Басты жаңалықтарЭкономика

Мұғалжар ауданы: екі ауылға газ келді

Облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің кезекті іссапары Мұғалжар ауданында жалғасты. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуымен, мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуымен танысып, бірқатар елді мекендерді аралады. Сондай-ақ көгілдір отын келген екі ауылдың қуанышына ортақтасты.

Ауыл көшелері жөнделді

Облыс әкімінің жұмыс сапары Ақкемер ауылынан басталды. Мұндағы күрделі жөндеуден өткен кіреберіс жолды қарап, келер жылы жүзеге асырылатын жобалармен танысты.

Ауылға кіреберіс жолдың жұмысын «Ақтөбе адал құрылыс» ЖШС күздің басында аяқтаған. Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасын орындау мақсатында қолға алынған жоба арқылы барлығы 1,1 шақырым автокөлік жолының төсемі жаңартылды.

Ақкемер ауылдық округінің әкімі Дамир Қожаниязовтың айтуынша,  былтыр ауыл ішіндегі төрт көше асфальтталған. Келер жылы ангар типтес спорт және футбол алаңдары, сервистік әкімдік ғимараты мен дәрігерлік амбулатория салынбақ. Бүгінгі таңда округтегі 4 елді мекенде 3 мыңнан астам тұрғын тұрады. Жылдан-жылға үйлер салынып, халықтың өсімі де байқалуда.

— Ақкемер — жолдың бойында орналасқан үлкен ауыл.  Көгілдір отын, ауызсу бар. Ендігі жерде халықты толық әлеуметтік нысандармен қамтамасыз етуіміз қажет. Бір ауылда бес көшенің асфальтталуы — үлкен жұмыс. Енді көп ұзатпай жаяу жүргіншілер жолын салуды да бастау керек, — деді облыс әкімі.

Елек пен Жұрынның қуанышы

Өңір басшысы Елек ауылындағы газ құбырын іске қосу рәсіміне қатысты. Ауыл тұрғындарын газбен қамту үшін мемлекет тарапынан 229 миллион теңгеден астам қаражат бөлінген. Елек ауылында 106 үй мен үш әлеуметтік нысан бар. Бұдан бөлек кезекте тұрғандарға жеке тұрғын үй салуға беру үшін 208 жер телімі дайын тұр.

— Елек ауылы тұрғындарының басты өтініші көгілдір отын мәселесі болатын. Биыл осы жобаны жүзеге асыруға мүмкіндік туды. Елді мекендеріңіздің келешегі зор. Ауылдың әрі қарай дамуы тұрғындарға да, яғни сіздердің еңбекқорлықтарыңыз бен бірліктеріңізге байланысты, — деді Оңдасын Оразалин.

Елек ауылына көгілдір отынның берілуі — ауыл тұрғындары үшін үлкен қуаныш.

— Мен осы ауылда тудым және осында тұрып келемін. Газды 54 жыл күттім. Бұл жаңалық біз үшін үлкен қуаныш болды. Үй тірлігі біршама азайды. Бір қыста көмір мен ағаш сатып алу үшін 200 мың теңгедей жұмсайтын едік. Бұл сондай-ақ қысқы отынға да үнем болды. Мемлекеттің осындай қамқорлығына ризашылығымызды білдіреміз, — дейді ауыл тұрғыны Нұржамал Ыбырашева.

Өңір басшысы әлеуметтік нысандарға, ең алдымен мектептерге газ құбырын қосуды тапсырды.

Сол күні Мұғалжар ауданындағы Жұрын ауылына да газ кірді. Бұл жобаны жүзеге асыруға 108 миллион теңге бөлінген. Қазір 1330 адам тұратын 292 үй, сонымен қатар 6 әлеуметтік нысан газбен қамтылмақ.

Биыл Тәуелсіздігімізге — 30 жыл. Алғашқы жылдары елімізге оңай болмағаны белгілі. Экономикалық байланыстар үзілді. Нарықтың қыспағына шыдамай, біраз мекемелер жабылып қалды. Дегенмен Елбасының ұстанған саясатының, халықтың сабырлылығы мен еңбекқорлығының арқасында егемендігімізді нығайтып, көптеген мәселелерді шешуге мүмкіндік пайда болды.

