Басты жаңалықтарДенсаулық

Екпе алыңыз, қорғаныңыз!

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне сүйенсек, биылғы жылдың ақпан айынан бастап облысқа 808 790 доза вакцина жеткізілген. Оның ішінде 507 800 дозасы — «Спутник V», 40 990 дозасы — «КазВак», 56 000 дозасы — «ХаятВак», 22 000 дозасы — «КоронаВак» және 182 000 дозасы — «CиноВак».

Әлі де өңірімізде екпе алу шаралары жалғасуда. Бұған дейін атап өткеніміздей, облыстағы мұғалімдер мен дәрігерлер, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің 100 пайызы вакцина салдырған. Сондай-ақ Ақтөбе қаласында және аудандарда өз еркімен барып, екпе алып жатқан тұрғындар көп. Сонымен…

 Қауіп әлі сейілген жоқ

2 қарашадан бастап облысымыз «жасыл» аймаққа енді. Дегенмен қауіп әлі сейілген жоқ. Сондықтан екпе алып, бетперде тағып, сақтанып жүрген абзал. Өңірде коронавирус жұқтырып, ауырып жатқандар әлі де аз емес.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бекболат Ізбасаровтың айтуынша, бүгінгі күні инфекциялық ауруханаларда 194 адам ем алуда (қала – 138, аудандар – 56). Реанимацияда 29 науқас (қала – 27, аудандар – 2) жатыр. 49 балаға COVID-19 диагнозы қойылса, бүгінде оның екеуі стационарға жатқызылған. Ал 26 жүкті әйел КВИ диагнозымен бақылауда тұр, оның 19-ы стационарлық ем алуда.

Карантиндік стационарларға 5 адам жатқызылған.

Өткен апталарға қарағанда, өңірдегі эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Қазір облыс бойынша инфекциялық кереует жүктемесі 29 пайыз болса, ал реанимациялық кереует жүктемесі — 31,2 пайыз. Резервтегі кереует саны — 2059.  

Ал екпе алуға келсек, 1 қарашадағы көрсеткішке сүйенсек, өңірде 338 224 адам вакцинаның бірінші компонентін, ал 309 251 тұрғын екінші компонентін салдырған. Әлі де екпе егу науқаны жалғасуда, — дейді ол.

Екпе алам десеңіз, емханаға барыңыз!

Індеттің алдын алудың жалғыз жолы вакцина екенін түсінген тұрғындар бүгінде қалалық емханаларға барып, вакцина салдыруда.

Ақтөбе қаласындағы №2 емхананың бас дәрігерінің орынбасары Марина Есетованың айтуынша, қазір бұл медициналық мекемеге қарасты 5 егу пункті бар. Оның екеуі Заречный-1,2 елді мекендерінде орналасса, біреуі — Орталық базар аумағында, енді бірі теміржол вокзалында және біреуі емханада жасақталған.

Биылғы жылдың ақпан айынан бастап біздің емханамызда 1-кезең бойынша 18 927, 2-кезеңде 18 246 адам вакцина салдырды. Жалпы, емханаға қарайтын тұрғындардың саны — 61 200. Емханада екі мобильді топ жұмыс жасайды. Олар шақырулар бойынша тұрғындарға медициналық қызмет көрсетеді. Мобильді топ құрамында бір дәрігер, бір медбике және жүргізуші бар. Қазір ахуал жаман емес. Әлі де екпе алуға келіп жатқандар бар. Жалпы, біз күн сайын емхана тұрғындарына екпе алудың маңызы мен қауіпсіздік шараларын түсіндіріп, жан-жақты жұмыс жасап жатырмыз, — дейді бас дәрігердің орынбасары.

