Жаңалықтар

Аяқкиімді цифрлық таңбалау басталды

1 қарашадан бастап елімізге шет мемлекеттен келетін аяқкиімдерді таңбалау  басталды. Енді аяқкиімдерде  Data Matrix штрих-коды болмаса, ел аумағына енгізуге тыйым салынады.

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар орталығында өткен «Аяқкиім мен темекі өнімдерін таңбалау туралы»брифинг барысында айтылды.

Тауарларды цифрлық таңбалау — Еуразиялық экономикалық одақ аумағында жүргізілетін ұлтаралық жоба.Қазақстан Республикасына енгізілетін аяқкиімдер 6401,6402,6404,6405 кодтары бойынша таңбаланады.

— Бұл жерде «Аяқ киімдерді таңбалау не үшін қажет?» деген сұрақ туындауы мүмкін. Мемлекеттің экономикасын көтеруде тауарларды таңбалау  өте маңызды, сондай-ақ ол арқылы тауарлардың ел аумағына заңды түрде кіргенін анықтай аламыз. Таңбалаған аяқкиімдерде Data Matrix штрих-коды бар белгі тұруы керек. Тағы бір айтатын жайт, уақытша сақтау қоймаларында тұрған, үлгі ретінде енгізілген, тәркіленген, Еуразиялық экономикалық одақ  өнімі ретінде қарастырылған, кедендік транзиті арқылы өтіп бара жатқан, duty free арқылы сатылған аяқкиімдерге таңба қойылмайды, — деді облыстық мемлекеттік кірістер департаменті кедендік әкімшілендіру басқармасының бас маманыӘмірхан Бисенбин.

Брифинг барысында мемлекеттік кірістер департаментінің мамандары темекі өнімдерінің таңбалануы туралы да ақпарат берді.

— Елімізде таңбаланбаған темекі өнімдерін сатуға бір жыл уақыт берілген болатын. 2021 жылдың 1 қазанынан бастап елімізде тек қана таңбаланған темекі өнімін сату міндеті қойылды. Темекі өнімдерін таңбалау, ең алдымен, көлеңкелі экономиканың үлесін азайтады және  контрафактілік өнімдерді оңай анықтауға мүмкіндік береді.Таңбаланған темекі өнімдерін Data Matrix штрих-коды арқылы білуге болады. Бұл код темекі өнімдерінің төменгі жағында орналасады. Яғни бұл код арқылы тұтынушы өнімнің өндірушісін анықтай алады, сондай-ақ тұтынушыға дейінгі айналымын көруге мүмкіндігі бар. Егер бұл мәселе бойынша тұтынушы тарапынан қандай да бір шағым болса, біздің мекемеге келулеріне болады, — деді облыстық мемлекеттік кірістер департаменті жанама салықтарды әкімшілендіру басқармасының басшысы Бекболат Көкшин.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button