыстың бас имам.

ҚМДБ-ның облыстық өкілдігі «Darhan Dala» жобасы аясында өңірдегі киелі жерлерге зиярат сапарларын одан әрі жалғастыруды көздейді.

И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button