Ал №1 қалалық емхананың дәрігер-эпидемиологі Дамир Есекеновтің айтуынша, бұл мекемеге қарасты тұрғындар арасында екпенің 1-компонентін 17 317 адам алса, 2-компоненті 15 794 адамға егілген. Қазір емханада вакцинаның бірінші компонентін екінші қабаттағы 218-кабинетте, ал екінші компонентін ғимараттың үшінші қабатындағы 320-кабинетте салады. Ол үшін емханаға қарасты тұрғындар өзімен бірге тек жеке куәлігін алып баруы керек. Емханадағы вакцинация кабинеттері таңғы 8.00-ден кешкі 20.00-ге дейін жұмыс істейді.

Айта кету керек, бұл емхананың емделушілері арасында биыл жыл басынан бері 2143 адамнан коронавирус анықталған, оның ішінде 228-і — бала, 26-сы — жүкті әйел.

Сондай-ақ №4 қалалық емханаға қарасты 70 610 тұрғынның 13 698-і екпенің 1-компонентін алса, 2-компонентін 11 687 тұрғын салдырған. Тұрғындар арасында екпе алу жұмыстары жалғасуда.

Аудандардағы ахуал қандай?

Бүгінгі күні вакциналау жұмыстары аудандарда да қарқынды жүргізілуде. Мәселен, Ойыл ауданында 4 мобильді топ құрылып, түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Аудан бойынша 7975 адамды егу жоспарланған. Бүгінгі күнге дейін екпенің бірінші дозасын 7610 адам алса, екінші дозаны 6000 адам алған.

Ойыл аудандық ауруханасының бас дәрігері Сәндібек Нұрбаевтың айтуынша, бүгінде ауданда 653 педагог, 247 медициналық қызметкер, 120 мемлекеттік қызметші, 246 студент, 24 құқық қорғау органының өкілі, сондай-ақ 4237 басқа да сала қызметкері вакцина алған.

— Қазіргі таңда ауданда 12-17 жастағы балалар мен жүкті әйелдер, емізуші аналарға Phizer-BionTech Comirnaty вакцинасы бойынша дайындық жұмыстары жүргізілуде.

Халыққа санитарлық-ағарту жұмыстары, медицина қызметкерлеріне семинарлар өткізіліп жатыр, — дейді бас дәрігер.

Ал Шалқар аудандық ауруханасының бас дәрігері Жангелді Былқайырдың айтуынша,

биыл аудан бойынша қауіпті топтағы 23 512 адамға вакцина салу жоспарланған.

Бүгінге дейін Шалқар ауданына барлығы 35 764 доза вакцина жеткізілді, оның ішінде «Спутник V» — 23200 доза, «КазВак» — 2720 доза,  «ХаятВак» — 3544 доза, «КоронаВак» — 2200 доза, «СиноВак» — 8400 доза. 

Қазіргі таңда ауданда қорда 444 доза 1-компонентті, 2666 доза 2-компонентті екпе бар. Ауданның ауылдық округтеріне жылжымалы егу бригадалары ұйымдастырылды. Сонымен қатар биылғы 6 шілдеден бастап вакциналау жұмыстарын қарқынды түрде жүргізу мақсатында халық көп жиналатын сауда орындарында («Сартай», «Нұрай»,  «Hi- tech», вокзал маңы, Орталық базар) жылжымалы егу пункті жасақталды. Осы іс-шаралар аясында 2055 адам екпе салдырды. Ал 31 қазан күнгі көрсеткіш бойынша ауданымызда 18819 адам екпенің 1-компонентін, 16465 адам 2-компонентін алған. Барлық деректер «Вакцинация» ақпараттық жүйесіне енгізілді, — дейді Ж.Былқайыр.

Хромтау ауданында бүгінгі күні 12 мобильді бригада жұмыс жасап жатыр. Бұл ауданда жыл басынан бері 1502 адам коронавируспен ауырған. Аудандық ауруханаға қарасты 45 966 тұрғынның 19 331-і вакцинаның бірінші компонентін, ал 16 783 адам екінші компонентін салдырған.

Қарғалы ауданында 10 399 адамға вакцина егу жоспарланған. Наурыз айынан бастап барлығы 21 560 доза вакцина жеткізілген. Қазіргі таңда қорда қалдықта 615 доза бар, оның ішінде 1-компонентті доза саны — 83.

