Жаңалықтар

«Ақбереннің» үздігі — ақтөбеліктер

Байқау

Ақтөбедегі Шығармашылық академиясында Білім және ғылым министрлігінің «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен VIII республикалық «Ақберен» өнер байқауы өтті. Өнер додасына еліміздің барлық облысынан  8-11-сыныпта оқитын 108 оқушы қатысты.

Өнерлі өрендер 6 номинация — шешендік өнер, көркемсөз оқу, эссе жазу, ұлттық аспапта ойнау, ақындар айтысы, ақындар мүшәйрасы бойынша бақтарын сынады. Байқау барысында барлық санитарлық-эпидемиологиялық нормалар сақталды. Екі күн бойы өткен өнерлі өрендер додасының жабылу салтанатында облыстық білім басқармасының басшысы Жолдас Батырхан «Ақберен» өнер байқауы— ұлттың коды екенін айтып, оқушыларды өнерлі болуға шақырды.

Ақын, Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің оқытушысы, филология ғылымдарының докторы, профессор Аманжол Әлтай бастаған төрешілер құрамында еліміздің жоғары оқу орындарының оқытушылары, ақындар болды.

Республикалық ғылыми-практикалық «Дарын» орталығының директоры Тимур Нұркешевпен қазылар алқасының төрағасы Аманжол Әлтай сөз сөйлеп, байқау жеңімпаздарына дипломдар мен бағалы сыйлықтар тапсырды.

— «Алуан, алуан жүйрік бар, әліне қарай шабады»деп, атам қазақ айтқандай, екі күн бойы өнерлі өрендердің жүрек түбіндегі қайнар бұлақтан қайнап шыққан жақсы сөздерін естідік, өнерлеріне қанықтық. Болашақта ұлттың мерейін асқақтататын, Алаштың абыройын көтеретін, қазақ халқының көшінің алдына ес болатындай еңселі ұл-қыздардың өнерін көргенімізге, жүрегімізге түйгенімізгеқуанып, марқайып қайтып бара жатырмыз. Бала кезімнен өнер аламанына қатысып жүргендіктен, қатысушылардың бәйге болғанша талай түнгі ұйқыларын қиып, дайындалып, әлгі қырық күн бабы жеткен тұлпар секілді дайындығын пысықтап байқауға келгенін жақсы түсінемін. Төлеген ағамыз айтқандай, «Бәйге берем жығылған палуанға да, адалдығы сезіліп тұрар болса» демекші, осы додаға қатысқан әр оқушы — жеңімпаз. Ақтөбе төрінде өткен осы байқаудан әр баланың еліне, ауылына қуанып, мерейленіп қайтуына тілекшімін.

Оқушылардың осы байқаудан тапқан ең үлкен олжаларының бірі — дос табуы. Бұрын білмейтін қаншама жақсы балалармен танысып, телефон алмасты.Алдағы уақытта шығармашылық байланыста болады, бір-бірлерімен араласып тұрады.«Ақберен» байқауы — ұлттың өнерін, дәстүрін, бабалардан аманат болып келе жатқан байтақ өнерімізді насихаттауға, жастардың бойына сіңіруге бағытталған ұлттық жоба. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орайластырылған Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен сегізінші рет өткізіліп отырған байқау өз мәресіне жетті. Дәстүрлі «Ақберен» байқауы алдағы уақытта осы министрліктің бюджетіне енген, қаражаты бөлінген ордалы фестиваль болады деп есептеймін, — деді Аманжол Әлтай.

Төрешілердің мәлімдеуінше, командалық есепте  бірінші орынға Ақтөбе облысы  ие болды. Екінші орынды Қарағанды облысы иеленді. Үшінші орынды Батыс Қазақстан, Атыраужәне Алматы облыстары бөлісті.

