Жаңалықтар

Жүлде қоры қайырымдылыққа бағытталды

Қайырымдылық турнирі

Ойыл селосында футболдан  қайырымдылық турнирі өтті. Бұл турнирдің ерекшелігі — салауатты өмір салтын насихаттау  болғанымен, басты  мақсаты — жастарды қайырымдылыққа, ауызбіршілікке шақыру.

Аудандық ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі,облыс орталығындағы «Аңсар» кеңес беру-оңалту орталығы» қоғамдық бірлестігі және аудандық мешіттің ұйымдастыруымен өткен қайырымдылық турниріне Ақтөбе қаласынан, Темір мен Ойыл аудандарынан 9 команда қатысты. Жүлдеге іліккен командалар мен ойын барысында жақсы өнер көрсеткен жастар «Үздік қақпашы», «Үздік шабуылшы» және «Үздік ойыншы» номинациялары бойынша марапатталды.

Турнирден түскен 100 мың теңге туабітті эпилепсия ауруына шалдыққан Байрам Жеңісұлының еміне берілді.  Байрам отбасындағы 6 баланың кенжесі. Қазір бес жаста. Аптасына екі рет Ойыл ауданының психологиялық-педогогикалық түзетім кабинетінен тегін массаж алады.

Қайырымдылық турниріне қатысуға ниет білдірген жастар көп болды. Әр команда жүлде үшін берілетін қаржыдан бас тартып, баланың еміне беруді бірауыздан мақұлдады. Еріктілердің мұндай шараға белсене атсалысқаны көңілді қуантып отыр. Турниргеарнайы келген қонақтарға алғысымызды айтамыз,—дейді мешіттің бас имамы Нұрсұлтан Серікұлы.

Байрамның анасы Гүлзира Досжанованың айтуынша, бала үш айлығында денесі тырысып ауырған. Жүрмейді, отыра алмайды, сөйлемейді.

Бес жыл бойы апармаған жеріміз жоқ. Бірақ үміт үзбейміз. Баланың жүріп кетуі үшін барлық ем-домын жасап жүрміз. Мемлекеттен жөргекке, дәріге көмек беріледі.  Қосымша дәрілерін сатып аламыз. Халық та көмектесіп жатыр. Айына бір рет ақшасына массаж жасатам. Балаға деген елдің де, мемлекеттің де қамқорлығы көп.  Аудандағы азаматтар, жастар 600 мың теңгедей ақша жинап берді. Оған Шымкент қаласына апарып, он күн ем жасатып қайттық. Содан кейін баланың қимылы жақсарып қалды. Сол кезде де мешіт имамы жамағаттан жиналған көмек деп ақша әкеліп тастаған. Жасаған жақсылықтары Алладан қайтсын, — дейді Байрамның анасы.

БаласынАқтөбе қаласындағы «Дару» оңалту орталығына жатқызып, тұрақты ем алып жүргенімен, Гүлзира Досжанованың ендігі үміті — Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларындағы ірі емдеу орталықтарына апару. Бірақ оған емделу үшін портал арқылы енгізу мүмкін болмай отырғандығын, өз қаражатына апаруға қолдың қысқа болып тұрғанын айтады. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы осыған көмектессе деген тілегін жеткізді көпбалалы ана.

Самат НАРЕГЕЕВ,

Ойыл ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button