Биылғы жылдың наурыз айынан бастап қарғалылықтар арасында 10 697 (102,8%) адам екпенің 1-компонентін алса, екпенің 2-компонентін 10 248 (98,5%) адам салдырған.

Ал Әйтеке би ауданында биылғы жыл басынан бері індет жұқтырған 268 адам тіркелген. Халық санына сәйкес қазір ауданда 4 мобильді топ жұмыс жасауда. Егу пункттері барлық медициналық мекемелерде жасақталған.

Ауданда вакцинаның 1-компонентін 9827,  2-компонентін 9149 адам алған. Денсаулық сақтау саласының мамандары қазіргі таңда тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстары қарқынды түрде жүргізіліп жатқанын айтады.

Екпе алғандар не дейді?

Әйгерім ЖҰМАЖАНОВА, педиатр дәрігер, Мұғалжар ауданы:

  • Биыл аудандық аурухананың медицина қызметкерлері індетке қарсы екпе алуда жерлестеріне үлгі бола білді. Сондай-ақ ақ халатты абзал жандар екпенің қауіпті аурудың алдын алуға септігін тигізетіндігін айтып, түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Вакцина салдырғысы келген адам арнайы қауіп-қатер тобына жатпайтынына көз жеткізуі керек. Осы салада жұмыс істеп жүргеннен кейін мен вакцинаның маңыздылығын жақсы түсінемін. Жақындарыма да вакцина салу қауіпсіздігіміздің бірден-бір кепілі екенін айтып келемін. Бірінші және екінші дозасын да алдым, өзімді жақсы сезіндім. Біздің аурухананың қызметкерлері аудандағы вакциналау жұмыстарына атсалысып, халыққа адал қызмет етуде. Екпе алғандар арасында ауру жұқтырған немесе кері әсерін тигізген жағдай тіркелген емес. Сондықтан мұғалжарлықтарды екпе алудан шет қалмауға шақырамын. «Сақтансаң, сақтаймын» деген қағиданы ұмытпайық!

Әйгерім Масабаева, жас маман, Ойыл ауданы:

— Мен отбасыммен екпе алу науқанына қатысып, «Спутник V» вакцинасын салдырдым. Жағдайым жақсы, ешқандай асқынулар болған жоқ. Қазіргі пандемия кезінде сақтанудың ең тиімді тәсілі — екпе алу. Егер індетті жұқтырып, денсаулығыңызға зиян келтіремін демесеңіз, вакцина алып, өзіңізді қорғаңыз. Мен отбасыммен ресейлік екпені таңдадым. Ендігі тілегіміз — қауіпті індет жер-жаһаннан жойылып, бұрынғы өмірімізге қайта оралсақ екен. Сондықтан барша жастарды өз денсаулығына немқұрайлы қарамай, екпе салдыруға шақырамын. Ауырмайық, ауруымызды жасырмайық!

Әсем БЕКЕНОВА, студент, Ақтөбе қаласы:

  • Біз, студенттер, биылғы жаңа оқу жылын офлайн форматта бастағанымызға ерекше қуандық. Себебі аудиторияда отырып білім алған өте пайдалы. Біз онлайн режимде оқыған кезде белсенділігіміз төмендеп, көп дүниеден құр қалдық. Белгілі тұлғалармен, ғалымдармен, сондай-ақ оқытушыларымызбен жүздесе алмай, талай маңызды, бізге берері көп іс-шараларға қатыса алмадық. Міне, енді жаңа оқу жылында жаңа достар тауып, әртүрлі қоғамдық шараларға қатысып, білім көкжиегімізді кеңейтіп жатырмыз. Мен офлайн форматқа көшкен соң ресейлік екпені салдырдым. Ешқандай асқыну, қызу болған жоқ. Қазір де өзімді жақсы сезінемін. Дегенмен індеттен қорғану үшін оқу процесінде үнемі бетперде тағып жүремін. Сақтанып, денсаулықты ойлап жүрейік. Себебі ең басты байлық — денсаулық.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button