Жұрын — бұрын аудан орталығы болған ауыл. Соңғы жылдары газ кіргізу өзекті мәселеге айналып отыр еді. Бұл мәселе де шешілді.  Сондай-ақ былтыр ауылда үш көшенің жолына асфальт төселді. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасатын болады. Балалардың мектепке барар жолы балшық болмас үшін жаяу жүргіншілер жолы салынады. Аудан әкімі жергілікті мектеп ғимаратын қалпына келтіру қажеттігін жеткізді. Бұл жоба да қолдау табады. Өйткені ауыл өсіп келеді, бұрын көшіп кеткендер қайтып келіп, үй салып жатыр. Сондықтан бала саны да артады деген сөз, — деді ауыл тұрғындарымен тілдескен облыс әкімі.

Бұдан соң өңір басшысы ауыл тұрғыны Ахмет Өтеулиннің үйіне барып, көгілдір отынның келуімен құттықтап, жылы лебізін білдірді.

Шаһар көркейіп келеді

Қызметтік сапар Қандыағаш қаласында жалғасып, Оңдасын Оразалин былтыр «Жұмыспен қамтудың жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы арқылы күрделі жөндеуден өткен Орталық стадион қызметімен танысты.

Стадионда 500 адамға арналған мінбер мен 25 метрлік мылтық ататын тир бар. Мұнда футболдан, шахмат пен пауэрлифтингтен, дзюдо, самбо және қазақша күрестен оқу-жаттығулар өтеді.

— Футбол — ең сүйікті хоббиім. Төрт жарым жылдан бері осы спортпен шұғылданып келемін. Қазір стадионға жасанды көгал төселді. Жаттығуға өте ыңғайлы, — дейді Санжар Рау.

Орталық стадионға өткен жылы облыстық бюджеттен 76 миллион теңге бөлінген. Қазір мұнда 250 бала спортпен айналыса алады.

Биыл Қандыағашта бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында төрт көп қабатты үйдің қасбеті жаңартылды. Жұмыстың демеушісі  — «Кентавр» ЖШС.

— Былтыр қаланы абаттандыру, жарықтандыру мәселелері бойынша «Кентавр» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне 30 миллион теңге бөлінді. Қаражаттың бір бөлігі бос қаңырап тұрған ескі тұрғын үйлердің қасбеттерін сырлауға, көктемде еріген судың тасу қаупі төніп тұрған көшелерге суағар салуға жұмсалды. Бұдан өзге осы жылы қалада жалпы құны 37 миллион теңге болатын жаяу жүргіншілер жолы салынып, бірнеше аула жарықтандырылды. Нұрлы көш деген үлкен шағын аудан ашқалы жатырмыз. Жыл соңына дейін инфрақұрылым жүргізіп, 135 жер телімін беруді жоспарлап отырмыз.

Былтыр жұмыспен қамту бағдарламасы аясында 25 көп қабатты үйге абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ 44 көшеге заманауи лэд шамдар орнатылды, — деді аудан орталығын дамыту бойынша баяндаған Қандыағаш қаласының әкімі Талғат Өтемұратов.

Өңір басшысы саябақтар мен гүлзарларды ретке келтіріп, көп қабатты үйлерді жөндеуді және көшелерді түнгі жарықпен қамтуға көбірек көңіл бөлуді тапсырды. Сондай-ақ ол Қандыағаштағы денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылыс барысымен танысты. Мұнда келушілерге ойын, күрес және жаттығу залдарынан бөлек, үлкен бассейн де салынбақ. Спорттық кешенді келер жылы наурыз айында пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Оңдасын Оразалин бірнеше өндіріс нысанына да барды. Олардың қатарында газ-бетон құрылысына арналған бұйымдар шығаратын «Неохим» зауыты бар. Биыл зауыт 2 млрд теңгеге қайта қалпына келтірілді. Мұнда жылына 110 текше метрге дейін қабырға блоктары мен газ-бетондары шығарылады. Негізгі мәселе — зауытқа білікті кадрлар жетіспейді. Бұл сұрақ қазіргі таңда жергілікті колледжбен бірге шешілуде.

«Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша көрсетілген қаржылай қолдау «КазТермоГрупп» ЖШС-ның базальт минералды мақта шығаратын зауыт жұмысының жандануына да мүмкіндік берді.

Биыл мамыр айында жасалған қалпына келтіру жұмыстарының құны — 1,9 млрд теңге. Нәтижесінде бес жыл тұрып қалған өндіріс қайта іске қосылып, 230 адам жұмыспен қамтылып отыр. Кәсіпорынның жылдық өндірістік қуаттылығы — 30 мың тонна базальт минералды мақта шығару. Өнім ішкі нарыққа жеткізіледі, сондай-ақ Ресей және Өзбекстан елдеріне де экспортталады.

​Облыс әкімі өнімнің сапалы әрі халықаралық стандарттарға сай екенін айта келе, жұмысты одан әрі жандандыруды тапсырды.

Көпбалалы отбасылардың қуанышы

Оңдасын Оразалин Ембі қаласындағы Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасын орындау бағытында күрделі жөндеуден өткен С.Тілепбергенов атындағы көшені қарап шықты.

Қазіргі таңда Ембіде 320 орынға арналған жаңа мектептің құрылысы жүріп жатыр. Жыл соңына дейін қаланың барлық көшесі жарықтандырылмақ. Сондай-ақ жолдарды салу және жөндеу жұмыстары жалғасады.

Облыс әкімі Ембі қаласындағы 45 пәтерлік бес қабатты үйдің пайдалануға берілу салтанатына қатысты.

Күрделі жөндеуден өткен тұрғын үй жетім балаларға көпбалалы отбасыларға, әлеуметтік жағынан қорғалатын топтағы отбасылар мен бюджеттік қызметкерлерге берілді.

Баспаналы болғандардың бірі Ерлан Бірманов 2016 жылдан бері үй кезегінде тұрғанын айтады. 7 баласы бар отбасының қуанышында шек жоқ.

— Бүгін көпбалалы отбасы ретінде үш бөлмелі пәтерге ие болып отырмыз. Жаңа баспанамыз жаңа, жылы. Осы ретте қолдау көрсеткен барша азаматтарға шексіз алғысымызды білдіреміз, — деді Е.Бірманов.

Бұдан соң өңір басшысы көп жылдар бойы қараусыз қалған 90 пәтерлі бес қабатты тұрғын үйде жүріп жатқан жөндеу жұмыстарының барысын да қарап шықты.

Бұл тұрғын үй келер жылы кезекте тұрғандарға берілетін болады.

Жалпы, Мұғалжар ауданында тұрғын үйге мұқтаж 1600 адам кезекте тұр. Тұрғын үй мәселесін шешу мақсатында иесіз қалған ескі тұрғын үйлер сот арқылы коммуналдық меншікке алынып, облыстық бюджеттен 2016 миллион теңге қаражат бөлінген.

Бұдан бөлек Оңдасын Оразалин «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының демеушілігімен салынған спорт кешенін қарады. Құрылыс құны  228 миллион теңгеден асады. Жоба «Менің елім» әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы аясында жүзеге асырылған. Мұнда спорттың дзюдо, күрес, бокс, үстел теннисі, воллейбол, баскетбол мен футбол түрлері бойынша жұмыс жасайтын болады.

Бұл күні Ембі қаласында кәріз ағынын биотазартатын, қуаттылығы 3 мың текше метр болатын көптен күткен кешен іске қосылды. Бүгінде Ембіде 12 мыңнан аса адам тұрады. Кешен Мұғалжар ауданының экологиясын сақтауға едәуір үлес қоспақ.

Облыс әкімінің жұмыс сапары Жағабұлақ ауылында аяқталды. Онда Батпақкөл ауылдық округінің даму келешегі туралы баяндаманы тыңдап, биыл «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы аясында жөнделген ауыл ішіндегі бес көшені, ангар типтес спорт кешенінің құрылыс барысын қарап шықты. Спорт кешені келер жылы сәуір айында қолданысқа берілмек.

Жұмыс сапарының қорытындысында облыс әкімі аудан басшысына әлеуметтік-экономикалық көрсеткішті одан әрі дамыту, халықтың әл-ауқатын жақсарту, мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру жөнінде бірқатар тапсырмалар берді.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК,

Мұғалжар ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button