Жекелей айтсақ, «Ақындар айтысы» номинациясындаІ орынғаАқтөбе қаласындағы№66 орта мектебінің 8-сынып оқушысы Арай Нұраддин лайық деп танылды. «Ақындар мүшәйрасы»номинациясында І орынғаАқтөбе облысы №4 Мәртөк орта мектебінің 11-сынып оқушысы Александр Маруаұлы ие болды.

«Шешендік, білгірлік»номинациясында өзінің тапқырлығын көрсете білген Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданы Ростовка тірек мектебінің11-сынып оқушысыАқбота Серікжан І орынға шықты. «Эссе жазу» номинациясында Батыс Қазақстан облысы Орал қаласындағы Ә.Молдағұлова атындағы № 38 мектеп-лицейінің 11-сынып оқушысы Ақжарқын Тілекқалиеваның жазған шығармасы үздік көрінді. Ал «Көркемсөз оқу» номинациясының І орын иегері — Атырау облысы Қызылқоға ауданы Мұқыр орта мектебінің 10-сынып оқушысы Нұрай Сисенбай болса, «Ұлттық аспапта өнер көрсету» номинациясында «Байжұма» күйін шебер орындай білген Қостанай облысы Рудный қаласы, Б.Майлин атындағы №7 мектеп-гимназиясының 9-сынып оқушысыМарк Ли жеңімпаз атанды.

«Ақындар айтысының» жүйрігі Арай Нұраддиннің жетекшісі Нұрболат Дәуітовті сөзге тарттық.

— Арай — оқу озаты. Мектепішілік шаралардың ұйытқысы. Бесінші сыныптан бастап қалалық оқушылар арасындағы ақындар айтысына қатысып, төл өнерге қызығушылығы оянды. Қазірде сөз саптауы ширап, төселе бастады. Былтырғы оқу жылында өткен республикалық «Жыр алыбы — Жамбыл» оқушылар арасындағы ақындар айтысында облыс намысын абыроймен қорғады. Жүлдегер атанғанына қуанып қалдық, алдағы уақытта да облыс намысын қорғайды деп сенемін, — дейді жетекшісі Н.Дәуітов.

Байқаудан соң Марк Лидің әжесімен телефон арқылы сөйлескен болатынбыз.

— Күйеубалам — кәріс жігіті. Марк — бізге жиен. Өзі солақай. Бірақ домбыраны оң қолымен ұстады. Атасы Қуантай есті әндер мен күйлерді тыңдатып, өнерге баулыды. Содан кішкентай кезінен бастап домбыраға қызыққан Марк 4-сыныптан бері Рудныйдағы №21 музыкалық мектепке барады. Биылдан бастап музыкалық колледждегі білікті мамандардан қосымша сабақ алып жүр. Нотаны толық меңгерген. Музыкадан дәріс беріп жүрген жетекшісі Ботагөз Жамянқызына алғыс айтамыз. Айтпақшы, «өнерлі болсын» деген тілекпен алғашқы домбырасын да, қазіргі домбырасын да тапсырыспен арнайы жасатып алдырғанбыз. Жиеніміз биіктерден көріне берсін, тіл-көзден аман болсын! — дейді Марктің нағашы әжесі Айсұлу Оразова.

Эссе жазуда үздік көрінгеноралдық Ақжарқын Тілекқалиева:

— Ұстазым — Ыбырай Алтынсарин медалінің иегері Гүлзиһан Тасқарина. Жалпы, «Ақберенге» алғаш рет қатыстым. Осыған дейін сәуір айында болған Абай атындағы республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын орта мектеп-интернаты ұйымдастырған Абай оқуларынан І орынға ие болдым.Сонымен қатар қалалық, облыстық қазақ тілі мен әдебиеті пәні олимпиадасынан жүлдегермін. Сөз өнеріне бала күннен қызығамын. Әсіресе жазбаша эссе, шығарма жазған қатты ұнайды. Ақтөбенің көрікті жерлерін араладық. Ұнады,  — дейді.

 Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button